Ай санап халықтың банкке қарызы ұлғайып келеді. Турасын айтқанда – тұтынушылық несие көлемі артқан. 8 айдың қорытындысы бойынша тұтынушылық қарыздар 2020 жылмен салыстырғанда 23,8 пайызға, яғни 5,4 трлн теңгеге дейін көбейіпті.
Ерекше қарқынмен көбейген несие үлесі ішкі жалпы өнім (ІЖӨ) мен халық табысының номиналды өсімінен едәуір асып түскен. «Бұл тұтынушылық кредит беру нарығындағы тәуекелдердің артуын растайды» дейді Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі. Олардың хабарлауынша, елдегі экономикалық өсудің қалпына келуі аясында тұтынушылық сұраныстың артуы, тұтынушылық қарыздар бойынша орташа мөлшерлеменің төмендеуі, сондай-ақ банктердің скорингтік модельдерін жетілдіру және тәуекелдерді жақсы болжау мүмкіндігі тұтынушылық несие көлемінің өсуіне әсерін тигізген. Өз кезегінде банктердің онлайн-сервистерді дамытуға баса көңіл бөле бастауы да – халықтың несиеге деген ықыласын арттырған бірегей себеп.
Жеке тұлғаларға несие беру тұрғысынан Kaspi Bank-тің үлесі жоғары – 33,9 пайыз. Екінші орынға 24,1 пайызбен «Қазақстан Халық банкі» орналасса, одан кейін 7,9 және 7,8 пайызбен «Сбербанк» және «Еуразиялық банк» тұр. Дерекке қарасақ, жыл басынан бері ұсынылған тұтынушылық қарыздардың 88 пайызын үш банк – Kaspi Bank, «Қазақстан Халық банкі» және «Сбербанк» берген. Ал қарыз алушылардың 72 пайызында кредиттер бойынша берешек борышының орташа сомасы 339,2 мың теңге болатын, 1 млн теңгеге дейінгі сомада қарызы бар. Тұтынушылық кредиттер бойынша қарыз алушылардың негізгі үлесі еліміздің ірі қалалары – Алматыда (24,1 пайыз), Нұр-Сұлтанда (9 пайыз) және Шымкентте (7 пайыз) шоғырланған.
«Банктердің кепілсіз тұтынушылық қарыздары бойынша 1 млн теңгеге дейінгі сомадағы кредиттер бойынша ай сайынғы төлемнің орташа сомасы – 28,3 мың теңге. Тұтынушылық қарыздардың сапасы оң серпінді көрсетіп отыр. 90 күннен астам мерзімі өткен берешектің деңгейі 2020 жылдың қорытындысы бойынша 6,8 пайыздан төмендеп, 2021 жылғы 1 қыркүйекте 5,3 пайызды құрады. Тұтынушылық кредит беру тәуекелдерін шектеу үшін банктердің қарыз алушының борыш жүктемесінің коэффициентін есептеу міндеті белгіленген. Яғни банктер қарыз беру кезінде қарыз алушының мерзімі өткен төлемдер сомасын қоса алғанда, барлық өтелмеген қарыздар бойынша барлық төлемдері оның орташа айлық кірісінің 50 пайызынан аспауға тиіс екенін ескеруі тиіс» делінген агенттік хабарламасында.
Бұған дейін агенттік тұтынушылық кредит беру тәуекелдерін бақылау үшін шаралар қабылдаған болатын. Барлық кепілсіз тұтынушылық қарыздар бойынша ақы төлеу мерзімін 90 күнге кешіктіргеннен кейін тұрақсыздық айыбы мен комиссияны есептеуге тыйым салынды. Бұл ретте төлемге қабілетсіз тұлғаларға қарыз берудің алдын алу мақсатында табысы ең төменгі күнкөріс мөлшерінен аспайтын азаматтарға қарыз беруге тыйым салынған. Банктер жаппай тұтынушылық несие беруден тартынуы үшін банктердің осындай кредиттер бойынша жеке капиталының жеткіліктілігіне (150 пайыздан бастап 300 пайызға дейін) деген талаптар да екі есе ұлғайған.
Сонымен қатар проблемалық берешектің өсіміне жол бермес үшін 2021 жылдың 9 сәуірінен бастап қарыз алушыға кредиттік бюро жүйесінде «оңалтылған» мәртебесінің тағайындалуын көздейтін оңалту тетігі енгізілген еді. Қазіргі уақытта 1,9 млн азамат «оңалтылған» мәртебесіне ие. Осы орайда агенттік өкілдері азаматтардың қарыздар бойынша борыш жүктемесінің өсімін шектеу үшін кепілді банктік қарыздар бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемелерінің шекті өлшемдері 16 пайыздық тармаққа дейін (56 пайыздан бастап 40 пайызға дейін) азайтылғанын айтады. Кепілсіз банктік қарыздар бойынша 56 пайыз деңгейінде сақталмақ. Сонымен бірге ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша 31 пайыздық тармаққа (56 пайыздан бастап 25 пайызға дейін) төмендетілген.
Қазіргі кезде агенттік Ұлттық банкпен бірлесіп, борыш жүктемесі коэффициентін, жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесін және кепілсіз тұтынушылық қарыздар бойынша капиталды есептеу тетіктерін жетілдіруді қамтитын тұтынушылық кредит берудегі тәуекелдерді ұстап тұру бойынша қосымша шараларды пысықтап жатыр.