• RUB:
    5.06
  • USD:
    508.05
  • EUR:
    534.82
Басты сайтқа өту
14 Ақпан, 2014

Әріптестің үш туындысы

678 рет
көрсетілді

Журналистік жолымды бас­тап, табаны күректей жиырма екі жыл бойы тер төккен, ыс­тығына күйіп, суығына тоңған Қостанай облыстық «Қостанай таңы» газеті мен үшін ерекше ыстық. Сол қарашаңырақта болып жатқан шығармашылық ізденіс пен өзгерістерге үнемі құлақ түре жүремін. Кезінде негізін Мұхамеджан Сералин, Бейімбет Майлин сияқты ұлты­мыздың біртуар ұлдары салған үнпарақта сол асыл ағалардың жалғасындай болған талай қа­рым­ды қаламгерлер қазір де еңбек етеді. Солардың бірі – «Қос­танай таңы» газеті бас редак­торының бірінші орынба­сары, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одақтарының мүшесі, Мәдениет қайраткері, Қазақстанның құрметті журналисі Сәлім Меңдібаев. – Бүгінде мен өзімді кезінде Би-ағаң атқарған жұмысты жал­ғастырып жүргендей сезінемін. Ал бұл ерекше жауапкершілік, – дейді әріптесім. Сондықтан да болар, осы ұжым­да қырық үш жыл бойы абы­ройлы еңбек етіп келе жатқан Сәлім Тоқмырзаұлы үнемі жаңа бір бастамаларға мұрындық болып жүреді. Ана бір жылдары редакция тіршілігіне ерекше бір серпін берген газеттің жастарға арналған «Намыс», әйелдерге арналған «Ақсұлу», тарихи-танымдық «Зер­­де» қосымшаларын осы Сә­кең өзі бас болып, оқырмандар на­зарына ұсынды. Өткен 2013 жылы жазушы-журналист қаламынан үш бір­дей тамаша кітап «Қостанай таңы­ның» кітапханасы» сериясымен дүниеге келді. Бірінші кітап «Тұмарымыз – Түр­кістан» деп аталады. Оған автор­дың жетекшілігімен осындай айдармен газет бетінде жа­рық көрген очерк, деректі әңгі­мелер мен жолжазба­лар топ­тастырылған. Бұл күндері қа­сиет­ті Түркіс­танда Қос­танай-Тор­ғай өңі­рінен шыққан то­ғыз бірдей баһадүр ба­бамыздың жер­ленгені белгілі болып отыр. Олар: Шақшақ Жәнібек, Қара­балуан Алдиярұлы, Мешіт­бай Сүгірұлы, Мерген Бабас­ұлы, Бекбаулы Өтейұлы, Әлі­бек Құдайбердіұлы, Айт­пай Аткелтірұлы, Шобан Жаман­құлұлы, Мадияр Жауғаштыұлы. Бұ­лардың бәрі кешегі Жоңғар шапқыншылығы кезінде Қазақ елінің тәуелсіздігі үшін қан мен тер төккен тарихи тұлғалар. Сол бабалар ерлігін насихаттау­да бұл тарихи-танымдық туындының алатын орны ерекше. Автордың екінші кітабы «Біздің елдің жігіттері» деп аталады. Бұл еңбекте есімдері бүкіл елге әйгілі мемлекет және қоғам қайраткері Ілияс Омаров, ғұлама ғалымдар Өмірзақ Сұлтанғазин, Жұмағали Ысмағұлов, Сағындық Сатыбалдин, Жанкелді Отарбаев, ауылшаруашылық өндірісінің көшбасшылары Жәзит Құдайқұл, Сайран Бұқанов, Өмірзақ Ихти­ляпов сияқты талай танымал аза­маттардың бейнесі сомдалады. Ал «Армысың, алтын таң!» атты кітап шыға бастағанына тоқ­сан жылдан астам уақыт бол­ған «Қостанай таңында» соң­ғы он-он бес жыл көлемінде жария­ланған Сәкеңнің таңдамалы шығар­маларынан тұрады десек, қате айтқандық болмас. Бес тараудан тұратын туындыда журналистің әртүрлі тақырыпты қамтыған ой-толғамдары өз оқырманын табады деп кәміл сеніммен айта аламыз. Журналистік алғырлығы мен жазушылық шеберлігін таныт­қан әріптесіміз бұдан бұрын да «Жүрек лүпілі», «Еменнің айыр бұтағы», «Мөп-мөлдір дүние», «Еркімбайдың Сұлтаны», «Те­рең тамыр» атты кітаптар жазып, жариялаған болатын. Ал «Қос­танай таңының» кітапханасы» серия­сымен шыққан соңғы үш туын­дысы әріптесімізді биік тұ­ғырға көтерген келісті еңбек болып есептеледі. Қайсар ӘЛІМ, «Егемен Қазақстан».