Қателеспесек, Еуропадағы санақ бойынша, жыл сайын ең өтімді елу кітаптың қатарында Шыңғыс Айтматовтың да шығармалары бар екен. Бұл бауырлас қырғыз елімен қатар біз үшін де үлкен қуаныш. Әлем таныған Айтматовтың бізге бөтендігі жоқ, керісінше, етене жақын. Мәңгілік шығармаларымен ел жадында сақталған классиктің ұлы Элдар Айтматовпен сұхбаттастық.
Нобель сыйлығын алмай қалдым деп мұңайған жоқ
– Әкеңіз Шыңғыс Айтматов қазаққа етене жақын тұлға еді. Ол кісінің есімін «Шыңғыс» деп қазақ ғалымы Бейсенбай Кенжебаевтың қойғандығы, жоғары білімді маман ретіндегі тұңғыш еңбек жолы Қазақстанда басталғаны, Мұхтар Әуезовпен дос болуы осы сөзімізді растайды. Әкеңіздің бүкіл әлем таныған жазушы екенін білген сәтте қандай көңіл күйде болдыңыз?
– Әкем өте ұқыпты адам еді, оны қасында жүрген жандар жақсы біледі. Әке ретінде үйде өте мейірімді, өзгелерге күйінгіш жан. Әрине, үлкен жазушы болған соң, ол кісінің бос уақыты болмайтын. Бірақ мен жазушы екенмін деп отбасына, балаларына көңіл бөлмей қалған сәті болған емес. Балаларына тәрбие беру, олардың білім алуына көмектесуге барын салатын. Ал сіздің сұрағыңызға оралсақ, мен жас күнімде әкемнің ел білетін, құрметтейтін беделді адам екенін білетінмін. Біздің үйден қонақ үзілген емес. Солардың ішінде елге белгілі адамдар да болушы еді. Ал есейіп, азамат болған соң әкемнің танымал жазушы екенін білдім. Шынымды айтсам, ол кісінің біздің ұлттың мәдениетіндегі, руханиятындағы орасан зор үлесін танып жеттім. Тіпті, жас ретінде бойымды мақтаныш сезімі де кернеген сәттер де болды. Сонымен қатар күнде қасымда жүрген қарапайым адам осыншама туындыларды қашан жазған, қалайша үлкен масштабтағы дүниелерді елге ұсынған деп жиі ойлайтынмын. Кейде бұл құбылысқа сенбей, аңтарылып та қалатынмын. Оның жүйрік қаламынан туған шығармалары, терең ойлары ұлттық мәдениетке қосқан алтын қазынасы екені шындық. Уақыт өткен сайын әкемнің ашылмаған қырлары белгілі болғандай сезіледі. Әке туралы ойлау, іздену, оның қадір-қасиетін білу оның ұрпағы болған мен үшін мәңгі тоқтамас үрдіс.
– Әкеңізге Нобель сыйлығы берілгелі жатқанда, шешім өзгеріп, ол сыйлықты Горбачев алғанын білеміз, бұл қиянатты әкеңіз қалай қабылдады?
– Ашығын айтсам, мен өмірімде әкемнің бірдеңеге қатты кейіп, ашуға басып немесе кек сақтағанын көрген де, естіген де емеспін. Тіпті ол кісінің біреудің артынан ғайбат айтуы былай тұрсын, біреу туралы ыңғайсыз сөз айтылып жатса да назар аударған емес, ондай ұсақ-түйек істерге көңіл бөлмейтін. Оның ішкі дүниесі терең, мақсаты айқын болғанын жақсы білемін. «Ана сыйлықты алмай қалдым, мына іс мынадай болды» деп бірдеңеге қапаланғанын көрген жоқпын. Тіпті ондай сөздер ол кісінің аузынан шыққан да емес. Менің білуімше, әкем жеке басының немесе қызығушылығына байланысты істерге емес, кейде жаһандық ірі мәселелер төңірегінде бас қатырған болуы керек. Ал сіз сұрап отырған сұрақтың жауабы былай, әкем Нобель сыйлығын алмай қалдым деп ешқашан мұңайған жоқ. Тіпті, бұл сыйлық туралы өзара сөйлескеніміз есімде қалмапты.
Әкемнің әр шығармасында тазалық бар
– Танымал тұлға кімдермен жиі сырласушы еді?
– Әкем көбінде ел сыйлаған азаматтармен бірге жүрді, дос болды. Әрине, өзі еңбек еткен мәдениет саласындағы адамдармен үздіксіз барыс-келіс жасап жүрді. Әкем қырғыз елінің ұлы манасшысы Саяқбай Қаралаевты пір тұтты. Қырғыздың ең мықты адамы осы кісі деп айтып отыратын. Ал Қазақстанның үлкен ақыны Мұхтар Шахановпен бірге туған бауырдай араласып, жақын дос болып өтті, оны өте жақсы көретін. Әкемнің достары санап тауысқысыз, олардың атын мұнда тізбелеп айту да бір қиындық.
– Ол кісінің жарияланбаған туындылары бар ма?
– Аяқталмай қалған көп шығармалары бар. Оларды кәсіпқой текстологтерге қаратып алған соң, жарияласақ деген ойымыз бар.
– Әкеңіздің шығармаларынан өзіңізге қай туындысы жақын? Сіздің балалық шағыңызды немесе сол сәттегі өміріңізді көз алдыңызға әкелетін қай шығармасын айтар едіңіз?
– Әкемнің әр шығармасы мен үшін аса қымбат, олар менің жүрегімнен терең орын алған. Әр шығармасының өзіне тиісті әуені, қоғамда алатын орны бар. Балалық шағымды көз алдыма келтіретін шығармаларын айтар болсам, онда «Ақ кеме», «Жәмила», «Алғашқы мұғалім», «Ерте қайтқан тырналар», «Қош бол, Гүлсары», «Атадан қалған тұяқ» атты шығармаларын атар едім. Әкем жазған бұл туындыларда қайталанбас тазалық бар.
– Әкеңіз туралы қандай жақсы естеліктер ойыңызға жиі оралады?
– Әрине, әкем туралы есте қалған жақсы сәттер өте көп. Қай бірін айтайын. Мен есейгенде, әкем қайда барса да мені бірге ертіп жүрді. Ол кісі екеуіміз көптеген қаланы бірге араладық. Тіпті іс-шараларға әкеммен бірге баратынмын. Әкем екеуіміз көп әңгімелесетінбіз. Жас өткен сайын әкеммен бірге жүрген сәттер ойыма оралып, біресе сағынып мұңайсам, енді бірде қуанамын. Кейде қиындықтарға дөп келгенде, шешім қабылдай алмаған кезде «Әттең, әкем тірі болса ғой» деп ойлаймын. «Әкем менің орнымда болса, бұл мәселені дұрыс шеше алар еді» деп те жорамалдаймын. Сосын әке рухын биіктетіп, ол кісінің атына кір келтірмеу үшін әр ісімді байыппен істеймін.
– Шыңғыс Айтматовтың ұлы болудың қандай жауапкершілігі бар? Әке аманатын қалай орындап жүрсіз?
– Шыңғыс Айтматовтың ұлы болу – үлкен жауапкершілік. Себебі менің әкемнің аты алысты шарлады, шығармаларын дүние жүзі оқырмандары қызыға оқыды. Ол кісінің құнды мұрасын қаз-қалпында сақтау, оны насихаттау да үлкен шаруа. Бұл іс те күш-қуатты, тазалықты, ұрпақ парызын талап етеді. Шыңғыс Айтматовтың ұлы деген қалпақты киіп жүру үшін соған лайық болуым керек. Ал әлі жүзеге асыра алмаған істерімді болашақта орындаймын деген сенімдемін, бұл менің перзенттік міндетім.
– Сіз қазір Айтматов атындағы Халықаралық қорға жетекшілік етесіз, бұл қордың басты мақсаты қандай?
– Әкем 2003 жылы өзі Халықаралық қор ашты. Бұл қордың мақсаты – өсіп келе жатқан жас буынның білім алуына, олардың тұрмысындағы кездескен қиындықтарға қолұшын беріп, елдің ертеңі болған жастардың экстремистік сипаттағы іс-әрекеттердің құрбаны болуына жол бермеу еді. Әкем өмірден өткеннен кейін мен осы фондқа жетекшілік етіп келемін, осы фондтың президентімін. Аталған фондтың қазір істеп жатқан әрі болашақта істеуге жоспарлаған жобалары өте көп. Менің ендігі мұратым – әлем таныған жазушы әкемнің артына қалдырған мол мұрасын оқырман санасына жеткізіп, тіпті де оқылымды болуына жағдай жасау болмақ.
– Айтматов әулетінде ата жолын қуып, қолына қалам ұстаған ұрпақ бар ма?
– Әпкем Шырын Айтматова әдебиеттанушы, осы салада еңбектеніп жүр, шығармаларын ағылшын тілінде жазады.
– Қазақ-қырғыз әдебиетінен қай жазушылардың шығармаларын оқып жүрсіз?
– Қазақ әдебиеті туралы айтсақ, әрине, Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» атты романы ұлы шығарма. Бұл шығарманы оқымау мүмкін емес. Ал қырғыз жазушыларының ішінде Әшім Жақыпбековтің «Тәңірі Манас» атты шығармасы шедевр. Бұл шығармаларды қайталап оқи бергің келеді.
– Уақыт тауып сұхбат бергеніңізге рахмет.
– Сізге де рахмет.