• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Экономика 20 Қазан, 2021

Жол проблемасы – оның күтіміне қырын қараудан

1348 рет
көрсетілді

Миллиардтап құйылған қаражаты болса да, еліміздегі жол сапасына қазақстандықтардың көңілі толмайды. Ал Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі 5 жылдан кейін жолдың 95 пайызы айнадай жарқырап жатады деп уәде беріп отыр. Алайда еліміз жол сапасы бойынша әлемдік рейтингте 141 елдің ішінде 93-орында. Жуырда «Большая неделя» студиясында елдегі жол мәселесі талқыланып, жұрттың сыны мен тілегі шенеуніктердің құлағына жетті.

Бағдарлама жүргізушісі Денис Криво­шеев жолдардың 25 мың шақырымы рес­пуб­ликалық маңызы бар жол екенін, бірақ оның көп бөлігі көңіл көншітпейтін жағдай­да екенін алға тартып, спикерлердің пікірін білді.

ИИДМ Автомобиль жолдары комитеті төр­ағасының орынбасары Жамбыл Бах­тияр әңгімеге арқау болып отырған рес­пуб­­ли­калық маңызы бар жолдардың жалпы ұзын­дығы 25 мың шақырым екенін айтты.

«Бүгінге дейін 13 мың шақырым жол салдық. 2025 жылға дейін тағы 12 мың шақырым жол салып, Қазақстандағы барлық жолды нормативтік стандартқа келтіруіміз керек. Бүгінде біз 3,6 мың шақырым жолда құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Жыл қорытындысында 2,2 мың шақырым жолды аяқтауымыз керек. Бұл бірінші кезекте Талдықорған – Өскемен бағыты – 763 шақырым. Қарағанды – Алматы, Қарағанды – Нұр-Сұлтан, мұнда біз толықтай төрт жолақты жол салып жатырмыз. Меркі – Бурылбайтал жолын да салып жатырмыз – 266 шақырым, Меркіден Шуға дейін бірінші техникалық санатта төрт жолақты жол болады, Шудан Бурылбайталға дейін қос жолақты жол болады», деді ол.

Сондай-ақ бағдарлама спикері батыс­та құрылыс-монтаж жұмыстары жүріп жатқан жолдарды атады.

«Ақтөбеден Атырауға, сосын Астра­хан­ға толықтай 877 шақырым жолда құ­ры­лыс-монтаж жұмыстарын жүргізіп жатыр­мыз. Биыл Қандыағаштан Атырауға дейінгі жолды толықтай аяқтаймыз», деді Ж.Бахтияр.

Автомобиль жолдары комитетінің өкілі бұл жұмыстарға қанша шығын жұмсалатынын да әңгімеледі.

«Биыл автожол саласының жалпы бюджеті 750 млрд теңге, оның 400 млрд теңгесі республикалық жолдарға арналған. Ал 2025 жылға дейін үшке көбейтуіміз керек, себебі жыл сайын осындай сома қажет», деді ол.

Алайда шенеуніктің цифр тілімен дәйектей сөйлеген сөзіне travel-блогер Жұлдыз Рахметтің көңілі толмағаны анық. Жиһангез блогер бағдарламаға шақырту алғанында қандай жолдармен жүріп өткенін, қанша шақырым сапар шеккенін, жол сапасы нашар екенін өз көзімен көргенін айтты.

«Нұр-Сұлтаннан Қостанай арқылы Бөкей ордасына дейін сапарладық. Бұл жақта жол жоқ деуге болатын шығар. Ал Алматы – Нұр-Сұлтан бағыты қазір қалай екенін білмеймін, бірақ жөндеу көрген жолдардың сапасы да көңіл көншітпейді», деді блогер.

Оның сөзін тағы бір спикер қостады. «Екі астананың ортасында 30 жылда жақсы жол сала алмауымыз ұят» деген де пікір айтылды.

Бағдарлама ортасына таяғанда әлем елдеріндегі бір шақырым жол құрылысын салуға жұмсалатын қаражат рейтингі әңгімеге арқау болды. Мысалы АҚШ-та бұл сома 4-6 млн доллар болса, Болгарияда – 3,1 млн еуро, Румынияда – 6,3 млн еуро, ал Қазақстанда бір шақырым жол салуға шамамен 2 млн доллар қажет екен. Бұл төрт жолақтысы, ал екі жолақты жолға соның тең жартысы ғана жұмсалады екен.

Экономика ғылымдарының кандидаты Сапарбай Жұбаев Еуропадағы жолға жұм­салатын қаражаттан Қазақстандағы жол­ға жұмсалатын шығын 1,5 есе немесе 40 па­йызға көп болуы тиіс екенін дәйектеді.

«Себебі Еуропа мен Қазақстанды немесе Ресейді салыстыруға болмайды. Ол жақта климат қолайлы, бір рет жол салып қойсаң, мысалы Араб елдерінде жолдар 100 жыл бойы тұрады. Қар да, жаңбыр да жоқ. Ал бізде жазда 40 градус аптап, қыста 40 градус аяз, жазда балқиды, қыста жарылады. Сондықтан біздің жолдар 40 пайызға қымбат болуы тиіс. 40 пайызға көбейтуіміз керек болса, бар мәселе бюджетке келіп тіреледі. Біздің елде әлеуметтік мәселелер шешілмейінше, жол сапасын жақсартамыз деуіміз құр ниет пен болжам күйінде қалуы мүмкін. Әрине, біз жол салуымыз керек. Бірақ жұмсалып қойған қаражаттың өзі тиімсіз қолданылып жатыр. Сіз жаңа жол сапасынан 93-орындамыз деп қалдыңыз, ал біз жемқорлық бойынша рейтингте 120-орындамыз. Жол саласы жемқорлыққа батқан», деп түйіндеді сөзін С.Жұбаев.

Алайда «Қазавтожол» ҰК» АҚ баспа­сөз хатшысы Диас Ахметшәріп мәселе­нің басқа қыры барын еске салды. Ол бюджеттен ақша бөлуге қарағанда, оның күтіміне қаражат бөлудің маңызына тоқталды.

«Норматив бойынша 46 млрд теңге бөлінуі керек болса, бізге 18 млрд бөлінді. Сондықтан ақылы жол енгізіп жатырмыз. Жол арқылы түсетін қаражатты сол жолдардың күтіміне жұмсаймыз. 2013 жылы Нұр-Сұлтан – Щучинск автожолын ақылы қылдық. 7 жыл бойы тариф өзгермеді. Бұл өзгермейді де, министрліктің мұндай шешімі жоқ. Сол жеті жылда қаражат жиналып, техника сатып алынып, жол қазір жақсы сапада тұр. Біз осыған мән беруіміз керек. Сол сияқты басқа да жолдарда ауыр жүк көліктері жолды бүлдіретіндіктен, сол жолға күтім жасау үшін ақылы учаскелер ашуға мәжбүрміз», деді Д.Ахметшәріп.

Осыдан кейін студиядағы талқы ақы­лы жолдардың сапасы қаншалықты сын көтереді деген тақырыпқа ойысты. Елдің әр аумағында биыл жазда өткен жүк көлігі жүргізушілерінің наразылықтары да талқыланды. «Атамекен» ҰКП бас­қар­ма төрағасының орынбасары Талғат Темірханов тасымалдау кәсібімен айна­лысатындардың шығыны көп екенін айтты. Алайда сол шығынды неге қарапайым халық көтеруі тиіс екеніне мардымды жауап болған жоқ.

Д.Ахметшәріп ірі тасымалдаушылар шақырымына 5-тен 25 теңгеге дейін төлеуге дайын отырғанын жеткізді. Бірақ шағын тасымалдаушылар мен жекеменшік тасымалдау қызметін ұсынатын жүргізу­ші­лерден ғана сұрақтар түсіп, ведомство қазіргі уақытта бұл мәселелерді шешуді қолға алған екен.

Сондай-ақ ол тікелей эфирде келіп түскен сұрақтарға жауап берді. Оның ішінде «неге жүргізушіге таңдау құқығы берілмейді? Ақылы жол болса, оның маңында балама тегін жол да болуы керек емес пе?» деген сұраққа спикер былай жауап қайтарды:

«Балама жол салу заңымызда қарас­ты­рыл­маған. Қазақстан өте үлкен аумақ­ты алып жатыр. Бірақ бізде балама жолдар бар. Мысалы сол Щучинскіге Ат­ба­сар арқылы да бара аласыз», дейді «Қазавтожол» ҰК» АҚ өкілі.

Осыдан соң «ҚазжолҒЗИ» АҚ вице-прези­денті Азамат Жайсанбаев та Қазақ­стан­дағы жолдар сапасы қаншалықты стан­дартқа сай екенін түсіндіріп, ақылы жол енгізу қажеттілігін дәлелмен баяндады.

«Мәңгі жол болмайды. Жол топырақтан салынып, уақыт өткен соң көліктердің динамикалық әсерінен бұзылатын қасиеті бар. Бізде бетон жолдар 16 жылға есептеліп салынады. Осы 16 жыл ішінде өз уақытында екі рет жөндеу жұмысын жүргізу қажет. Шамамен араға бес жыл салып жөнделуі тиіс. Біз қазір шетелдік компаниялармен кеңес өткізіп жүрміз. Сонда «өз уақытында жұмсалмаған 1 доллар кейін қосымша 10-20 доллар жұмсауға себеп болады» деген жақсы бір сөз айтылды. Демек, жолда бір жарық пайда болса, оны өз уақытында бүтін­деу керек. Қаржыландыру шектеулі болған жағдайда мұндай жұмыстарды дер кезінде атқару мүмкін болмай жатады. Сондықтан жол күтіміне қажетті қаражат бөлінгені дұрыс деп есептейміз. Тапсырыс беруші мен мердігер кешенді түрде өз уақытында жұмыс істеуі керек», деді А.Жайсанбаев.

Спикер еліміздегі жол сапасы кеңестік стандартпен салынады деген сөзді де жоққа шығарды. Бағдарлама көрермендері қойған тағы бір сұрақ – қыстыгүні жол жөндеу жұмыстарын жүргізу. Алайда маман қысқы уақытта жол салуға тыйым жоғын айтты.

«Алайда белгілі бір нормаларды сақ­тау керек. Мысалы құрылымдық бетон өнімдері, жер беті құрылымы жұмыстарын жүргізуге болады, ал асфальт төсеуге ты­йым салынады», деп түсіндірді маман.

Қорытынды. Бағдарлама қонақтары жол сапасына айтылатын сынды, оның шешімдерін және ақылы болатын жолдар мен оның тарифтерін талқылады. Бірақ жолаушылар мен жолдағы тасымал жұмысымен айналысатындарды екі бөлек қарастыру керек. Бұған себеп – елдегі 10 мыңға жуық кәсіпкердің көңілі толмаса, мәселені шешу үшін жалпы халықтың қалтасына салмақ түсірудің еш негізі жоқ.