• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Экономика 20 Қазан, 2021

Ауғанстанға қайтадан ұн сата бастады

217 рет
көрсетілді

Жақында Ауыл шаруашылығы министрлігі Ауғанстанға ұн экспорттау мәселесіне байланысты мәлімдеме жасады. Онда ведомство кейбір қазақстандық БАҚ-тарды негізсіз ақпарат таратты деп айыптап та өтеді. 2020 жылы ауған нарығына елімізде өндірілген 2 млн тоннадан астам астық пен астық эквивалентіндегі ұн жіберілген.

QazTrade деректері бойынша, Қазақ­стан Республикасының аумағында жұмыс істейтін 300 ұн экспорттаушының 183-і өзге нарықпен және ауған нарығымен де өзара келісімге ие. Тағы 49 экспорттаушы Ауғанстанға ұн жөнелтумен айналысады. Министрліктің айтуынша, Ауғанстанның жаңа билігі орнағаннан кейін де жұмыс­тарын жалғастырып жатқан бизнес-байланыстар бар. Қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдерін солтүстік ауған провинциялары – Балх, Бағлан, Тахар және Құндыз, сондай-ақ астаналық аймақ және Кабул қаласы пайдаланады.

«Ауғанстандағы саяси ахуалдың өзгеруі шынымен де барлық әріптес елдер­мен, оның ішінде Қазақстанмен сауда опера­цияларының тоқтатыла тұруына алып келді. Біраз уақыт бойы банкаралық транзак­ция­лар мен темір жол вагондарын жеткізу мүмкін болмады, өйткені иелері олардың сақталуы мен қайтарылуы үшін қорық­ты. Алайда қазіргі уақытта проблемалар шешілді: транзакциялар үшінші елдердің банктері арқылы жүзеге асырылады, вагондарды жөнелту қалпына келтірілді. Қыркүйек пен қазан айының басында Қазақстаннан Ауғанстанға 60,2 мың тонна ұн мен 15,6 мың тонна астық жөнелтілді. Кейін жеткізу қарқыны артатын болады» делінген министрлік хабарламасында.

Сондай-ақ министрлік ұн тартушылар үшін өндіріс көлемін ұлғайту мақсатында тиісті жағдайлар жасалатынын, экспорт кезінде қосымша құн салығын жедел қайтару қолға алынатынын да айтады. Өңделген өнімді тасымалдауға мемле­кеттік қолдау шаралары да қарастырылған.