Ерлік пен өрлік рухының айғағы – Жеңістің 65 жылдық мерейтойына орай, еліміздің түкпір-түкпірінде Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне қамқорлық пен қолдау көрсету мақсатында кешенді шаралар жүзеге асырылуда.
Осындай мерейтойлық шаралардың ауқымды шоғырын “Нұр Отан” ХДП атқарып отыр. Мәселен, билік партиясы патриоттық мазмұндағы, сондай-ақ, жас ұрпаққа өз бабалары мен аталарының күрескерлігінен сыр шертетін кездесулер мен ғажайып көрме экспозицияларын ұйымдастыруды өз еншісіне алған екен. Олардың қатарында ел көлемінде өтетін “Ардагерлерді ардақтайық!” атты акция да бар.
Кеше “Нұр Отан” ХДП Орталық аппаратында партия Төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Нығматулиннің соғыс және еңбек ардагерлерімен кездесіп, емен-жарқын әңгіме-дүкен құруы осындай игі шаралардың заңды жалғасындай көрінді.
“Сіздердің ел ертеңі үшін жан аямай күрескен ерліктеріңіздің арқасында біз тәуелсіздігімізді алып, бейбіт өмір сүріп жатырмыз. Сондықтан, еліміздің Президенті, “Нұр Отан” партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев әрқашан да ардагерлерге назар аударып, көмек көрсетіп, қамқор болып келе жатқанын жақсы білесіздер. Бұл Жеңіс – кейінгі ұрпақ, жастарымыз үшін айрықша үлгі-өнеге. Себебі, сіздер тек соғыста ерлік көрсетіп қана қоймай, сол майданнан кейін де еліміздің даму жолына түсіп, өркендеуіне үлкен үлес қостыңыздар. Қанша уақыт өтсе де сіздердің Отан үшін, ұрпақ үшін от кешкен ерен ерліктеріңіз еш ұмытылмайды”, – деді Нұрлан Нығматулин ардагерлерге арнаған сөзінде.
Кездесу барысында майдангер-ардагерлер өздеріне мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан барлық материалдық, медициналық көмек пен тәуелсіздікті, бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау жолындағы еңбегі үшін Елбасына алғыстарын білдірді. Сондай-ақ, қарттар өздерінің сұрапыл соғыс жылдарындағы ауыр тұрмыстарын еске алып, бүгінгі тыныс-тіршіліктері туралы ой бөлісті. Жас буынға өз аманаттарын арнады.
Кездесу соңында қарт майдангерлерге партия атынан естелік сыйлықтар табыс етілді.
Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ.
ЕЛ ТӨРІНЕ КЕЛГЕН ЕРЛІК ТУЫ
Қуаныш пен қайғыны, үміт пен ерлікті бір арнаға ұштастырған ұлы Жеңіске биыл 65 жыл толып отыр. Тарихта алтын әріптермен жазылған оның бастауы – 9 мамыр қарсаңында ел аумағында мән-мағынасы терең түрлі іс-шаралар өткізіліп жатыр. Соның айбынды да абыройлысына тоқталсақ, ол Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне әкелінген Рейхстаг қаһарманы Рақымжан Қошқарбаев қызмет еткен, Жеңіс жалауын тігуге тікелей жол ашуға ақжолтай болған әскери құрылымның туы дер едік.
Бұл жәдігердің Ресейден Қазақстанға келуіне тікелей атсалысқан генерал-майор, Ауған соғысының ардагері Серікқали Мұқанов оның таныстырылымы барысында: “Рейхстагқа шабуыл жасалған кездегі 9 жалаудың ішіндегі ең біріншісін қандасымыз Рақымжан Қошқарбаев тіккен болатын. Алайда кеңестік жүйенің сұрқия саясаты біздің асыл азаматымыздың атын жария етпек түгілі оны жасырып, мойындамай келді. Лаулап жатқан отты қағазбен орай алмайсың ғой. Дәл осы қағида сияқты шындықты қанша бұрмаласаң да ол түбінде өзінің ақиқаттылығын дәлелдеп шығады. Мінеки, бүгінгі таңда халқымыздың қаһарман перзентінің ерлігін бәрі мойындады. Бұл біз үшін мәні ерекше зор қуаныш. Кейбір дерек көздеріне сүйенсек, жалау бірнеше бөлікке бөлініп, жауынгерлер арасында естелік ретінде таратылып кеткен. Сондықтан 1945 жылғы мамырдың 3-і күні КСРО Жоғарғы Кеңесінің Президиумы “Ұлы Жеңістің туын бекіту туралы” қаулы қабылдап, Рейхстагқа жан-жақтан шабуыл жасаған санаулы дивизия мен полк, батальон туларын жеңіс символы ретінде ресми түрде бекіткен. Мына жәдігер соның бірі. Мұны көшірме деп санауға болмайды. Себебі, бұл сол алапат шайқастың куәсі, құнды жәдігері. Сондықтан ол ешуақытта да өз мәнін жоғалтпайды. Ұлы мұраны елордадағы Тұңғыш Президент мұражайына апарып жайғастырамыз”, – деді.
“Рақымжан менің немере ағам. Ту бүгін осы оқу орнына әкелінеді деген ақжолтай хабарды маған “Егемен Қазақстанның” жігіттері жеткізген еді. Соны көруге келдім, қарақтарым. Осындай патриоттық шараның өткізілуі еліміздің еркіндігі мен елдігінің арқасы деп білемін. Университет ректоры Бақытжан Әбдірайымовқа рахмет!” деді кездесуде Рақымжан Қошқарбаевтың немере қарындасы Рымжан апа Мұсабекқызы өз сөзінде.
В.Г. Белинскийдің: “Өз Отанын жан-тәнімен сүю – адамшылдықтың асқар шыңы”, – деп айтқан сөзі бар еді. Университеттегі жоғарыдағы іс-шара сондай бір асыл қасиетті насихаттаудың көрінісіндей әсер қалдырды көпшілікке.
Арай ҮЙРЕНІШБЕКҚЫЗЫ.
МЕРЕКЕЛІК МЕДАЛЬДАР ТАПСЫРЫЛДЫ
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіқалықова Ұлы Жеңістің 65 жылдығы қарсаңында елордамыздағы Ұлы Отан соғысының бірқатар ардагерлерінің шаңырағында болып, Отан үшін от кешкен қарттарымызды құттықтап, мерейтойлық медальдар табыс етті.
Министр Г.Әбдіқалықова алдымен соғыс ардагері Жаппарқұл Байымбетовтің шаңырағына келді. Тоқсанның төріне шыққан оңтүстікқазақстандық Жаппарқұл ақсақал бүгінде Астана қаласында немересінің қолында тұрып жатыр екен. Министрдің келгеніне балаша қуанған ол қолындағы гүл шоқтарын ала тұрып көз жасына ерік берді. Оның сыры да көп кешікпей мәлім болды. Бір шаңырақтан соғысқа аттанған үш азаматтен елге оралған бір өзі ғана екен. Қазіргі таңда 4 ұл, 4 қыз тәрбиелеп өсіріп, Жеңістің 65 көктемін немересінің қолында, ел төрінде қарсы алғалы отыр. Гүлшара Наушақызы Елбасының биылғы жылғы Жолдауында айтылған “Әрбір ардагер назардан тыс қалмауы тиіс” деген тапсырмасын тілге тиек ете отырып, ардагермен емен-жарқын шүйіркелесті. Сонымен қатар, ардагерге “Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 65 жыл” мерейтойлық медалін табыстап, өзімен бірге ала келген сыйлығы – теледидар тарту етті. Ақсақалдың елімізде болып жатқан әрбір қуанышты жаңалықты осы теледидар арқылы көріп отыруына тілектестік білдірді. Осындай абыр-сабыр, қарбалас сәтте елорда әкімдігінің өкілдері да сый-сыяпаттарын ұсына отырып, ақсақалға қуанышты хабар жеткізді. Ұлы Жеңіс күні қарсаңында Елбасы қолынан пәтер кілтін алатыны туралы сүйінші сұрады.
Осы күні тағы бір елордалық ардагер Глеб Мойсеевке де мерекелік медаль табыс етілді. Ардагер соғыстың басталғанын кен орнында жұмыс істеп жүріп естіпті. Алғаш Дон өзені жағалауында, одан кейін Сталинград қаласын жаудан азат етуге қатысқан майдангер бұл күнде екі баласынан немере, шөбере сүйіп отырған бақытты ата. Майдангер ақсақал мерекелік медальға шексіз қуанышты екендігін айта келіп, ұрпақтарымыз соғыс дегенді білмей өссін деген аталық тілегін айтты.
Венера ТҮГЕЛБАЙ.