• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
15 Ақпан, 2014

Айтулы акция Шығыстан бастау алды

416 рет
көрсетілді

Елімізде «Мәңгілік Ел» халықтық патриоттық акциясы алғаш рет Өскемен қаласындағы Жекпе-жек сарайында өтті.

Мемлекет басшысының Жол­дауы мен «Мәңгілік Ел» идеясын қолдауға арналған салтанат­ты іс-шараға облыс басшысы Бердібек Сапарбаев, әлемге белгілі ақын Олжас Сүлейменов, КСРО және Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлықтарының лау­реаты, халық әртісі Асанәлі Әшімов, қазақтың тұңғыш ға­рыш­кері, Халық Қаһарманы Тоқ­тар Әубәкіров, Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орын­басары Ералы Тоғжанов, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын Несіпбек Айтұлы, Парламент депутаттары Сергей Плотников, Светлана Ферхо және Зухра Сая­пова, «Қазақстан барысы» Айбек Нұғымаров және «Қазцинк» ЖШС, «Үлбі металлургия зауыты» АҚ, «Өскемен титан-магний комбинаты» АҚ, «Азия авто» АҚ кәсіпорындарының ұжымдары, жоғары оқу орындарының сту­денттері, этнобірлестіктер жетекшілері қатысты.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына кезекті Жол­дауында алғаш рет «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясын жариялады. Осы жайды өзек ете сөз сөй­ле­ген өңір басшысы Бердібек Са­парбаев Мәңгілік Ел – экономика­сы қарышты, халқы білімді, мәдениетті, бірлігі жарасқан мемлекет болатынын, бұл қағиданың бәрі қазіргі Қазақстанға тән екенін атап өтті.

Облыс әкімі акция барысында Елбасы Жолдауын қолдауға арналған «Мәңгілік Ел» атты кітапты Қазақстан халқы Ассам­блеясы Төрағасының орынбасары Ералы Тоғжановқа тапсырды. Құрметті меймандар қол­таң­ба қалдырған кітап Шығыс Қазақстан облысынан бастап бүкіл мемлекетімізді аралап, Ассамблея сессиясы кезінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа тапсырылмақ.

Сондай-ақ, облыс әкімдігі мен өңірдің ірі кәсіпорындары «Мәңгілік Ел» акциясы шеңберінде аймақтың дамуына қаржылай көмек көрсету мақсатымен екі­жақ­ты меморандумға қол қойды. Атап айтқанда, «Қазцинк» ЖШС 2014 жылға арналған өзара әріптестік туралы меморандум бойынша жалпы сомасы 2 млрд. 256 млн. теңгеге қаржылай қолдау көрсетеді. Бұл қаражат Өскемен мен Риддер, Зырян, Серебрянск сынды моно­қалалардағы медициналық қызмет, білім беру, мәдениет және қызмет көрсету салаларына жұмсалады.

«Үлбі металлургия зауыты» АҚ жалпы сомасы 288 млн. тең­геге Өскемен қаласында ден­саулық сақтау, мәдениет және қызмет көрсету, сондай-ақ, қайы­рымдылық пен қоғамдық ұйым­дарға көмек көрсетпек. «Өскемен титан-магний комбинаты» АҚ 460 млн. теңгеге мектепке дейінгі мекеме, мектеп, еңбек-түзеу мекемелері, діни ұйымдар және басқа да қоғамдық ұйымдарға көмек көрсетуді қарастырып отыр.

Мерекелік концертпен жалғасқан акция 3 мыңнан аса адамды қамтыды. Шығыс Қазақстанда басталған форум-эстафета өзге өңірлерде жалғасып, Тәуелсіздік күнінде мәреге жетеді.

Енді форум қонақтарының пікірлеріне құлақ түрейік.

Ералы ТОҒЖАНОВ, Қазақстан халқы Ассамблеясы Төра­ғасының орынбасары:

– Елбасының «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында белгіленген «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясын қолдауға арналған халықтық патриоттық форум бастауын Шығыстан алды. Аталған акцияның көне түркі жұртының ошағы саналатын киелі Алтайда тұсау кесуі тегін емес. Жаһанды үрейлендірген ядролық сынақ осы өлкеде жүргізілді. Президенттің атом сынағын тоқтатуға мұрындық болуы – Қазақстанның дүнижүзілік қауымдастықтағы орнын әйгілеп, инвестицияның, жаңа технологияның келуіне жағдай жасады. Бұл – Қазақ елінің мыңдаған жыл тарихынан, Тәуелсіздік кезінде жүріп өткен жолынан туған ұлттық идея.

«Мәңгілік Ел» идеясында жарияланған жеті қағида – барлығымызды біріктіретін құндылық. Оның өміршеңдігі еліміздің жарасымды бірлігіне, Нұрсұлтан Назарбаевтың қоғамдық келісім моделіне негізделген. Қазақстан халқы Ассамблеясы «Мәңгілік Ел» патриоттық форумына қатысушыларды ерекше қолдайды.

Олжас СҮЛЕЙМЕНОВ, ақын, мемлекет және қоғам қайраткері:

– «Мәңгілік Ел» біздің санамызда нық орын алған ұғым. Елдің Мәңгілік болуын бәріміз армандаймыз. Жастар, олардың білім-білігі, таланты біз айтып отырған Еліміздің Мәңгілігін қамтамасыз етеді. Бүгінде Шығыс Қазақстан облысының рейтингісі жоғары. Бұл шығысқазақстандықтардың, облыс басшысының еңбегінің, ерік-жігерінің нәтижесі.

Асанәлі ӘШІМОВ, КСРО және Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты, халық әртісі:

– Бүгін – тарихи күн, ұлы күн. Тұңғыш Президентіміздің Жолдауына қолдау көрсететін «Мәңгілік Ел» акциясы елімізде алғаш рет Шығыста өткізіліп жатыр. Шығыс елі маған ұнайды. Әр уақытта келгім келіп тұрады. Өскеменде театр салынып жатыр. Құрылысты арнайы барып көрдім. Биыл тамыз айында келіп театрды ашамыз.

Мәңгілік Ел, мәңгілік өнер, мәңгілік әдебиет, мәңгілік ғылым, мәңгілік халық болсын! Мәңгілік Ел жасасын!

Тоқтар ӘУБӘКІРОВ, қазақтың тұңғыш ғарышкері, Халық Қаһарманы:

– Еліміз егемендік алғаннан бері ұлттық идеяны армандап едік. Міне, осы идея – Мәңгілік Ел. Қазақстанда көптеген ұлт пен ұлыстың өкілдері бар. Бәріміз бір ел болып, Қазақстанды әрі қарай өркендете берейік. Қазақстан әлемде өркендеген, қонақжай, ауқатты мемлекетке айналсын! Мұны қазіргі кездің өзінде сезінуге болады.

Светлана ФЕРХО, Парламент Мәжілісінің депутаты:

– Біздің тағдырымыз бен еліміздің тағдыры бір. «Мәңгілік Ел» ұлттық идея­сы – жасампаз жоба. Бұл – сіз бен біздің қуатымыз, еліміздің көне тарихы мен бүгінін жалғастыратын алтын көпір. Біз бүгінде ғылыми өндірісі, инновациясы дамыған елге айналдық. Еліміздің ішкі жағдайында ғана емес, халықаралық қоғамдастықта да танымал болдық. Бұл – әлеуметтік мемлекет құрудың нәтижесі. Біз бүгінмен ғана өмір сүрмейміз. Келешекті жоспарладық және жүзеге асырамыз.

Несіпбек АЙТҰЛЫ, ақын, Мем­ле­кет­тік сыйлықтың лау­реаты:

– Мәңгілік Ел деген сөз, оңай емес айту да,

Біле білсең, ағайын, бағыт – анық,

ой – тура!

Қу-сұмдармен тілдеспей,

отқа түсіп, су кешпей,

Абыройға бөленген,

қай заманда қай тұлға?!

Қандай болмақ шынында,

Мәңгілік Ел нышаны?

Туған жұрттың түтіні,

қайтсек түзу ұшады?

Жер бетінде жеті алып,

жан-жағыңнан анталап,

Ерегіссе екеуі, екі өкпеңнен қысады.

Мәңгілік Ел бола алсақ,

жұлдызымыз жанғаны,

Мәңгілік Ел белгісі, желбіреген туымда.

Еркін жүрген елімде, аспанымда, жерімде.

Еркін ұшқан құсымда,

еркін аққан суымда.

Не көрмедің, қазағым,

тайталасқан тірлікте

Мәңгілік Ел белгісі, береке мен бірлікте!

Думан АНАШ,

журналист.

Өскемен.

–––––––––––––––––––

Суретті түсірген

Есімхан ОРЫНБАЕВ.