• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
15 Ақпан, 2014

Берекеге кенелтеді

299 рет
көрсетілді

Республикамызда аяқ астынан теңгенің бағам өзгертуінен көптеген кәсіпорындар мен мекемелердің әбігерге түсіп, үрейленгеніне қарамастан, ауыл шаруашылығындағы жағдай бірқалыпты. Қашанда Елбасының саясатын қолдап, шыдамдылықты алғашқы орынға қоя білетін ауыл еңбеккерлері АҚШ долларының шарықтай өсуінің соңы жақсылыққа жеткізер деген сенімде. Расын айтқанда, 11 ақпан­дағы жайсыз хабар ауыл адам­дарының да жүрегін ауыртты. Көңілдеріне қаяу түсірді. Алайда, өзінің елін, жерін бәрінен артық көретін, Отанын шын сүйетін ауыл патриоттарының са­быр­лылық сақтауы басқаларға тамаша үлгі деуге лайықты мысал. Жасыратыны жоқ, кейінгі кезде ауыл ша­руашылығы өнімдерінің бағасы құнсыздана бастады. Ет, сүт, т.б. өнімдер сырттан тасымалданып, отандық өнімдер дүкен сөрелері мен қоймаларда ұзақ жатып қалатынды шығарды. Егер де Ұлттық банк төрағасы Қайрат Келімбетовтің сөзіне сенсек, алдағы уақытта им­порт­тық өнімдер мен ішкі өнім­­дер өзара бәсекеге түсіп, нәти­жесінде соңғысына мәртебе беріл­мекші. Аграрлық кешеннің еңбеккерлері де осы бір құнды пікірге ден қойып, бір-бірлерін шыдамдылыққа шақырғандай. – Теңге бағамының нақты­лануы, – деді бізге «Қаз­Агр­о­Қаржы» АҚ-тың арнайы өкілі Ринат Ке­мешов, – қазақстандық аграр­шы­лардың ұстанымын нығайта түс­пек. Олар өнімдерін ішкі сау­даға да, алыс шетелдер мен ТМД елдеріне де көптеп жөнелтетін болады. Біздің мемлекетіміз ауыл шаруашылығына субсидия бө­луді жалғастыра бермек. Жанар-жағармай, астық, сүт өнімдері, тағы басқалар субсидия алады. Қысқасы, өнім өндірушілердің шығыны бұрынғы көрсеткішпен қала береді. Ал табыс кері­сінше өседі. Бұл – отандық өнді­рушілердің өнімдерді молынан шығарып сатуына кең жол ашылды деген сөз. Ринат Кемешов «ҚазАгро­Қаржы» АҚ-тан несие алған ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіретін кәсіпкерлерге теңге­нің бағамының түзетілуі еш әсер етпей­тіндігін, жасалынған келісім­шартқа ешқандай қайта есептесу жасалынбайтындығын ескертті. Сарапшының пікірінше, Үкімет отандық аграршылардың шетел техникаларын сатып алуына да әдеттегідей жеңілдіктерді сақтап қалуға тиіс. – Шындығында, шетелдерден әкелінетін сүт өнімдерінің құны біздікінен арзан болғандықтан аз зардап шеккен жоқпыз, – дейді республикадағы сүт өндіретін ақтөбелік ірі кәсіпорын – «Айс» ЖШС бас директоры Қуаныш Ищанов, – енді шетелдік өнімдер қымбаттауға тиіс. Олармен бәсе­кеге түсетін кез келді. Біз өнді­ретін сүт және сүт өнімдері экологиялық таза болып саналады. Бір ғана проблема бар, ол – астық пен жемге бағаның өсіп кетуі мүмкін. Бұл орайда, Үкіметтің қамқорлығына сенеміз. Өйткені, мемлекет бізді әрдайым қолдап келді. Қ.Ищанов импорттық техникалар мен құрал-жабдықтардың, оларға қажетті бөлшектердің баға­сы өсетіндігін ескерді. Алай­да, бел­гілі бизнесмен бұл орайда көп шығынға батпаспыз деп үмітте­неді. Қарағанды қаласына таяу орналасқан «Топар жылыжайлары» ЖШС директоры Александр Забировпен хабарласқанымызда, білікті басшы теңгенің құнсыз­дануына қынжылыс танытпады. Керісінше, өз кәсіпорны өндіретін өнімдердің көптеп сатылатынын былайша түсіндірді: – Теңгенің құнсыздануы біз үшін қауіпті емес, – деді ол бізге. – Біріншіден, импорттық өнім­дермен бәсеке басталады. Біздің өніміміз сапалы. Сон­дықтан шетел өнімдерінің орнын ауыстырамыз деп ойлаймыз. Ауыл шаруашылығында еселі еңбек етіп жатқан кәсіпкерлердің пікірлерін көптеп келтіруге де болар еді. Бірақ, олардың ой­ла­ры бір арнаға тоғысады. Теңгенің құнсыздануы ауыл шаруа­шы­лығы өнімдеріне зиянын тигізбек емес. Сондықтан, олар ертеңгі күнге деген нық сенім­мен, ха­лықты сапалы да қымбат емес өнімдерімен берекеге кенелте береміз, дейді бірауыздан. Таңат ҚОЖМАНОВ.