Бүгінгі таңда еліміздің көмір саласы электр энергиясының шамамен 70%-ын өндіріп, кокс-химия өндірісінің толық жүктемесін қамтамасыз етеді. Коммуналдық-тұрмыстық сектор мен ел халқының отынға қажеттілігін толық қанағаттандырады. Салада 30 мыңға жуық адам жұмыс істейді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Көмір қоры бойынша Қазақстан көшбасшы елдердің ондығына кіреді. Қор көлемі 33,9 млрд тоннаны құрайды. Барланған көмір қорының 90%-дан астамы Қазақстанның солтүстік-шығысында және орталық бөлігінде шоғырланған. Тәуелсіздік жылдары өндіруші кәсіпорындар 2,7 млрд тоннадан астам көмір өндірді. Шамамен 0,8 млрд тонна жақын және алыс шетелге экспортталды.
ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Руслан Баймишев өз сөзінде ведомство үшін ішкі нарықты, оның ішінде халық пен коммуналдық-тұрмыстық секторды көмірмен қамтамасыз ету маңызды екенін атап өтті.
«2021 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша еліміздің көмір өндіруші компаниялары 79,1 млн тонна көмір өндірді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,4%-ға көп. Бүгінгі таңда коммуналдық-тұрмыстық сектор бойынша көмір қорымен қамтамасыз ету 96%, тұрғындарды қамту 84,4%-ды құрайды. Яғни жағдай тұрақтанды. Барлық өткізу пункттерінде жеткілікті мөлшерде көмір бар», деп атап өтті вице-министр.
Сонымен қатар, вице-министр көмір саласында іске асырылып жатқан жобалар туралы айтып берді. Ірі жобалардың бірі – «Богатырь» кесігінде көмір өндірудің циклдық-ағындық технологиясы». Ол кәсіпорынның өндірістік қуатын жылына 42 млн тоннадан 48 млн тоннаға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Өндірісті одан әрі әртараптандыру мақсатында «Шұбаркөл көмір» АҚ-да арнайы кокс, көмір шайыры мен май өндіретін жаңа зауыт салу жобасы іске асырылуда. Сондай-ақ «АрселорМиттал Теміртау» АҚ көмір қабаттарынан метаннан электр-жылу энергиясын өндіру жобасын іске асыруды жоспарлап отыр.