Ақмола облысында орманда жоғалған ерлі-зайыптылар аман-есен табылды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, жоғалған адамдар бүгін қазанның 21-де, күндізгі уақыт 14:00 шамасында Бәйтерек ауылынан 35 шақырым жердегі орман алқабынан табылған.
«Алтынай Балтақожақызы түнде орманда өте суық болғанын айтты. Жұбайы екеуі жол іздеп шаршаған. Жолдасы Қайыржан Баржақсымұлы таяқтың көмегімен қозғалады. Ерлі-зайыптылар өздерін іздеуге қатысқандардың барлығына алғысын жеткізді. Үйлесімді іс-әрекет пен күш-жігердің арқасында ерлі-зайыпты Баялиндердің өмірі мен денсаулығына қауіп жоқ», деді ведомстводан.
Еске сала кетсек, Ақмола облысында орманда жоғалған ерлі-зайыптыларға іздеу жарияланған болатын.
Оған барлығы 140-тан астам адам, оның ішінде жүзге жуық полиция қызметкері (6 иісшіл иті бар кинолог және 25 СОБР қызметкері), жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, қорықшылар, төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері жұмылдырылды.