• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Экономика 21 Қазан, 2021

Қазақстан мен Қытай тауар тасымалын талқылады

342 рет
көрсетілді

Қазақстан мен Қытай арасындағы жүк тасымалдау мәселелері Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Әлихан Смайылов пен Қытай Халық Республикасы Мемлекеттік Кеңесі Премьер-Министрінің орынбасары Хань Чжэнмен телефон арқылы сөйлесу кезінде талқыланды, деп жазады Egemen.kz.

Әңгіме барысында қазақстандық тарап автомобиль және теміржол көлігімен жүк тасымалдау көлемінің азаюына байланысты шекарада үлкен көлемде жүктердің жиналып қалғанына алаңдаушылық білдірді.  

«Достық – Алашанькоу» шекара бекетінде Қазақстаннан Қытайға өтетін пойыздардың саны тәулігіне 16-дан 5-6-ға дейін төмендеді. Шекарада 7 мыңға жуық автокөліктің кезекте тұрып қалғаны алаңдаушылық туғызады. 

Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Ә.Смайылов барлық жүк тиелген вагондарды Қытай тарапы қабылдауға дайын екенін мақұлданғанын атап өтті. Ол сондай-ақ теміржол көлігі саласындағы халықаралық келісімдер аясында тасымалдау жоспарын мақұлдаған тарап жүкті өз аумағына қабылдауға міндетті екенін еске салды. 

Тараптар жақын арада санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтай отырып, бірлескен күш-жігермен бұл мәселені шешу үшін барлық мүмкін шараларды қабылдауға уағдаласты. 

Сондай-ақ Қытай тарапы автокөлікпен, оның ішінде «Қалжат» өткізу бекетінде көлік қозғалысын қалпына келтіру арқылы жүк тасымалын ұлғайтуға дайын екендігін білдірді. 

Телефонмен сөйлесу соңында тараптар екі ел арасындағы Ынтымақтастық комитетінің отырысын өткізу мүмкіндігін талқылады. 

Естеріңізге сала кетейік, Комитеттің 10-отырысы биыл Қазақстанда өтуі тиіс. Ол онлайн түрде өтеді деп жоспарланған.