Қостанайда осыдан бірнеше ай бұрын басталған темір жол дауының түйіні тарқамай, бірқатар ірі компанияның жұмысы оңға баспайтын сыңайлы. Бұл мәселе таяуда ғана «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасында талқыланды.
Арматура шығаратын «Евраз Каспиан Сталь» зауытының директоры Владислав Цензураның айтуынша, өзі басқарып отырған кәсіпорын мен өзге де бірнеше ірі компанияға осы темір жолдың төңірегінде шиеленіскен жағдай экономикалық шығын келтіруі мүмкін.
2018 жылы «Тобыл транс» серіктестігі Қостанай темір жол стансасында қараусыз жатқан теміржол торабын конкурс бойынша ұтып алып, оны 30 жылға сенімді басқару құқына ие болған. Ұзындығы 2 шақырым болатын теміржол содан кейін жөндеуден өтіп, пайдалануға берілді. Қостанай арқылы өтетін тоқсан тарау торапты жалғап жатқан теміржол облыс орталығындағы «Агромашхолдинг» ЖШС, «Исткомтранс» ЖШС, «АгромашхолдингKZ» ЖШС, «МашТех» АҚ, «KSTtrade» ЖШС, «Қостанай үй құрылысы комбинаты» ЖШС сияқты ірі кәсіпорындарды жүк вагондарымен қамтамасыз етіп тұрды. «Тобыл транс» басшыларының сөзіне сенсек, серіктестік соңғы 9 айдың ішінде Қостанай қаласына кіріп-шығып жатқан жүк айналымының 40%-дан астамын вагонмен қамтамасыз еткен.
«Тобыл транс» атқарып жатқан жұмыстың сапасы теміржолшылардың да, облыс орталығындағы ірі кәсіпорын басшыларының да көңілінен шығатын сияқты еді, алайда осыдан бірнеше ай бұрын Қостанай қалалық әкімдігінің мемлекеттік активтер және сатып алу бөлімі сотқа жүгіну арқылы жоғарыда аталған серіктестікті сенімді басқару құқығынан айырып, 30 жылға жасалған келісімшартты мерзімінен бұрын бұзуды талап етті. Бірінші сатыдағы сот мәселені «Тобыл транстың» пайдасына шешіп берген. Бірақ бұл соттың шешіміне қалалық әкімдік наразылық білдіріп, шағым түсіріп, апелляциялық сатыда жеңіп шықты.
Осылайша, жаңа конкурс жарияланып, тораптың жаңа иесі табылғанша, бүкіл транспорттық жүктемені бірнеше меншік иесі бар негізгі теміржол атқаратын болып шешілген. Осы тұста жүк тасу қызметінің тарифі мен негізгі теміржолдың жүк жөнелту қабілетіне қатысты екі бірдей мәселе бой көтеріп шыға келді. Мәселенің мәнісі мынада: жаңа жүктеме қосылса, М8 деп аталатын негізгі темір жолдың жүктемесі бұрынғысынан бірнеше есе артып кетеді. Осының салдарынан вагондар қалаға кіретін және шығатын жолдарда ұзақ уақыт кезек күтіп, қаңтарылып тұрып қалуы мүмкін. Кәсіпкерлердің сөзінше, мұның арты өздері басқарып отырған ірі кәсіпорындардың жұмысына кедергі келтіріп, басы артық шығынға ұшыратады.
«ҚТЖ Жүк тасымалы» ЖШС филиалына қарасты кіреберіс жолдар бөлімінің жетекші инженері Әсел Қайралапованың айтуынша, тығырыққа тірелген жағдайдан шығудың жалғыз жолы – жаңа конкурс жарияланып, теміржолдың жаңа иесі анықталғанша, оны пайдалану туралы уақытша нұсқаулық әзірлеу қажет. Мамандар аралық уақыт жарты жылға дейін созылады дейді. Оған дейін «Тобыл транс» өз қызметін жалғастыра береді. Мұнымен облыстық транспорттық бақылау инспекциясы да келісіп отыр. Өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Данияр Смағұловтың сөзінше, бұл мәселенің реттелуін прокуратура да өз бақылауына алуға тиіс.