Ақтоғай ауылдық округінің орталығы Қотыртас ауылының тұрғындары енді көгілдір отынның игілігін көретін болды. Ауыл іргесіндегі газ бөлу бекетіне жиналған қотыртастықтарды аудан әкімі Ербол Данағұлов елді мекенге газдың келуімен құттықтап, мұндай тұрмыстық игіліктің Елбасының сындарлы саясатының, облыс әкімі Архимед Мұхамбетовтің тікелей қолдауының арқасында мүмкін болып отырғанын жеткізді. Ол өткен жылы Жылтыр ауылына газ, ауыз су тартылғанына, Қауылжыр ауылында 40 орындық дәрігерлік амбулатория ғимараты салынғанына, Алабас ауылында жастарға екі тұрғын үй салынып берілгеніне тоқталды.
Қотыртас ауылындағы 156 отбасы бұдан былай от жағып, күл шығарудың азабынан құтылды. Тұрғындар ауылға газ тартуға үлкен көмек көрсеткен «Емшан» компаниясының президенті, облыстық мәслихаттың депутаты М.Өндіргеновке, газ құбырын тарту жұмысын сапалы атқарған «Ал Ақтөбе» ЖШС-нің учаске бастығы В.Матюшковке, учаске шебері М.Мыңжасаровқа, оның жұмысшыларына алғыс сезімін білдірді.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ,
«Егемен Қазақстан»
Ақтөбе облысы,
Шалқар ауданы.