• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Әлем 22 Қазан, 2021

Әлемді алаңдатқан зымыран сынағы

501 рет
көрсетілді

Таяуда Financial Times газеті таратқан ақпарат әлемді дүр сілкінтті. Басылымның мәліметіне сүйенсек, Қытай тамыз айында дыбыстан да жылдам ұшатын зымырандық қаруды сынақтан өткізген. Бір қызығы, ракета жер шарын бірнеше рет айналып өткен. Бірақ оны әуе шабуылына қарсы бірде-бір қорғаныс жүйесі байқамаған. Зерттеу авторының жазуынша, зымырандық қару ядролық оқтұмсықтарды нысанаға жеткізуге қабілетті.

Financial Times газеті келтірген мәліметтерге қарағанда, қаруды Long March ракетасы арқылы сынақтан өткізген. Алайда Бейжің билігі тәжі­рибеге қатысты бүкіл мәліметті жасырып отыр.

Осы оқиғаға байланысты әлем ел­дерінің басшылары өз пікірлерін білдірді. Мәселен, Ақ үй тарапы Қытай­дың мұндай әрекетіне алаңдаушылық танытты. АҚШ-тың қарусыздану жөніндегі елшісі Роберт Вудтың айтуын­ша, әлем мұндай жаңа қару түрінен қалай қорғану керегін білмейді.

«Біз дыбыстан жылдам ұшатын зымырандар саласында Қытайдың жасаған әрекеттеріне алаңдаймыз. Мұндай технология түріне қарсы қалай қорғануды білмейміз. Тіпті, Қытай мен Ресейдің өзі де хабарсыз», дейді ол.

Бейжің билігі мұның бәрін жоққа шығарды. Қытай Сыртқы істер министр­лігінің өкілі Цао Лиджан сынақтан өткен дыбыстан жылдам ұшатын зымыран емес, ғарыш кемесін ұшыруға қажетті ракета екенін айтады.

«Білуімше, әдеттегі ғарыш кемесі сынақтан өтті. Осылайша, ғарыш ке­ме­­сі­не қажетті технологияны қайта қол­­­дануға тәжірибе жасалды. Бұл – ға­рыш­ты бейбіт мақсатта адамзат игілігіне пайдалану үшін таптырмас әрі арзан жол», дейді Цао Лиджан.

Пентагон өкілі Джон Кэрби Financial Times басылымында жарияланған мақалаға қатысты ештеңе айта алмайтынын жеткізген. Бірақ Қытайдың қарулануға ұмтылуына алаңдаушылық білдірді.

«Қытайдың әскери арсеналын молайтып, аймақтағы және одан тыс жер­лер­дегі шиеленісті күшейтетін әрекеттерін тоқтатпауына алаңдаймыз. Бұл – Қытаймен күресті қарқынды түрде жүргізіп, оны басты міндет ретін­де ұстауымыздың бір себебі», дейді Джон Кэрби.

Дегенмен Ресей тарапы Қытайдың гиперсоник зымыранды сынақтан өткізуінен қауіптенбейді. Владимир Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песковтың айтуынша, Кремль Қытайдың ядролық оқтұмсық тасымалдауға қабі­летті дыбыстан тез зымыранды сынауы қауіп төндірмейді деп есептейді.

«Біз одақтастық қарым-қатынас орнатқанбыз. Қытай халықаралық міндеттемелер шеңберінен шықпайды. Бұл белгілі, басы ашық мәселе. Ресей де халықаралық міндеттемелерінің шеңберінен шықпайды. Сондай-ақ АҚШ-тың жасаған әрекеттеріне байланысты өз қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін шара қабылдайды», деді Д.Песков.

Жалпы, кейінгі жылдары дыбыс­тан жылдам ұшатын ракеталарға құмарт­қандар саны артып келеді. Қытайдан бөлек мұндай қаруды АҚШ, Ресей секілді бірнеше мемлекет сынақтан өт­кізіп көрген.

Гиперсоник зымырандардың баллис­ти­калық ракеталардан айырмашы­лы­ғы бар. Мәселен, баллистикалық ракета ең әуелі тіке аспанға қарай ұшады. Содан кейін ғана нысанасына қарай бағыт алады. Әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелері негізінен осындай баллистикалық ракеталарды анықтайды.

Ал дыбыстан жылдам ұшатын зымы­ранға аспанға тіке ұшу қажет емес. Ол көлбеу, жерге жақын ұшып-ақ діттеген жеріне жете алады. Оның үстіне, мұндай қарудың жылдамдығы дыбыстан бес есе жоғары. Соның нәтижесінде нысанасына тез арада жетеді.

Айта кетерлігі, гиперсоник зымырандар басқаруға қолайлы. Сондықтан оны анықтап, одан қорғану өте қиын. Қазіргі таңда мұндай қарудың ядролық оқтұмсықтарды діттеген жерге жеткізуге қабілетті екенін ескерсек, кез келген елдің гиперсоник ракетаны сынақтан өткізуі жаппай қырып-жоятын қарудан келетін қауіпті екі еселей түседі.

Өкінішке қарай, кейінгі кезде мұндай қаруға қызығатындар саны артты. Мә­селен, өткен айда Солтүстік Корея да дыбыстан жылдам ұшатын ракетаны сынақ­тан өткізген.

Зымыран КХДР-дың шығыс жаға­лауы маңынан теңізге қарай атылған көрінеді. Солтүстік Корея ядролық және баллистикалық зымыран арсеналын кеңейтуге арналған бағдарламасын бұрыннан күшейтіп келеді.

АҚШ-тың Солтүстік Корея жөніндегі арнайы өкілі Сун Кимнің айтуынша, дыбыстан жылдам зымыранды сынақтан өткізу аймақты тұрақсыздыққа әкеліп, өңірге қауіп төндіреді. Соған қарамастан, Вашингтон билігі Корея түбегін ядролық қарудан азат ету жөніндегі дипломатиялық әрекетін жалғастыра бермек.

Оңтүстік Корея бірлескен әскери штабының хабарлауынша, Солтүстік Кореяның гиперсоник зымыраны әлі толыққанды жетілмеген. Мұндай қорытынды ракетаның жылдамдығы мен басқа да мәліметтеріне сүйене отырып жасалған.

Осы орайда, бірнеше мемлекеттің гиперсоник зымырандарды сынақтан өткізгенін айта кеткен жөн. Мәселен, АҚШ-та, Ресейде бірнеше ракета түрі бар. Дегенмен олардың ешқайсысы толыққанды қолданысқа ене қойған жоқ.

Оның үстіне, мұндай қарудан қор­ғану жүйесі де жетілмеген. Қазіргі таңда қолда бар әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелері баллистикалық зымырандарды анықтап, оны жойып жібере алады. Ал гиперсоник ракеталарға қарсы қаншалықты тиімді екенін белгісіз.

Өкініштісі сол, кейінгі кезде қарулану жарысы қайта басталғандай. Әсіресе, ядролық қаруды игеруге талпыныс бұрынғыдан бетер арта түскен. Қазіргі таңда әлемнің бірнеше елінде ядролық қару бар. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты мүшелері – АҚШ, Ресей, Қытай, Франция және Ұлыбритания атом бомбасының заңды иегері саналады. Бұдан бөлек, Израиль, Үндістан және Пәкістан да ядролық арсеналы бар елдер қатарында. Иран да атом бомбасын иеленуге мүдделі. Ал Солтүстік Кореяның жөні бөлек. КХДР билігі бірнеше рет ядролық қаруын сынақтан өткізіп, әлемді шулатқаны есімізде.

Барак Обама Ақ үйді басқарып тұрғанда әлемді ядролық қарудан азат етуге қосқан үлесі үшін Нобель сыйлығының иегері атанды. Бірақ ол АҚШ-тың ядролық арсеналын жаңғыртуға уәде бергені есімізде. Нәтижесінде, АҚШ «смарт бомба» әзірледі. Салмағы 350 кило тартатын жаңғыртылған B61-12 моделі жер серік­терін пайдалана отырып, нысананы дәл көздей алады.

Сондай-ақ кейінгі кезде АҚШ ядро­лық қару саласын жандандыруды жос­парлап отырғанын хабарлады. Бұл ақпарат халықаралық қоғамдастықты алаңдатқаны анық. Биыл Ақ үй ядролық қаруға арналған бюджетті 37,3 млрд доллардан 44,5 млрд долларға көбейтуді жоспарлап отыр.

Кремльдің де ядролық қаруға қатыс­ты ұстанымы өзгеруі ықтимал. Бірінші­ден, Ресей әлемдегі ядролық арсеналы үлкен мемлекет саналады. Қазіргі таңда сол­түстіктегі көршімізде алты мың­ға жуық оқтұмсық бар. Соның 1500-ден ас­та­мы кез келген сәтте қолдануға дайын.

Екіншіден, Ресей жыл сайын ядро­лық арсеналын жаңартып отырады. Мәселен, құрлық аралық зымы­ран «Буревестник» әлемнің кез келген нүк­тесін нысанаға ала алады. «Посейдон» ядролық торпедосының қуаты ерекше. Құрлықаралық «Сармат» зымыраны, дыбыстан жылдам ұшатын «Авангард», мұның бәрі – Ресейдің ядролық қаруды жаңғыртудағы жоспарына кірген.

Қытай да қарулануға құмар. Халық­аралық бейбітшілікті зерттеу институ­тының (SIPRI) есептеуінше, Қытайда қазіргі таңда 320 оқтұмсық бар. Оның еш­қай­сысы тез арада қолдануға арнал­маған.

Дегенмен Бейжің билігі ішкі құпия­сын сыртқа шаша бермейтінін ескерсек, SIPRI-дің есептеуі шынайы мәліметті көрсетпеуі мүмкін. Қытай ешқашан оқтұмсықтарының нақты саны туралы тіс жарған емес. Тіпті жалпылама ақпарат білдіруге де емеурін танытқан жоқ. Бұған қоса ядролық қаруды азайту жөніндегі келісімдерге мүше емес. Ендеше, Бейжің билігі өз арсеналын алаңсыз ұлғайта алады.

Қазіргі таңда қырғи-қабақ соғыс ке­зін­дегіге қарағанда ядролық қару саны айтарлықтай азайған. Дегенмен қазіргі бар ядролық қарулар адамзатты жойып жіберуге жеткілікті. Оның үстіне, ядро­лық қаруды игеруге талпынған мемле­кет­­тер саны біртіндеп артып келеді. Осындайда, Қытай секілді жабық мем­лекеттердің дыбыстан жылдам ұша­тын, ядролық оқтұмсықтарды тасуға қабі­летті зымырандарды сынақтан өткізуі халықаралық тұтастық пен қауіпсіздікті сақтауға айтарлықтай кедергі келтіретіні айтпаса да түсінікті.