Еуразиялық даму банкі өзіне қатысты елдердің экономикалық жағдайына шолу жасаған. Шолу Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстанды қамтиды. Талдауда экономикалық көрсеткіштердің кең ауқымды спектрі назарға алынады, атап айтсақ – ішкі жалпы өнім (ІЖӨ), өнеркәсіп, пайыздық мөлшерлеме, инвестиция, тұтынушылық шығын, сыртқы және ішкі сауда, инфляция, несиелеу, валюта курсы, мемлекеттік қарыз деген сияқты. Бес елдің ахуалын баяндап отырсақ, ұзаққа созып аламыз, сондықтан зерттеу ішінен Қазақстанға қатысты деректерді суырып алайық.
«Қыркүйектен бері әлемдік энергетикалық нарық құбылып тұр. Өткен айда Еуропадағы газ бағасы пандемияға дейінгі көрсеткішінен бес есе қымбаттап кетті. Бұл спекулянттық сауда әсерінен туындап отырған тым қатты сұраныс өсімі секілді. Газбен қатар көмір мен мұнай бағасы да шарықтап жатыр. 2018 жылдан бері алғаш рет барреліне 80 доллардан асып түсті. Алайда біз баға спиралі одан әрі айнала береді деп ойламаймыз», дейді ЕАДБ бас экономисі Евгений Винокуров.
Банктің хабарлауынша, қаржы нарығында да бәрі тыныш емес. Америка мемлекеттік құнды қағаздарының табысы АҚШ-тағы сандық жеңілдету бағдарламасының қайтарылуын күтудің және ФРЖ-нің 2022 жылға арналған мөлшерлемені жоғарылатудың болжамының нәтижесінде қайтадан 1,5 пайыздан асты. Қытай экономикасының баяулауы да күн тәртібіне шықты. Жылжымайтын мүлік нарығы, IT-сектор үшін де анық тәуекелдер туындады. Аталған факторлар дамушы елдердегі облигациялар кірістілігінің өсуіне алып келеді, бұл орта мерзімді перспективада қарыздың тұрақтылығы проблемаларын тудыруы мүмкін. Ресей мен Қазақстанның жоғары емес деңгейін және біршама қорының бар екенін ескерсек, бұл елдер тәуекел аймағынан тыс.
Елдегі шектеу шараларына қарамастан экономика біртіндеп қарқын алып келеді деп есептейді банк. 2022 жылғы үкіметтік шаралар іскерлік белсенділікті қолдап, жоғарғы баға қысымын тежемек.
«Қаңтар-қыркүйекте ІЖӨ 3,4 пайызға өсті. Тамыз айында COVID-19 індетінің шарықтауына және шектеу шараларының енгізілуіне байланысты іскерлік белсенділік импульсі біршама төмендеді. Бұл, әсіресе, бөлшек сауда және өнеркәсіптік өндіріс секторларына теріс әсерін тигізді. Транспорт және қаттау саласындағы қызмет көрсету де кері көрсеткішке ие. Тамызда биліктен қолдау алғаннан кейін ауыл шаруашылығы динамикасы оң нәтижеге шықты. Мемлекеттің анық қолдауын сезінетін құрылыс секторы өсім драйверінің рөлін атқаруда. Тамыз айында өнеркәсіптік өндіріс қарқыны 1,9 пайызды құрады. Өңдеуші өнеркәсіптегі қарқын 4,7 пайызға артты. Ал қаңтар-қыркүйек аралығындағы инвестиция да оң көрсеткіш көрсетті. Оның номиналды көлемі 2019 жылдың қаңтар-тамыз айларындағы деңгейіне жетті. Биыл металлургия, фармацевтика, ауыл шаруашылығына инвестиция жақсы салынды. Тау-кен өндірісіндегі инвестициялық қызметті қалпына келтіру перспективасы да оң бағаланып отыр. Төлем балансының жаңартылған бағалауына сәйкес шетелдік инвесторлар табысы бірінші жарты жылдықта ІЖӨ-нің 0,5 пайызына дейін өскен.
ЕАБД елдегі іскерлік белсенділік өсті деп санайды. Қазақстан Республикасының PMI жиынтық индексі 51,4 балл болған. Бір ай бұрынғы көрсеткіш 50,7 балл еді. Карантин шараларының біршама жеңілдетілуі өңдеуші және қызмет көрсету саласындағы іскерлік белсенділіктің қайта жандануына септігін тигізген. Логистикалық қиындықтар салдарынан орындалмаған тапсырыстар саны ұлғайып кетті. Сондай-ақ тауардың өзіндік құны да қымбаттады. «Жылдың қалған уақытында аталған трендтер өңдеуші өнеркәсіп динамикасын біршама тежейді, бірақ күн өткен сайын оның әсері әлсірей береді» деп жорамалдайды.
«Сыртқы сауда айналымы қаңтар-шілде аралығында 7,4 пайызға жоғарылады. Көрсеткіштің көбеюіне ЕАЭО елдеріне жеткізілімдердің 42,1 пайызға, жалпы экспорттың 10,6 пайызға ұлғаюы әсерін тигізді. Импорттың оң динамикасын қалыптастыруда интеграциялық бірлестіктер рөл ойнады. Егер ЕАЭО елдерінен келетін жеткізулердің номиналды көлемі 18,9 пайызға ұлғайса, үшінші елдерден келетін тауар көлемі 9,3 пайызға қысқарған. Біздің көзқарас бойынша, Қазақстанда жақын перспективада үшінші елдермен сыртқы сауда айналымын ұлғайтуға деген әлеует бар. Қыс ызғарының ерте сезіле бастауы әлемде энергетикалық ресурсқа деген сұранысты арттырып жіберді. Бұл жағдай Қазақстанның экспорттық табысын арттыруы мүмкін» делінген шолуда.
Банк өз шолуында инфляция мәселесіне де тоқталған. Біздің бағалау бойынша тұтынушылық бағалар индексінің жылдық өсімі ең жоғарғы мәнге жақындады. Бұл біздің күтулерімізге сай келеді дейді банк.
«Азық-түлік тауарлары бағасының шарықтауы инфляция динамикасының негізін қалыптастыруды жалғастырып жатыр. Ішкі тұтынушылық сұраныстың қалыптасуына байланысты азық-түлік емес компонент те қымбаттап жатыр. Инфляция динамикасындағы күрт бұрылыс күздің соңында болады деп күтеміз. Қыстың басы, жылдың соңында оның деңгейі 7,9 пайыз болмақ. Тұтынушылық бағалар өсімінің баяулауы, статистикалық эффектіден бөлек, әлеуметтік маңызды тауарлар бағасын ұстап тұруға бағытталған үкіметтің әкімшілік шаралары мен кезең-кезеңімен атқарылатын ақша-несие ынталандыру шарасы инфляцияның төмендеуіне көмектеседі» деп жазады банк.
Мемлекеттік бюджет тапшылығын да ескерген банк, биыл табыстың артуына салық түсімдері үлкен үлес қосып жатыр деген тұжырым айтады. Ал салықтың артуына әсер еткен факторлар – іскерлік белсенділіктің тірілуі және маңызды экспорттық тауарлардың әлемдік бағасының көтерілуі.
«Номиналды табыс өсіміне Ұлттық қордан түсетін трансферт 2020 жылдың сегіз айымен салыстырғанда азайған. Оның көлемі 2019 жылдың қаңтар-тамызымен салыстырғанда әлі де болса 1,3 есе жоғары. Биыл табыс өсімінің номиналды қарқыны былтырмен салыстырғанда 2,7 есе баяулап қалды. Дегенмен әлеуметтік қолдау бюджет шығындарының басты бағыты болып тұр. Үкімет жоспарына сәйкес биыл жыл қорытындысы бойынша бюджет тапшылығы ІЖӨ-нің 3,5 пайызын құрайды. Бұл 2020 жылдың көрсеткішінен 0,5 пайызға төмен» делінеді банк зерттеуінде.