• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қазақстан 22 Қазан, 2021

Қазақстан Қырғызстанға әскери-техникалық көмек көрсетеді

398 рет
көрсетілді

ҚР Қорғаныс министрлігі «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Үкіметі арасындағы Орталық Азия өңірінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуде әскери-техникалық жәрдем көрсету туралы келісімге қол қою туралы» Үкімет қаулысының жобасын дайындады, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Орталық Азия өңірінің қауіпсіздігі мен қорғаныс әлеуетін қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан тарапы Қырғыз тарапына әскери мүлікті өтеусіз беру түрінде әскери-техникалық жәрдем көрсетеді. Әскери мүліктің атаулары мен көлемдерін тараптардың уәкілетті органдары осы келісімге қол қойылғаннан кейін 2 ай мерзімде дипломатиялық арналар арқылы келіседі», делінген құжатта.

Қазақстан Қырғызстанға қандай әскери мүлік тапсыратыны көрсетілмеді.

Бірақ қырғыз тарапы Қазақстаннан алынған әскери мүлікті тек осы Келісімнің мақсаттары үшін пайдаланады, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттерге қарсы пайдаланбайды.

Бұл ретте Қазақстан тарапы әскери мүлікті Қазақстан Республикасының аумағынан Қырғыз Республикасының аумағына автомобиль көлігімен жеткізуді қамтамасыз етеді, онда тараптардың уәкілетті органдары тағайындаған өкілдер актіні ресімдей отырып, әскери мүлікті қабылдау-беруді жүргізеді.

Қой-Таш елді мекеніне дейінгі көлік шығыстарын Қазақстан тарапы төлейді.

Келісімді іске асыру ҚР Қорғаныс министрлігіне республикалық бюджетте «Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің жауынгерлік, жұмылдыру әзірлігін қамтамасыз ету» бағдарламасы бойынша көзделген қаражат шегінде жүзеге асырылатын болады», делінген құжатта.

Келісім жобасы 5 қарашаға дейін «Ашық НҚА» сайтында жария талқылау үшін орналастырылған.