Қарағандыдағы жеке үйлердің бірінде өрт шықты. Жанып жатқан ғимарат пен көрші үйден жеті адам құтқарылды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Қарағандыда Кондитерская көшесіндегі жеке сектордағы үйлердің бірінде өрт шықты. Оқиға орнына жедел жеткен полицейлер жанып жатқан үйден екі ересек адам мен екі баланы сыртқа алып шықты.
Бірақ бұл кезде өрт үйдің шатыры арқылы көрші үйге тиген болатын. Тәртіп сақшылары ол үйден 3 адамды эвакуциялады. «Жедел басқару орталығынан жеке сектордағы үйлердің бірінде өрт шыққаны туралы хабарлама келіп түсті. Біз оқиға орнына бірінші болып жеттік. Түтіннің үлкен үйірмелерін көріп, бірден тұрғындарды қауіпсіз жерге эвакуацияладық. Өрттің таралу қаупі болғандықтан бірден көршілерді эвакуациялауға тырыстық. Біз тез әрекет етуге тырыстық. Себебі, үйдегі газ баллондары жарылуы мүмкін еді», деді полиция аға лейтенанты Бауыржан Түсіпбеков.