• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
17 Ақпан, 2014

Денсаулық сақтау министрлігі сынға ілікті

276 рет
көрсетілді

Ауыл халқының сапалы медициналық қызметке қолы жетпей отыр. Бұл туралы «Қазақстан» телеарнасы хабарлады. Бүгін, Парламент Мәжілісінде өткізілген Үкімет сағатында «Саламатты Қазақстан» бағдарламасының орындалуы талқыланды. Онда Парламент Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрайымы Дариға Назарбаева Денсаулық сақтау министрлігін сынға алды. «Халық ауруханалар мен емханалардың қолжетімділігімен қамтылмай отыр. «100 мектеп және100 аурухана» бағдарламасы бойынша 71 нысан салынса, соның 25-і ғана ауылда. Қалған нысандарды 2016 жылы аяқтау жоспарланған. Дегенмен, 13 нысанның  құрылысы әлі басталмаған. Мұның өзі адамдардың сапалы медициналық қызметке қолжетімділігі мәселесінің, әсіресе, ауылдық жерлерде әлі шешімін таппай отырғанын көрсетеді. Көптеген ауылдар аудан орталықтарынан қашықта орналасқан. Ендеше,  ауа райының қолайсыздығы жағдайларын, біздің жолдарымыздың жай-күйін есепке алсақ, шұғыл медициналық көмекті қажетсінетін күйге тап болған адамның жай-күйін көзге елестетудің өзі қиын», - деді халық қалаулысы Д.Назарбаева. Д. Назарбаева сөз орайында  жекелеген аймақтардағы медициналық нысандардың қондырғылармен толық қамтамасыз етілмегенін де алға тартты. Жалпы, республиканың 9 облысында құны 834 млн. теңгені құрайтын медициналық құрал-жабдықтар пайдаланылмай тұр екен. Ал Есеп комитетінің мәліметіне жүгінсек, «100 мектеп және100 аурухана» бағдарламасын жүзеге асыру барысында мемлекетке 1,5 млрд. теңге шығын келген. Әмірхан Алмағанбетов. Дереккөз: «Қазақстан» телеарнасы. Фото: «24 kz».