• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қаржы 24 Қазан, 2021

Тоғыз банктің қызметі тоқтайды

1442 рет
көрсетілді

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі лицензиясы қайтарылып, нарықтағы жұмысы тоқтайтын екінші деңгейлі банктер тізімін жариялады. Банк қызметін тоқтату кезіндегі негізгі мақсат – кредиторлардың талаптарын қанағаттандыру, олармен есеп айырысуды қамтамасыз ету және банктің барлық операциясын аяқтау деп көрсетілген агенттік мәлімдемесінде. 

Агенттіктің хабарлауынша, қазіргі уақытта 9 банк таратылу сатысында тұр. Бұлар – «Валют-транзит банк», «Қазин­вест­банк», Delta Bank, «Эк­симбанк Қазақ­­стан», «Астана Банкі», Qazaq Banki, Tengri Bank, AsiaCredit Bank және Capi­tal Bank Kazakhstan. Банктердің тарату өндірістерін жүргізу тәртібі және процесі туралы хабарлаған агенттік банк кредиторларының талаптары «Қазақстан Республикасының банктер және банк қызметі туралы» заңы негізінде орындалатынын айтады:

Бірінші кезекте, еңбекақы төлеу бо­йынша және өмірі немесе денсаулығына зиян келгені үшін банк жауапкершілік атқаратын жеке тұлғалар бойынша талаптар қанағаттандырылады. Екінші кезекте, жеке тұлғалардың депозиттері бо­йын­ша кепілдік берілген сома ше­гін­де «Қазақстанның депозиттерге кепіл­дік беру қоры» АҚ (ҚДКҚ) алдын­да есеп айырысу. Үшінші кезекте, банк мүл­кінің кепілімен қамтамасыз етілген міндет­темелер бойынша есеп айырысу. Төртінші кезекте, үлестес тұлғалар болып табылмайтын жеке тұлғалардың ҚДКҚ кепілдік берілген сомасынан асатын депозиттері бойынша, сондай-ақ зейнетақы актив­тері­нің есебінен жүзеге асырылған депо­зиттер бойынша және «өмірді сақ­тан­дыру» саласы бойынша жүзеге асы­рылған сақтандыру ұйымдарының депозиттері бойынша есеп айырысу. Бесінші кезекте, коммерциялық емес ұйымдардың жекелеген санаттарының (қайырымдылық ұйымдары, Ұлы Отан соғысының ардагерлері, мүгедектер қоғамдары) алдында есеп айырысу. Алтыншы кезекте, үлестес емес заңды тұлғалардың депо­зиттері бойынша есеп айырысу. Жетін­ші кезекте, салықтар, алымдар және бюд­жетке төленетін басқа да міндетті төлем­дер бойынша есеп айырысулар, рес­пуб­ликалық бюджет қаражаты және Қазақ­стан Республикасы Ұлттық қорының қара­жаты есебінен берілген қарыздар. Сегізін­ші кезекте, қалған кезектерге кірмеген басқа кредиторлар алдындағы есеп айы­рысулар. Тоғызыншы кезекте, үлестес жеке және заңды тұлғалардың депозиттері бойынша есеп айырысу. Оныншы кезекте, реттелген борыш және мерзімсіз қаржы құралдары бойынша есеп айырысу.

Бұл ретте әрбір кезектің талаптары алдыңғы кезектің талаптары толық орын­­далғаннан кейін қанағаттан­дыры­лады. Тарату өндірісін жедел аяқтау және креди­торлардың талаптарын өтеу мақ­сатын­да агенттік банктің тарату комис­сия­сын тағайындайды. Тарату комиссия­сы­ның құрамына тарату комиссиясының төр­ағасы мен мүшелеріне қойылатын талап­тарға сәйкес келетін кандидаттар, ҚДКҚ қызметкерлері немесе агенттік қыз­мет­керлері кіреді. Ол комиссия тараты­латын банктің атынан әрекет етеді және өз құзыретіне кіретін мәселелер бо­йын­ша дербес шешім қабылдай ала­ды: яғни кредиторлар тізілімін қалыптас­тыра­­ды, мүлікті сату бойынша сауда-сат­т­ық ұйымдастырады, берешекті сот тәртібім­ен өндіріп алу бойынша әрекет етеді.

«Банкті мәжбүрлеп тарату кезінде кредиторлардың мүдделерін қамтамасыз ету және олардың қатысуымен шешімдер қабылдау үшін кредиторлар комитеті құрылады, оның негізгі өкілеттігі – банктің активтерін (мүлкін) өткізу жоспарын бекіту және тарату шығыстарының сметасын бекіту. Кредиторлар комитеті­нің құрамына талаптардың ең көп сомасы бар кредиторлар, әрбір кезектегі кредиторлар санатынан бір-бір өкілден кіреді. Комитетке енгізілген кредиторлардың саны үш өкілден кем болмауы тиіс» делінеді агенттік хабарламасында.

Таратылатын тоғыз банктің сегізінде («Қазинвестбанктен» өзгесінде) кредиторлар комитеті бар екен. Сондай-ақ тарату өндірісінің шеңберінде банк активтері­нен тарату массасы қалып­тастырылады. Таратылатын банктің активтері: банктің меншікті мүлкінен; заңды және жеке тұлғаларға берілген қарыз­дардан; ақшадан; бағалы қағаздар­дан; жылжымалы және жылжымайтын мүліктен тұрады.

«Таратылатын банктің үйлері мен ғимараттары, өзге жылжымайтын мүлік объектілері, көлік құралдары құнына қарамастан, сондай-ақ таратылатын банктің мүлкінің біреуінің бағалау құны 100 айлық есептік көрсеткіштен асатын өзге мүлкі жария сауда-саттық (аукцион) арқылы ғана өткізіледі. Банктердің бүкіл мүлкін өткізу туралы ақпарат таратылатын банктің сайтында жарияланады. Таратылатын банктердегі активтердің негізгі түрі қарыздар бойынша берешек және дебиторлық берешек болып табылады. Бұл ретте таратылатын банктердің несие портфеліндегі NPL деңгейі 84 пайыздан 99 пайызға дейінгі аралықты құрайды» делінеді хабарламада.

Қазір әр банк кредиторлар талаптарын орындаудың түрлі сатысында жүр. «Қазинвестбанк», «Эксимбанк Қазақстан» және Delta Bank-тің тарату комиссиялары депозитор-жеке тұл­ға­ларға төленген кепілдік өтемақылар бойынша ҚДКҚ алдындағы, сондай-ақ ҚДКҚ-ның кепілдік төлемінің ең жоғары мөлшерінен асып түсетін депозиттер бойынша жеке тұлғалар алдындағы өз міндеттемелерін толық өтеген. Сонымен қатар «Қазинвестбанк» заңды тұлғалар алдындағы талаптарды 5,8 пайызға немесе 6,3 млрд теңгеге, «Эксимбанк Қазақстан» 19,1 пайызға (2 млрд теңге) және Delta Bank мүлік кепілімен қамтамасыз етілген кредитордың алдында 15,9 пайызға (2,2 млрд теңге) қанағаттандырды. Ал «Валют-транзит банк», «Астана Банкі», Qazaq Banki және Tengri Bank-тің тарату комиссиялары депозитор-жеке тұлғаларға төленген кепілдік өтемақысы бойынша ҚДКҚ алдындағы талаптарды қанағаттандыру сатысында тұр. 2021 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша Tengri Bank ҚДКҚ алдындағы талаптарды 87 пайызға немесе 15,4 млрд теңгеге, «Валют-транзит банк» 57 пайызға (10,4 млрд теңге), «Астана Банкі» 43,9 пайызға (16,5 млрд теңге), Qazaq Banki 16,3 пайызға (3,3 млрд теңге) қанағаттандырған.

Агенттік AsiaCredit Bank-тің аралық теңгерімді қалыптастырып, Capital Bank Kazakhstan-ның істерді уақытша әкім­шіліктен тарату комиссиясына беру бо­йынша жұмыс жүргізіп жатқанын айтады. Осы істерді аяқтаған соң олар кредиторлар тізілімін қалыптастыру және кредиторлар комитетін құруға кіріспек. Тұтас­тай алғанда, кредиторлардың талап­­тарын одан әрі қанағаттандыру мөл­­шері банк­тердің тарату массасына кіретін актив­тердің сапасына байланысты болмақ.

Азаматтар қызметі тоқтайтын банк­тердің тарату өндірісінің барысы туралы ақпаратты агенттіктің ресми сайты­нан таба алады. Ал депозитор-жеке тұлға­ларға кепілдік берілген өтемді төлеу бары­сы туралы ақпарат ҚДКҚ ресми сайтын­да жарияланған. Таратылатын банк­тер де өздерінің ресми ресурсында банктердің сатылатын мүлкі туралы ақпар шығарады.