Грекияның Салоники қаласында самбодан жастар және жасөспірімдер арасында өткен әлем чемпионатында Қазақстан құрама командасының мүшесі Аида Тойшыбекова толайым табысқа қол жеткізді.
Отызға жуық елдің балуандары күш сынасқан дүниежүзілік додада Қарағандының балуан қызы 80 кило салмақ дәрежесінде қарсылас шақ келтірмей, алтын медальға ие болды.
Жартылай финалда ол украиналық самбошыны тізе бүктірді. Ал алтын жүлде үшін болған белдесуде Ресейдің мықты балуанын айқын басымдылықпен жеңген.
Аида Тойшыбекова Қарағандыдағы Әлия Молдағұлова атындағы олимпиадалық резервтің облыстық мамандандырылған мектеп-интернат колледжінде оқиды. Ол бапкер Қайрат Абдуллаевтың қарамағында жаттығады.
Аталған әлем чемпионатында Қарағанды облысының тағы бір жас спортшысы Алдияр Қарғұлов 53 кило салмақ дәрежесінде қола жүлдегер атанды. Ал жалпыкомандалық есепте Қазақстанның жастар құрама командасы ұлдар және қыздар арасында Ресей мен Өзбекстан самбошыларын алға жіберіп, жүлделі үшінші орынға табан тіреді.
Қарағанды облысы