Кеше Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Парламент Сенатының бюро отырысы болды, деп хабарлады осы палатаның баспасөз қызметі.
Палата Төрағасы «Қазақстан-2050» Стратегиясын іске асыру мәселелері жөніндегі Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев алға қойған міндеттерге қатысушылардың назарын аударды. Төраға атап өткендей, Парламент алдында халықтың әл-ауқатын жақсарту, кәсіпкерлікті ынталандыру, қаржы секторының тұрақтылығын нығайтуға бағытталған шараларды сапалы заңнамамен қамтамасыз ету міндеті тұр. Осыған байланысты, Қ.Тоқаев сенаторларды заң шығару саласында қарбалас күндердің күтіп тұрғанын жеткізіп, өнімді еңбек етуге шақырды.
Бюро мүшелері Сенаттың алдағы 20 ақпандағы отырысының күн тәртібін бекітті. Атап айтқанда, депутаттар Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі Хатшылығының Қаржылық қағидалары туралы келісімді ратификациялау туралы, Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне екінші деңгейдегі банктерді қайта ұйымдастыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы және Сенаттың Табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту жөніндегі тұрақты комитетін қайта атау туралы мәселелерді қарайтын болды.
Салалық комитеттердің төрағалары депутаттардың осы заң жобаларын қарау барысы туралы баяндады.