• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 26 Қазан, 2021

Күлкіні азайтсақ қайтеді?

778 рет
көрсетілді

Тәуелсіздікті енді алған алғашқы жыл­дардағы саяси әлеуметтік ахуалды жас буын жақсы білмейді. Жалпы кез кел­ген адам не нәрсеге болсын біржақты үкім айт­па­ға­ны дұрыс. Бірақ сол кездегі жағ­дай туралы бүгінгі аға буын, зиялы қауым әлдебір сұмдықтарды абайсызда өздері айтып қалғанда не деріңді білмей қаласың.

Сонау тоқсаныншы жылдардың басында «қазақ ата-бабасымен мақтанғанды жақсы көреді, ас беруден жарыстырып қою керек. Сондай-ақ айтыс пен әзіл-қалжыңды да арналардан көптеп берген жөн» деген ұсыныс көп қолдауға ие болған деседі. Бұл ақпараттың қаншалықты рас екендігіне қатты мән беріп қажет емес. Тарих деген таразы айтылған жайдың ақ-қарасын кейін өзі-ақ мөлшерлейді. Қазақ­тың әлі күнге дейін сылқ-сылқ күліп, теле­ди­дар­дың алдында тапжылмай отырғаны көп жайды аңғартатындай. «Бақуатты адам­дарда үлкен кітапхана, кедей адамдарда үлкен теледидар болады» деген де сөз бар.

Әзіл-қалжыңға қатты берілгендігіміз сонша, бүкіл телеарналарымыздың төрін арзан күлкінің ұясына айналдыртып қойдық. Тілді шұбарлаудан бастап, ұлттың ар-намы­сын, болмысын, ұятын, мінез-құлқын аяқасты етуге дейін барған олар тіпті бара-бара қай­раткер тұлғалардың деңгейіне көтерілуді көздей бастады.

Қазақты күлдірген сайын қалталары қалыңдады. Мемлекетті мазақ еткен са­йын мерейлері өсті. Ешкім бетінен қақпады, қарсы келген адам табылмады. Тайраңдаған сайын тайраңдап, кезіндегі қазақтың танымал бағдарламасы «Тамашаның» өзін тұншықтырып тастады.

Ардан аттау орта буын мен кейінгі тол­қынның үйреншікті ісі екеніне бүгінде көпшіліктің көзі жеткендей. Бірақ батыл шешім қабылдауға, батырып айтуға өкінішке қарай, құлықсызбыз. Неге?  Ешкімге күлме демейміз. Интеллектуал адам юморға жа­қын болуға тиіс. Алаш қайраткері Әлихан Бөкейхан қуатты қалжыңдарымен қағытып қалғанда «мұртты көсемің» (Сталин) мұрттай ұшады екен. Әзілсіз өмір – әрсіз өмір. Оны түсінеміз. Бірақ дәл қазір шектен шыққан дарақы күлкі дал-далымызды шығарғанша күлетіндей жағдай емес.

Тағы да айтамыз, біз бұл жазбамыз ар­қылы күлудің күңгірт жағы көп дегенді біл­дір­гіміз келмейді. Әлемді сұлулық құтқарса, әлемді күлкі де құтқарады. Жазушы  Антуан де Сент-Экзюперидің «Жымиыс» деген жып-жылы әңгімесі бар. Шығарманың шағын оқиғасы түрменің ішінде өтеді. Сот шешімі қылмыскерді өлім жазасына ке­седі. Жендеттер мылтықтарын майлап, оқ-дәрілерін сайлап, жазаланушының соң­ғы тілегін тыңдайды. Ажал алдындағы адам­­ның соңғы әрекеті қандай болатынын жорамалдап отырасыз. Бірақ оқиға әрі қарай тым басқаша өрбіп сала береді. Кенет өлім алдындағы кейіпкер темекі шек­кісі келетінін айтады. Оңай тілекке мәз болған жаза орындаушыларының бірі оған жақындап барып сіріңке тұтатады. Сол кезде... Сол кезде дар алдында тұрған жанның көзіне жазалаушының көзі түсіп кетпесі бар ма? Қараңғы бөлмеге әлсіз таралған жалқы сәт әлгі жарық жазаланып, оққа ұшқалы тұрған адамның көзіндегі күлкіні көр­сетеді. Жып-жылы жымиыс, риясыз күлкі әлгі сұп-суық, тас қараңғы бөлменің ішін құд­ды бір нұрландырып жібергендей болады. Жендетте де жүрек бар, ол да ет пен сүйек­тен, қан мен топырақтан жаралған адам, бұл бей­күнә жымиысқа күлімсіремей жауап қат­пауы мүмкін емес еді.

Ашып айта кететін бір жайт, біздің қылмыскер деп отырғанымыз анау айтқандай таза қаныпезер адам емес. Әлгі күлкілер олар тұрған бөлмені ғана емес, бүкіл әлемді аралап кеткендей болады. Жазушының жалпы айтпағы, кінәсіз күлкінің алдында мұздай қарудың өзі қауқарсыз.

Бірақ біздің бүгінгі күлкіміз тым жабайы, тым жалбағай, тым жағымсыз, тым орынсыз болып барады. Неғұрлым өзімізді келеке етіп әзілдейтін кері кеткен күлкіні ұнатамыз. Сақ-сақ күлеміз, әлде сасқалақтап күлеміз. Белгісіз. Бәлкім біздің бұл күлкіміз де Экзюпери кейіпкерінің жантәсілім алдындағы күлкісіндей дәрменсіз, орынсыз жерде келген орайсыз күлкі ме екен? Жазушы кейіпкеріне ол күлкі кейін өмір сыйлады. Бізге ше?  Тап басып айту қиын. Айтпақшы, сол қалың күлкінің арасында шенеуніктердің өтірік жымиыстары да бар. Ол енді басқа әңгіме.