Мемлекет басшысы Қазақстан мен Мажарстанның Стратегиялық кеңесінің бесінші отырысына және бизнес-форумға қатысу үшін елордаға келген Мажарстан Премьер-министрінің орынбасары – Қаржы министрі Михай Варганы қабылдады, деп хабарлайды Egemen.kz Ақордаға сілтеме жасап.
Кездесу барысында қос тарап сауда-экономикалық, қаржы, инвестиция және мәдени-гуманитарлық салалардағы қатынастарды дамытудың перспективаларын қарастырды. Сондай-ақ, пандемияға қарсы күрес шараларына, климаттың өзгеруіне және аймақтық күн тәртібіне қатысты мәселелер талқыға салынды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің тілеулес досы Михай Варгаға ілтипат білдіріп, оның Қазақстанға сапары табысты болатынына және екі мемлекет арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға серпін беретініне сенім білдірді.
Мажарстан Премьер-министрінің орынбасары – Қаржы министрі Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс білдіріп, әлемдегі эпидахуалға қарамастан, Қазақстан мен Мажарстан арасындағы байланыстардың даму қарқыны бәсеңдемегенін еске салды.
Қазақстан Президенті мен Мажарстан Премьер-министрінің 2019 жылғы сәуірде Нұр-Сұлтан қаласында табысты кездесу өткізгенін айтқан Михай Варга Мажарстан басшылығы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Будапештке алдағы уақытта жасайтын сапарын асыға күтіп отырғанын айтты.
Мажарстан саясаткері Президентке пандемия кезінде көрсеткен қолдауы үшін алғыс білдіріп, Нұр-Сұлтан қаласындағы бизнес-форумның табысты өткенін алға тартты. Аталған шара барысында бірқатар маңызды инвестициялық келісімге қол қойылды.
Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Мажарстан арасындағы ынтымақтастықты дамытуға қосқан үлесі үшін Михай Варганы II дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады.