Ұлттық банк ақша-несие саясаты 25 қазан күнгі қабылдаған шешімінде қазір 9,5 болып тұрған базалық пайыздық мөлшерлемені 9,75-ке дейін көтерді. Осылайша, базалық ставка бір жарым жылға созылған үзілістен соң қатарынан үш рет жоғарылап отыр.
Инфляция дауылы қашан саябырлайды?
Сарапшылар базалық мөлшерлеменің жоғарылайтынын таяуда ғана білдірген болжамдарында айтқан болатын. Өйткені қыркүйекте жылдық мәндегі инфляцияның 8,9 пайызға дейін көтерілуі осыған себеп. Алайда базалық ставканың осының алдында 9,25-тен 9,5-ке көтерілгені баға өсіміне тежеу сала алған жоқ.
Өтімділікті ұсыну жөніндегі тұрақты қолжетімді операциялар бойынша мөлшерлеме 10,75, ал өтімділікті алу жөніндегі тұрақты қолжетімді операциялар бойынша мөлшерлеме 8,75 пайыз болады. Шешім экономикада сақталып отырған инфляцияға қарсы қысым аясында қабылданды. Соның нәтижесінде инфляция 2021 жылы 7,5-8,5 пайыз болжамды ауқымнан, әлемдік нарықтардағы бағалардың өсуінен, сауда әріптес елдердегі инфляцияның жеделдеуінен және ел ішіндегі жоғары инфляциялық күтулерден жоғары қалыптасады делінген Ұлттық банк мәлімдемесінде.
Бұл орайда Ұлттық банк базалық ставканы көтеруге себеп болған бірнеше факторды тізбелейді. Алғашқысы – сыртқы инфляциялық ахуал. Бұл әлемдегі азық-түлік бағасының жоғары болуына, жеткізілім қатарының үзілістеріне, тасымалдау, шикізат пен энергия тасымалдаушылар құнының өсуіне, сондай-ақ ішкі сұраныстың қалпына келуіне байланысты. Екіншісі – негізгі сауда әріптес елдердегі жоғары инфляция. Қытайда көмір мен энергияны көп қажет ететін салалар өніміне бағаның жоғарылауы салдарынан өндірушілер бағасының индексі 10,7 пайызға дейін өскен. Қыркүйекте ЕО-да жылдық инфляцияның 3,6, Ресейде 7,4 пайызға дейін жылдамдауы біздің нарыққа әсер етпей қоймайды. Елімізде де қыркүйек айында жылдық инфляцияның 8,9 пайыз болуы жылдық инфляцияның қолтығына су бүркіп тұр.
«Азық-түлік инфляциясы жеміс-көкөніс өнімдері бағасының маусымдық төмендеуіне қарамастан 2021 жылғы қыркүйекте жылдамдауын жалғастырып, жылдық мәнде 11,5 пайыз болды. Жемшөп дақылдары, дизель отыны, электр энергиясы және бидай бағасының көтерілуі кезінде өндірушілердің өзіндік құнының өсуі нәтижесінде ет (10,3 пайыз), нан-тоқаш (8,7 пайыз) және сүт өнімдері (8 пайыз) бағасының жылдық өсуі азық-түлік инфляциясының жеделдеуіне негізгі серпін болды. Қыркүйек қорытындысы бойынша азық-түлікке жатпайтын инфляция жылдық мәнде 7,5 пайыз болды. Осы жылдамдауға үй тұрмысындағы заттар, киім-кешек пен аяқ киім, ЖЖМ мен қатты отын бағасының жылдық өсуі негізгі үлес қосады. Киім-кешек пен аяқ киім бағасы импорттық тауарлар бағасының жоғарылауына, тұтынушылық сұраныстың қалпына келуіне және халықтың нақты ақшалай табысының өсуіне байланысты артуда. Өз кезегінде, өзіндік құнның өсуіне және экономикалық белсенділіктің қалпына келуіне байланысты жанар-жағармай мен қатты отын бағасы артты» делінеді бас банктің хабарламасында.
Ұлттық банктің хабарлауынша, 2022 жылдың ортасынан кейін ғана дамыған елдерде инфляция қарқыны баяуламақ. Нақтырақ айтқанда, пандемияға дейінгі көрсеткішке оралады.
«Дамушы елдерде валюта бағамдарының әлсіреуі салдарынан азық-түлік, мұнай және импорттық тауарлар бағасының өсуіне байланысты инфляциялық қысым сақталады. Жоғары сыртқы және ішкі инфляциялық ахуал жағдайында Ұлттық банк 2022 жылы 4-6 пайыз дәлізіне кіру мақсатында ақша-кредит саясатын қалыпқа келтіруді жалғастыруда» делінеді Ұлттық банк мәлімдемесінде.
Базалық мөлшерлеме өскенге дейінгі ой
DAMU Capital Management бас директоры Мұрат Қастаевтың айтуынша, бағаның белсенді өсімі – әлемде болып жатқан үрдіс.
«Әлемдік экономиканың кенеттен қалпына келуіне байланысты компаниялар тауар сұранысын өтеп үлгере алмай жатыр. Әрине, инфляция өсіміне себеп болатын ішкі факторлар да бар. Бұл – жоғарғы бюджеттік шығындар және отын бағасының өсуі» дейді сарапшы.
Бұған дейін «Фридом Финанс» АҚ сарапшысы Данияр Оразбаев мөлшерлеме 25 базалық тармаққа дейін көтеріледі деген болжам айтқан еді. Ол күзде жеміс-жидек пен көкөніс бағасы өседі әрі дизелді отын бағасы да қымбаттайды, ондай жағдайда инфлицияның төмендеуін күте алмаймыз деген болатын.
Ал «Ренессанс Капитал» инвестициялық компаниясының Ресей және ТМД бойынша экономисі Андрей Мелащенко бір қызығы, базалық ставка 9,5 пайыз күйінде сақталады деген пікір айтып, оған өз дәлелдерін де келтірген. «Апталық көрсеткіштер әлеуметтік маңызды өнімдер бағасының өскенін айтып тұрса да біздің бағалауымызша, инфляция өзінің ең жоғарғы мәнінде тұр және жыл соңына таман төмендеуі тиіс. Қадағалаушы шешіміне әсер етуі мүмкін проинфляциялық факторлар қатарында – реалды жалақының берік өсімі (II тоқсанда 9,8 пайыз), тұтынушылық несиенің күрт өсімі (тамызда 33,8 пайыз) бар» деген еді.
Телеграмдағы Tengenomika каналының жазуынша, 4-6 пайыз дәлізіне кіру үшін Үкімет пен жергілікті атқарушы органдардың тиімді шаралар қабылдай алуы да өте маңызды.
Еске салсақ, Ресей банкі де бірнеше күн бұрын ғана базалық ставканы 6,75 пайыздан 7,5 пайызға дейін жоғарылатты. Осылайша, Ресей орталық банкі базалық ставканы алтыншы рет қатарынан өсіріп отыр.
Ұлттық банктің ақша-несие саясаты жөніндегі комитетінің базалық мөлшерлеме бойынша кезекті жоспарлы шешімі 2021 жылғы 6 желтоқсанда Нұр-Сұлтан қаласының уақыты бойынша 15:00-де жарияланады.