• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
06 Мамыр, 2010

ЖЕҢІС-65

655 рет
көрсетілді

БАТЫР ШАҢЫРАҒЫНДАҒЫ ҚОНЫС ТОЙЫ Оңтүстікте Кеңес Одағының Батыры атағына ие болған жау­ын­герлерден көзі тірісі жалғыз Тоғанбай Қауымбаев. Ол 1943 жылы Днепр өзенін жалдап өтіп, жау бекінісіне бірінші болып атой салғаны үшін Батыр атағына ие болған жауын­гер­лердің бірі. Бейбіт өмірде де өмірі өнеге болған ақ­сақал қар­тайған шағында аудан­нан Шым­кент шаһарына көшіп келген. Алайда, өз атында пәтері жоқтық­тан отбасылы болған ба­ла­лары­ның тар үйін сағалап, жұ­байы екеуі­нің екіге бөлініп қо­нып жүр­ген жағдайлары бар еді. Батырға уа­қытында шаһардан пәтер беріл­ген. Ауданда тұратын ақсақал пәтерін ұлына сыйға тарт­қан. Өмірде адамның ойла­ға­ны бола бере ме, ұлы мезгілсіз дү­ниеден өтті де қаражаттан қысылған зайыбы пәтерді сатып жіберген. Қартайған адамдарға қала­ның жайлы пәтері керек екендігі тү­сінікті. Ал, әкімдік заңдық тұр­ғыда екінші рет пәтер бере алмайды екен. Бірақ, заңға том­пақ болады екен деп көзі тірі жал­ғыз Батырды туған-туыс­тарының қо­лы­на жаутаң­датып қою қандай азаматтық өлшемге сыяды? Көзі барда жа­сал­маған жақсы­лықтың күні ертең тас мү­сін ескерт­кішке ай­на­луынан кім ұтады? Жас ұр­пақ алар ғибрат қайда?! Осының бәрін таразылаған облыс әкімі Асқар Мыр­зах­метов Жеңіс ме­ре­ке­сі қар­саңында Шым­кенттің қақ ор­та­сынан са­лын­ған жаңа үйден То­ғанбай Қауым­баев пен “Даңқ” ор­дені­нің үш дәреже­сінің ка­ва­ле­рі Қарабай Қал­таевқа пәтер кілт­терін салтанат­пен тапсырды. Сөйтіп, қос пәтерді са­­тып алу үшін бюд­жеттен 14 мил­лион 886 мың теңге бөлініп, ардагерлер бас­паналы болды. – Отан қорғауда жасаған ерліктерімізді бүгінгі балаларға міндет еткен жағдайымыз жоқ, – дейді Батыр. – Бірақ, қар­тайғанда, бойдан қуат кеткенде аяқтан алған қиыншылық айт­қыз­басқа қоймады. Жағдайы­мыз­ды түсініп, жайлы пәтер бөлдірген облыс басшысы Асқар Мырзахметовке айтар алғысы­мыз шексіз. Бақтияр ТАЙЖАН. Оңтүстік Қазақстан облысы. МАЙДАНГЕР ПӘТЕР АЛДЫ Атырау облысының әкімі Бергей Рысқалиев Жеңіс мере­ке­сі қарсаңында соғыс ардагер­лері­нің бір тобын арнайы үй­ле­ріне барып құттықтады. Май­дан­герлер Израиль Лернер, Құ­лым Ораз­баев, Мүр­сә­лім Құ­рақбаев, Ізімғали Жұма­ғалиев... Бұлардың бәрі де Отан үшін от кешіп, жа­лындаған жастық ша­ғын майдан даласында өткіз­ген­дер. Осы ардагерлердің бүгінгі тұрмысымен, хал-ахуалымен та­нысқан өңір басшысы Жеңістің 65 жылдық мерекесіне орай шы­ға­рылған мерекелік медальды табыстап, әрқайсысына 85 000 теңге кө­ле­мінде қаржылай кө­мек ұсынды. “Об­лыста сіздердің қа­руластарыңыз азай­ып барады. Ерлік­те­ріңіз бүгінгі ұр­пақ­қа үлгі-өнеге, әрдайым өздеріңізді құр­мет тұтамыз. Ел­ба­сы Нұрсұлтан На­зарбаев соғыс арда­герлерінің әлеу­­меттік тұрмы­сын жақ­сар­туға, те­гін ем­де­луі­не жағ­дай ту­ғызуды тап­сырып отыр. Бүгін алдағы Жеңіс ме­ре­кесімен құт­тық­тау үшін ар­найы келіп отыр­мын”, деді об­лыс әкімі қарт­тарға. Әкімнің ай­ту­ын­ш­а, өңірдегі әр со­ғыс ардагеріне 85 000 теңге кө­ле­мін­­де бір жолғы қар­жылай көмек көр­сетіледі. Соны­мен бірге, Жеңіс күніне дейін 15 майдангерге жаңа пәтердің кілті тапсырылады. Жаңа баспана алу­ға өтініш берген Ізімғали Жұ­мағалиев зайыбы Үмітпен бірге 8 ұл-қыздан өрбіген не­мере-шө­берелерінің амандығын тілеп отыр. Он сегізінде соғысқа ат­тан­ған ол мүгедек болып орал­ған. Бірақ мүгедектігін міндет­сін­бей, бейбіт өмірде еңбектен қол үзбеген. Ұзақ жыл мұнай са­ла­сында еңбек етіп, қала ірге­сіндегі шағын баспанада ұрпа­ғын өрбітіп, Жеңістің 65 жыл­дық мерекесін қарсы алғалы отыр еді. Енді оған Атырау қаласындағы “Алмагүл” ықшам ауданында жаңадан бой көтерген көп қабатты үйден 2 бөлмелі пәтер берілді. Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ. Атырау облысы. АРДАГЕРЛЕР АЛҒЫС АЙТТЫ Облыс әкімі Бақтықожа Із­мұхамбетов ұлы Жеңістің 65 жылдығына орай Мәскеу мен Астана қалаларында өтетін мере­ке­лік шараларға қатысатын май­дангерлерді қабылдап, құрмет көрсетті. Облыс басшысы ардагерлерді Жеңіс мейрамымен жылы құт­тық­тап, ізгі тілегін білдірді. Әкім салтанат барысында майдан­гер­лерге мемлекеттік наградаларды табыс етті. Мәскеудегі Жеңіс шеруіне қатысатын Бисен Жұ­мағалиев пен Иван Гапич ел Пре­зи­дентінің Жар­лы­ғымен “Құрмет” орденімен марапат­тал­са, елордаға жолы түсетін Қасен Қос­паев “Ерен ер­лігі үшін” және Ми­хаил Панченко, Мә­жит Жаданов, Николай Плот­ников, Есмақ Мол­да­шев, Лев До­рофеев, Әли Кен­же­шев, Сүйеу Ығыл­­­манов, Қадыр Ғайсин, Ни­колай Ветров Жеңістің 65 жыл­дығына ар­нал­ған мерейтойлық медальға ие болды. Қазіргі таңда облыста 698 майдангер ғана қалды. Оларға және тыл еңбеккерлеріне қолдау көрсету мақсатында биыл республикалық бюджеттен 263,4 млн. теңге, ал облыстық бюд­жет­тен 97 млн. теңге бөлінді. Өт­кен жылы 89 батысқазақ­стан­дық ардагер үй алса, биыл 38-і Орал қаласында және 23-і ауылдарда жаңа пәтерге көшпек. Темір ҚҰСАЙЫН. Батыс Қазақстан облысы.