Қазақстандықтардың құнды қағаздар нарығына деген қызығушылығы күн санап артып келеді. Бұған ресми статистика да, әлеуметтік желідегі түрлі жазбалар да дәлел бола алады. Жыл басынан бері ашылған сауда шоттарының саны 52 пайызға өскен.
Жыл сайын инвестиция салу нарығында түрлі жаңалықтар мен жаңашылдықтар пайда болып жатыр. Егер осыдан он жыл бұрын ғана азаматтар табысынан артылған азын-аулақ ақшасын не үйде сақтап, не депозитте жинап қана амалдаса, қазір инвестиция жасап, өз капиталдарын еселеудің де жолын таба бастаған. Екінші деңгейлі банктердегі депозит жобаларынан бөлек, құнды қағаздар нарығында белсенді жұмыс істейтін брокерлік және сақтандыру, сондай-ақ активтерді басқару компаниялары инвестициялауға арналған өнімдерді ұсынуға көшті.
Қазақстан құнды қағаздардың орталық депозитариі таратқан ақпар бойынша, қазірдің өзінде елімізде жеке тұлғалар ашқан 196,6 мың дербес шот тіркелген. Жыл басынан бері олардың саны 52,1 пайызға немесе 67,4 мыңға көбейген. Finprom-ның хабарлауынша, жұмыспен қамтылған азаматтардың 2,2 пайызы құнды қағаздар нарығындағы операцияларға дайын немесе қазірдің өзінде қатысып жатыр.
Жеке тұлғалар үшін бұл сегменттегі танымал құралдардың бірі – жарналық инвестициялық қорлар. Онда ұжымдық қаржы салу формасы да қарастырылған. Қор клиенттерінің қаржысы басқарушы компанияның сенімгерлік басқаруына беріледі. Басқарушы компанияны таңдау кезінде аса мұқият болған жөн: қазір елімізде қаржылық қадағалаушыдан лицензия алмай жұмыс істеп жатқан бірнеше компания бар. Өздерін басқарушы компания деп жарнамалайтын қаржы пирамидалары да көп. Соған байланысты жақында Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі нарықта заңсыз қызмет етіп жүрген компаниялар тізімін жария етті. Тізімге жалпы 121 субъект енгізілген. Оның 56-сында қаржы пирамидасының белгілері бар болса, 65-і – заңсыз инвестициялық делдал (жалған брокерлер) қызметін атқарған. Сондықтан басқарушы компания таңдау кезінде адаспау керек. Мәселен, нарықта танымал, сенімді компания ретінде қалыптасқан ұйымдарға азаматтардың көбі зейнетақы жинағындағы артық қаржысын беріп жатыр.
Биылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша инвестициялық қорлардың ашық және интервалдық активтері жыл басынан бері 38,9 пайызға көбейіп, 124,9 млрд теңгені құраған. Жарналық инвестициялық қорлар активтерінің көп сомасы Halyk Finance-қа тиесілі – 53,5 млрд теңге. Бұл былтырмен салыстырғанда екі есе жоғары көрсеткіш. Қазір компания 4 валюталық жарналық инвестициялық қорға басшылық етеді. Оның ішінде ең ірісі – Halyk — Валютный қоры. Активтер сомасы 41,5 млрд теңгеге жеткен. Инвестициялық қорлардың екінші сатысында BCC Invest тұр: 52,9 млрд теңге. Қазір компания қарамағында «ЦентрКредит – Валютный» атты интервалдық инвестициялық қор бар. Үздік үштікті 8,8 млрд теңгемен Jusan Invest түйіндейді.
Егер таза активтер құнына мән берер болсақ, 1 қазандағы жағдай бойынша нарық лидері ретінде Halyk Finance пен BCC Invest компанияларын атай аламыз.