Қарабалықтағы қарттар үйі жұмысын тоқтатты. Көп жылдар бойы бұл мекемені кемтар жандар да паналап келген еді. 6 қазанда аталған мекеменің моншасынан өрт шығып, интернат ғимаратының шатыры жанып кеткен болатын.
Өкінішке қарай, облыс басшылығы бұған дейін ресми түрде арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы деп аталып келген мекемені жойып, 1938 жылы салынған ескі ғимаратты бұзу туралы шешім қабылдады.
Нәтижесінде 49 адам тұрақты жұмысынан айырылып отыр. Осыған орай, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Гүлнар Әбенова бастаған жұмыс тобы Қарабалық ауданына барып, медициналық-әлеуметтік мекеменің ұжымымен кездесті. Жиынға аудан әкімі Руслан Халықов та қатысты.
Жұмыссыз қалғандардың ішінде санитарлар мен медбикелер, азпаздар, арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының өзге де мамандары бар. Жиын барысында аудан басшысы олардың әрқайсысының еңбекпен қамтылуын тікелей бақылауына алатынын жеткізді. Аудандық жұмыспен қамту орталығының мәліметінше, қазір Қарабалықта 72 жұмыс орны бос тұр. Кездесуге қатысқан жергілікті мекемелер мен кәсіпорындардың басшылары да бірінші кезекте зейнет жасына аз қалған қызметкерлерге жұмыс ұсынды.
Басқарма басшыларының айтуынша, аталған интернат үйін қалпына келтіру және бұдан әрі қарай ұстап отыру тиімсіз. Өрттен кейін медициналық-әлеуметтік мекемеде тұрып жатқан 51 адам көршілес аудандарға көшірілген. Мемлекет қамқорлығындағы қарттардың көбі Федоров, Рудный және Қарасу аудандарындағы әлеуметтік мекемелерге орналастырылды. Ал Қарабалықтағы аудандық ауруханада жатқан интернат үйінің бұрынғы тұрғындары емдеу мекемесінен шыққаннан кейін, Рудный қаласындағы №1 арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығына орналастырылады.
Қостанай облысы