• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
19 Ақпан, 2014

Әдемі әңгімелер

2608 рет
көрсетілді

«Басқалардың қалай қабыл­дайтынын біле қоймаймын, менің Жаратқаннан бұйырған жалғыз өнерім – ақындық, жазушылық болғанымен, басты шаруам – кі­тап оқу, қолдан келсе, үзбей оқу. Кейбіреулердің күлуі мүмкін. Бала кезден тірнектеп жинаған кәді­м­гі­дей бай кітапханам бар, кейде мен сол байлығыма қарап жатып, осы кітапханамды тағы бір қайыра оқып шығарлық мүмкіндігім болса ғой, шіркін, деймін қиялдап!.. Бұл жетпістің үстіне шыққан шал тү­гіл, жиырмаға жаңа жеткен жас жігіттің өзіне бұйыра бер­мей­­тін бақыт!..» – деп жазып еді ха­лық жазушысы, көрнекті ақын Қа­дыр Мырза Әли жазушы Думан Ра­мазанның «Алланың әмірі» ат­ты әңгімелер жинағына жазған ал­ғы­сөзінде (Алматы, «Жазушы», 2008 жыл). Қадыр ағамыз айтқандай, біз де қолымызға түскен жақсы кітапты оқып, бір жасап қалатын әдетіміз бар. Әсілі, қай кезде де жақсы кі­тап адамның жан сарайын шуаққа бөлейтін, рухани жан азығы екен­дігі аксиома ғой. Бүгінгі қазақ прозасында қыз-келіншек жазушылардан Баян Болатханова жиі көрініп жүр. Баянның «Бибіажар мен Бойтұмар» повесі мен «Сары­кө­жек» әңгімесі «ZHERSU» корпорациясы мен Қазақстан Жазушылар одағы жыл сайын ұйымдастырып келе жатқан балаларға арналған туындылардың «Дарабоз» бәйге­сін­де екі мәрте жүлделі орынды иеленді. Өткен жылғы жазда «Қа­зақ әдебиеті» апталығынан Шәр­бану Құмарованың «Ақ толқын – асау сезім» атты әңгімесін оқып, марқайдым. Кезінде Ш.Құ­марова­ның «Сәуірдің ақ таңы» жи­нағын іздеп жүріп оқығанбыз. Бір қуаныштысы, қаламгер қыз-келіншектер көп қой. Солардың арасындағы бірегейі – Шәрбану Бейсенова кейінгі кезде тарихи тақырыпты тамаша бейне­леп жүр. Үміт Тәжікенова, Ай­гүл Асылбекова-Нөкербаева, Сәу­ле Сүлейменова, Жұмагүл Солтиева, Роза Мұқанова, Ләззат Омарова, Айгүл Кемелбаева, Заря Жұманова, Ділдар Мамырбаева, Мира Шүйіншәлиева, Гүлзат Шойбекова, Мәдина Омарова, Лира Қоныс, Ағила Сауран сынды жазушылардың шығармашылығы бір төбе, бөлек әңгіме! Осы тізімге кейінгі жылдары дарынымен, табиғи қуатымен Камал Әлпейісова қосылды. Ка­мал­дың алғашқы әңгімелерінің бірі – «Жоқтауды» «Жұлдыз» жур­налының 2009 жылғы № 11 са­нынан оқыған болатынмын. Жуықта қолыма Камал Әл­пейісованың, Астанадағы «Елорда» баспасынан 2011 жылы жарық көрген «Айтылмаған әңгіме» атты жинағы тиді. Жинаққа жиырма бір әңгіме енген. Бірі-біріне ұқамайтын және бір-бірін қайталамайтын, мазмұнды, мағыналы әдемі әңгі­ме­лерді қызыға оқыдым. Әңгі­ме жазу қиынның қиыны. Өйткені, шағын дүние болғанымен әңгіменің көтерер жүгі ауыр. Ол жайлы ака­де­мик Серік Қирабаев: «Әңгіме – әде­биеттің ең қиын жанрының бірі. Ол шағын көлемде үлкен мін­деттерді шешеді. Адамды сурет­теуде, олардың ойын, сезімін кү­рес жолында көрсетуде үлкен жанр мен әңгіменің арасында айырма жоқ» десе, жазушы Асқар Алтай: «Проза жанры – жазушыдан аса жауапкершілікті талап ететін жанр, ең ауыр жан. Бабы қиын, дала тарпаңы секілді мәңгілік асау мустанг – жанр. Бас­тықтыру үшін табиғи даусыз дарын, қапысыз шеберлік, те­рең білім, темірдей төзім керек. Сондықтан да, әңгіме, роман жазудан ауыр болып шығады. Ал роман жан дүние поэтикасының шыңы болып табылады», – дейді. Жинақтағы «Жоқтау» әңгіме­сін бейжай отырып оқу мүмкін емес. Қысқа ғұмырында арақ ішуді әдетке айналдырған Күмісбек ақыры сол «ащысудың» кесірінен қайтыс болады. Жаназаға жиналған көпшілік алдында, қайтқан жігіт ағасы Күмісбектің жан жары Асыл­жан ебіл-дебіл егіліп, жылап, жоқтау айтып отыр! Жоқтау бол­ғанда қандай! Естіген адамның сай-сүйегін сырқыратқан азалы сөздер! Жаманын жасыру, жақ­сы­сын асыру, көнбіс, кең, сабыр­лы, салмақты, ақылды қазақ әйел­деріне тән мінездің нақты дәлелі, осы Асылжан сынды асыл жар, ардақты аналар! Асылжанның әдет-ғұрып, тұрмыс-салт жырларына жататын өте көне жыр – жоқ­тау айтуының өзі көкірек көзінің мөлдірлігін, ерін сыйлаған әйелдің адамгершілікті іс-әрекетін айғақтамай ма?! Күйеуінің мәйітін үйден шыға­рып бара жатқанда тағы егілді Асылжан. Қырыққа жетпей үш баламен жесір қалған, көкірегі шерлі келіншек соңғы жылдары өмірдің арзан қызықтарына елігіп, қатарына қадірі, ортасына сүйкімі кетіп қалса да, жас кездерінде сү­йіп қосылған күйеуімен жылап, бақұлдасты, бәрін кешті. Тағ­дыр талқысына көнген, өмірдің ая­зы мен аптабына қасқая қарсы тұ­рар рухы биік, кісілігі мол қа­зақ әйелінің қайсарлығымен тә­мам­далады әңгіме. Ғажап шешім! «Ғажайып танго» әңгімесі мәңгі­лік тақырып – махаббат атты аяулы сезімді қозғауымен құнды. Көпшілік аса жақсы біле бермейтін би тәңірісі – вальстің үлкен өнер екендігі жарқырай ашылған. Бірін-бірі сүйіп қосылған кәсіби бишілер, ерлі-зайыпты Батырбек пен Раушан оқыста жол апатына ұшырап, соның салдарынан Раушан мүгедек болып, он жылдай қол арбаға таңылады. Мұнымен қоса сол кезде құрсағындағы тұңғыш нәрестесінен де айырылады. Бәрінен сол қайғы Раушанға. Дарын-қабілетінің арқасында өз қатарына қарағанда көзге түсіп, марапат пен мақтауға ерте іліккен Батырбек талқы тағдырына мойынсұнып, тиесілі қызметін ғана атқарып, Раушанның қас-қабағына қарап өмір сүреді. Ойын-той, қызық-қуаныштарға да сирек барады. Бос уақытының барлығын мүгедек әйеліне арнайды: аулаға серуендетуге алып шығады, бірге отырып көгілдір экранға қарайды, кітап оқиды. Ал өмір дегеніңіз сынапша сырғып өтіп жатыр. Батырбектің көңілін көтеретін бір-ақ адам бар: ол – Раушанның сіңлісі Ажардың кішкентай ба­­ла­­сы. Екеуі үйді бастарына көтеріп ойнайды. Сол кезде Батыр­бек­тің жанарынан от, көңі­лінен көк­тем көреді сезімтал әйел. Сон­дай күндердің бірінде, студент ке­зін­дегі алғашқы ғашығы Хан­шайымға жолығады. Ол туралы Раушанға айтып келеді. Раушан бәрін түсінеді күйеуінің астаң-кестеңі шыққан жан дүниесінен. Тәні мүгедек болғанымен, жаны нәзік, адамгершілігі биік Раушан, күйеуінің бала сүйіп бақыт­ты болуы үшін, өзін өзі жеңіп шын ниетімен Батырбек пен Хан­шайымды үйлендіреді. Арада бір жыл өткен. Хан­шайым­нан перзент сүйеді Батыр­бек. Үшеуі де бақытты! Қол арбада отырған Раушанның алдында құндақтаулы сәби! Бұл – жеңіс! Махаббат жеңісі! Аталмыш жинақтағы «Әйел бақыты» немесе Айлы түн сүт­тей аппақ еді», «Перзентхана жыры», «Түс», «Ақша бұлттар әлемі», «Тастанды», «Бақыт пен елес» әңгімелерін оқыдым да мұ­ңайдым, ойландым, толқыдым, жан дүнием ұйқы-тұйқы болды. Толымбек ӘБДІРАЙЫМ, жазушы.