• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
19 Ақпан, 2014

Дақпырт

416 рет
көрсетілді

Kaspi bank, Банк Центр Кредит және Альянс банктің банкроттығы жайындағы ақпараттар жалған Сейсенбі күні таралған жалған сыбыстардың алдын алу үшін еліміздегі үш бірдей ірі банк –  Kaspi bank, Банк Центр Кредит және Альянс банк құқық қорғау органдарына жүгініп, жалған ақпарат таратушыларды табуға көмектесуін сұрауға мәжбүр болды. Жұртты дүрбелеңге салмақ болған  ақпараттық ша­буыл­дардың авторлары қазірге белгісіз. Ал аталмыш қаржы меке­мелері банкорттыққа ұшы­райды-мыс дейтін sms-хабарлар таратқандардың бұл ісі – теңгенің бағам өзгертуіне қатысты жағ­дайды ушықтырмақшы бол­ғандардың арандату әрекеті екені айдан анық. Қазірге бұл оқиғаның ұзын-ырғасы төмендегідей. Үс­тіміздегі жылдың 11 ақпанында Ұлттық банк теңге бағамының өзгергенін мәлімдегеннен кейін-ақ, интернет желілерінде қазақ­стандық бірнеше ірі банктің банкрот болатындығы жайында жалған ақпараттар таратыла бастаған. Мұндай жалған, яғни «до­малақ» ақпараттармен алдымен Банк Центр Кредит күресуге мәж­бүр болды. Аталмыш банктің жетекшісі осы аралықта жалған ақпаратты жоққа шығару үшін екі рет ашық мәлімдеме жасады. Кесірлі ақпараттар мұнан кейін де сап тыйыла салмады. Ұя­лы телефонның WhatsApp мессенд­жерін пайдаланушылар арасында жалған сыбыс жалғасып, енді «Альянс Банк» пен Kaspi bank-тің жабылуы мүмкіндігі туралы сөз таратылды. Сондықтан да, сейсенбі күні Kaspi bank, Банк Центр Кредит және Альянс банктің банкроттығы жайындағы ақпарат шындыққа сәйкес келмейтіндігі туралы бір­лескен мәлімдеме жасалды. Банк Центр Кредиттің, Kaspi bank пен Альянс банктің бас­шы­лары мен акционерлері жә­не Қазақстан Қаржыгерлер қауым­дастығы аталған ақпараттың аран­датушылық сипатқа ие екенін рес­ми түрде хабарлап отыр, оның жал­ғыз мақсаты – Қазақстанның қар­жы жүйесін тұрақсыздандыру. Kaspi bank, Банк Центр Кредит, Альянс банк және Қазақстан қар­жыгерлері қауымдастығы  аталған ақпарат Қазақстанның қар­жылық жүйесін тұрақсыз ету мақсатында арандатушылық маз­мұнға ие екенін хабарлайды», делінген банктердің мәлім­демесінде. Салымшылары мен клиент­терін сабырға шақырған банктер бұл жалған ақпаратты таратушы­ларды әкімшілік-қылмыстық жауапқа тартқызу үшін құқық қор­­ғау органдарына шағымдануда. Банк Центр Кредит шұғыл түр­де Бостандық аудандық соты­на жалған ақпараттың шын­дық­қа сәйкес келмейтінін растау туралы талап-арыз бермек. Банк бас­шылығы қаңқу сөз тарат­қанд­арды ресми түрде кешірім сұратуды ойластырып отыр. Сол сияқты Kaspi bank бан­крот­тығы жайында жалған ақ­парат таратқан бастамашыны анық­тау үшін аталған банк 100 мил­лион теңге көлемінде сыйақы тағайын­дады. Қысқасы, Банк акцио­нер­ле­рі мен жетекшілері аран­дату­шы­лық іс-қимылдың жай-жап­са­рын анықтап, лаң тудыр­мақ бол­ғандарды заң аясын­да жауап­кер­шілікке тартатын­дық­тарын мә­лім­деуде. Дүрбелең жаса­мақшы  бол­ғандарды жазалауды аяқ­сыз қал­дырмауға Қазақстан Қаржы­герлер қауымдастығы да араласады. Тұрғындарға тұрақты қызмет етіп келе жатқан қазақстандық банктер өз жұмысын жалғастыра беретін болады. Өйткені, атал­ған банктердің барлығы да Мем­ле­кеттік депозиттерге кепілдік беру қорының қатысушылары болып табылады. Айнаш ЕСАЛИ, «Егемен Қазақстан». АЛМАТЫ.