Келесі айдан бастап мүгедектігі бар адамдар мен олардың отбасылары жаңа жәрдемақы ала бастайды. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ақмәди Сарбасов ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің консультативтік кеңесінің отырысында айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Биылғы 12 қазанда Президент «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды. Парламент Сенаты мен Мәжілісінің жұмыс тобы мүшелерінің, Үкімет жанындағы Мүгедектігі бар адамдардың мәселелері жөніндегі үйлестіру кеңесінің, сондай-ақ жұртшылық пен сараптама қоғамдастығының ұсыныстары Заңның негізіне алынды. Заң 19 тұжырымдамалық түзетуден тұрады және 16 заңнамалық актіге өзгерістер енгізуді көздейді. Келесі айдан бастап мүгедектігі бар адамдар мен олардың отбасылары жаңа жәрдемақы ала бастайды», деді Ақмәди Сарбасов.
Аталған Заңда көзделген нормалар туралы айта келе, бірінші вице-министр «Әлеуметтік кәсіпкерлік туралы» және «Инклюзивті білім беру туралы» тағы екі заңның қабылданғанын хабарлады.
«Олардың біріншісі әлеуметтік кәсіпкерлік ұғымын, әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілерінің негізгі міндеттері мен санаттарын, әлеуметтік кәсіпкер мәртебесін беру тетігін айқындайды, сондай-ақ мемлекеттік қолдаудың ауқымды шараларын көздейді. Тұтастай алғанда, заң мүгедектігі бар адамдардың іскерлік белсенділігін де, жұмыспен қамтылуын да ынталандыруға бағытталған. Білім министрлігінің бастамасы бойынша қабылданған екінші заң оқытудың барлық деңгейлерінде ерекше білім беруге қажеттілігі бар адамдардың құқықтарын іске асыруға бағытталған. Өзгерістер мен толықтырулар Білім туралы, Бала құқықтары туралы, Мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау туралы заңдарға енгізілді», деді ол.
Ақмәди Сарбасов Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында БҰҰ-ның Мүгедектердің құқықтары туралы конвенциясына Факультативтік хаттаманы ратификациялау бойынша жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өтті. Тиісті заң жобасы ҚР Парламенті Мәжілісінің қарауында жатыр.