Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі Мемлекеттік комиссияның қызметін сүйемелдеу жөніндегі жобалық кеңсе Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігімен бірлесіп, «1939-1945 жылдары фашистік Германия, Финляндия және басқа Еуропа елдерінде қамауға алынған қазақстандық әскери тұтқындарды, сондай-ақ «Түркістан легионында» уақытша болған қазақстандық әскери тұтқындар бойынша материалдар жинау жөнінде тәжірибе алмасу туралы» тақырыбындағы топтық семинар өткізді.
Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның мүшесі, комиссия қызметін қолдау жөніндегі жобалық кеңсенің басшысы Сабыр Қасымовтың айтуынша, өткен ғасырда неміс фашистерінің тұтқынында ондаған мың қазақстандық көз жұмып, талай қияметті бастан өткерді. «Әрине, біз алдымызға қойған жоспарларға сай жұмыс істейміз, бірақ та осы жұмысты саясиландырмай, дау-дамайсыз нақты да жүйелі түрде жасауымыз керек. Бір қарағанда Екінші дүниежүзілік соғыстың тарихы мұқият зерттелгендей көрінеді. Бірақ көп нәрсе әлі де белгісіз. Мысалы, қайтыс болған Кеңес азаматтарының нақты саны әлі анықталған жоқ. Соғыстан кейін И.Сталин КСРО-ның 6 миллион азаматы қайтыс болды деді, Н.Хрущев бұл цифрды екі есеге – 12 миллионға дейін арттырды, ал Л.Брежнев соғыстан қаза тапқандар санын 20 миллионға дейін көтерді. Қайта құру кезеңінде орыс халқының көрнекті ұлы мен патриоты, сталинизмнің саяси репрессияларының құрбандарын жаппай ақтауға бастамашы болған Александр Яковлевтің талабымен КСРО Қорғаныс министрлігі соғыстан 28 миллион 600 мың адамның қаза тапқанын жариялады. Бұл бұрынғы Кеңес Одағы басшылығының большевиктік-сталиндік биліктің қателіктері мен қылмыстарын жасыру үшін соғыс кезіндегі адам құрбандары санын әдейі жасыруының, өз азаматтарына адамгершіліктен ада қатынастың айқын дәлелі, бұл өз Отанын қорғаған құрбандардың рухына құрметтің жоқтығын көрсетеді», деді Сабыр Қасымов семинардың ашылуында.
Оның айтуынша, Екінші дүниежүзілік соғыстың басынан бері соғыс тұтқындарына да дәл сондай қарым-қатынас болды. «Қарулы Күштердің жоғары және орта командалық құрамына қатысты жаппай саяси қуғын-сүргін салдарынан большевиктік-сталиндік билік елдің қорғаныс қабілетінің тиісті деңгейін қамтамасыз ете алмады. Бүгінде шетелдік сарапшылар ғана емес, Ресейдің прогрессивті және саясиланбаған ғалымдары мен зерттеушілері де мойындады, соғыстың алғашқы айларында, 1941-1942 жылдың қысында Кеңес әскерлері мен офицерлері негізінен КСРО саяси басшылығының кінәсінен фашистік Германияның тұтқынына түсті. Алғашқы 5 айдың ішінде фашистердің қолына 3 миллион 900 мың Кеңес әскері түскен. Біздің бұл тақырыпты көтерген себебіміз – барлық адам майдандағы мән-жайды, Кеңес сарбаздары мен офицерлерінің, оның ішінде қазақстандықтар да өз кінәсінен герман армиясына тұтқынға түспегенін білуге тиіс», деді С.Қасымов.
Жобалық кеңсенің басшысы Сабыр Қасымовтың айтуынша, екінші дүниежүзілік соғыс аяқталғанда фашист тұтқынына түскен 47 мыңнан астам қазақ аман қалған. Оның 23 мыңы Қазақстанға қайтарылды, ал қалғандарының тағдыры белгісіз.
«Ресейде Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау комиссиясының төрағасы Александр Яковлевтің бастамасымен Президент Б.Ельцин 1995 жылдың 24 қаңтарында фашистік лагерьлерге түскен әскери тұтқындар мен жер аударылған азаматтарды ақтау туралы жарлық шығарды. Әрине, бұл жарлық қазақстандық әскери тұтқындарға қолданылмады. Өкінішке қарай, Қазақстан тәуелсіздігін жариялағаннан кейін қуғын-сүргінге ұшырағандарды ақтау немесе әскери тұтқындардың істерін қайта қарау туралы бірде-бір акт қабылданбады. Біздің қазақстандықтар қандай жағдайлар мен себептер бойынша тұтқынға түскені зерттелмеді. Германияға қызмет етуге ант қабылдаудан бас тартқаны үшін, тұтқыннан қашқаны үшін атылған азаматтарымыздың саны мен аттары да анықталған жоқ. Осы уақытқа дейін қаза тапқан қазақстандықтардың нақты саны, фашистік лагерьлерде қаза тапқан отандастарымыздың саны, олардың қаншасы тірі қалып, қаншасы ақталып шыққаны белгісіз. Әрине, кейбір деректер бар, бірақ олар толық емес немесе әлі кұпиясыздандырылмаған», деді С.Қасымов.
С.Қасымов, сондай-ақ Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси қуғын-сүргін құрбандарын, оның ішінде 1939-1945 жылдары фашистік Германияда, Финляндияда және басқа да Еуропа елдерінде тұтқында болған және Кеңес Одағында қайта қуғынға ұшыраған әскери тұтқындарды толық ақтау туралы тапсырма бергенін айта келіп: «Шын мәнінде соғыс тұтқындары, оның ішінде қазақстандықтар бірінші рет тұтқынға түскенде Гитлер режімінің ұлттық шовинистік фашистік саясатының құрбаны болды. Оларды жаппай атты, газ камераларында өртеді, ғылыми мақсатта
пайдаланды, аш ұстады, құл ретінде мәжбүрлеп ауыр жұмыстарға салды. Ал соғыс аяқталып, тірі қалған кеңестік тұтқындар отанына оралғаннан кейін екінші рет тоталитарлық сталиндік биліктің құрбаны болды. Кеңес Одағының сол кездегі басшылығы өз азаматтарын қуғын-сүргінге ұшыратпауға уәде беріп, соңынан оларды қайтадан жүйелі саяси қуғын-сүргінге әкеп соқты. Германияда неміс халқы өткен іске өкініп, әлі де кешірім сұрап келеді. Олар Гитлер режімінің нақты құрбандарына және олардың ұрпақтарына моральдық және материалдық өтемақылар төледі. Ал сталинизмге, өкінішке қарай, тиісті баға берілмеді», деді.
Ресми деректер бойынша, 1941-1945 жылдары 1 млн 200 мың қазақстандық соғысқа шақырылған. Оған қоса сол кездегі қызыл әскер қатарында 178 мың азаматымыз қызмет еткен.
«Сонда Қазақстаннан барлығы 1 миллион 378 мың сарбаз кеткен. Қазақстандағы жұмылдыру коэффициенті 22 пайызды құрады, бұл бұрынғы одақтас республикалар арасындағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі болды. Өздеріңіз білетіндей, соғыстың алғашқы айларында Беларуссияны толығымен және бүкіл Украинаны фашистер басып алды. Біздің сарапшы ғалымдар ғылыми-аналитикалық әдістердің негізінде 255 мыңнан астам қазақстандық Германия басып алған аумақтарда тұтқында болғанын есептеп шығарған және бұл тұжырымға ресейлік және шетелдік сарапшылар да қосылды. Тұтқында болған 128 мыңнан астам қазақтың соғыс аяқталғанда 47 мыңнан астам ғана аман қалған. Оның ішінде 23 мың 143 әскери тұтқын соғыстан кейін Қазақстанға қайтарылды. Қалғандарының тағдыры белгісіз. Қолда бар мәліметтерге сәйкес олардың бір бөлігі америкалық және ағылшын билігінің көмегімен басқа елдерге жіберілген. Бір бөлігін Кеңес әскерлері Батыс одақтастарынан тұтқындарды алған кезде-ақ атып тастаған. Ал кейбіреулері КСРО-ға тасымалдау кезінде қайтыс болған немесе өз-өзіне қол жұмсаған», деді С.Қасымов.
Семинар тақырыбы бойынша Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары, Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі облыстық комиссияның төрағасы Ғани Нығыметов өңірде атқарылып жатқан жұмыстар туралы ақпарат берді. Жиында сөз алған Батыс Қазақстан облысы өңірлік жұмыс тобының жетекшісі, өлкетанушы, облыстық Мәншүк Мәметова музей-үйінің меңгерушісі Ахмедияр Батырханов жергілікті архивтерде материалдар аз болатынын айтып, өңірлік топтарға Нұр-Сұлтан, Алматы сияқты үлкен қалалардағы архивтерде жұмыс істеу туралы ұсыныс білдірді. Оған қоса деректердің көбі жоғалғанын, қарындашпен жазылғанын ескеріп, ортақ цифрлы база жасақтау керек деген пікір айтты.
Семинар барысында қуғын-сүргін саясатын зерттеу тақырыбы бойынша жаңа мәліметтер айтылды, нәтижелі пікір алмасу өтті.