Қостанай автозауыты 150 мыңыншы автокөлігін шығарғанын мәлімдеді. Өндірістік желіден шыққан жап-жаңа 150 мың көліктің соңында орта табысты тұрғындардың қалтасы көтеретін әрі сапасы жағынан да елдің қолайына жағып, көпшілік көңілінен шыққан Chevrolet Nexia үлгісіндегі жеңіл автокөлік тұр. Бұл көлік Қазақстанның автомобиль нарығында кең сұранысқа ие әрі сатылым жағынан да өзге модельді көліктерден көш ілгері. Биыл үш тоқсанның қорытындысы бойынша, елімізде 9 мыңнан астам тұрғын Тобыл өңірінде құрастырылған Chevrolet Nexia көлігін сатып алған.
«СарыарқаАвтоПром» серіктестігі биылғы 9 ай ішінде 38 мыңнан астам автомобиль шығарып, өндіріс көлемін өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда, 147%-ға еселеп отыр. Кәсіпорын пандемия қыспағына қарамастан, жыл соңына дейін 60 мың автокөлік шығаруды жоспарлауда. Қостанай зауыты бұдан өзге JAC, Chevrolet, Kia, Renault, Lada, SAZ автокөліктерін де шығарады. Автозауыт биыл Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Әзербайжан және Беларусь мемлекеттеріне 5 мыңнан астам автомобиль экспорттап отыр. Сыртқы саудаға кететін көлік саны жыл соңына дейін әлі де еселене түспек.
– Кәсіпорынның бүгінгі толайым табысы зауыт инженерлері мен қарапайым жұмысшылардың кәсіби шеберлігінің, қажырлы еңбегінің жемісі екені даусыз. Бүгінде Қостанай зауытында 1800-ден астам адам тұрақты жұмыс істейді. Жұмысшылардың бәрі SAP University орталығында жүйелі түрде білімін жетілдіріп, кәсіби біліктілігін арттырып отырады, – деді автозауыттың баспасөз хатшысы Саят Жүсіпов.
Қостанай облысы