Жаппай цифрлану біраз күрделі процесті жеңілдететін түрі бар. Бұл әрине, жақсы. Соңғы бірер жыл көлемінде қолға алынып, жедел енгізіліп жатқан жаңалық – цифрлы құжаттар. Бұдан былай байланыс операторларының қызметін тұтыну кезінде цифрлы құжатты пайдаланып, түпнұсқа құжатты ұсынбай-ақ қоюға болады.
Қазірдің өзінде құжаттың түпнұсқасын ұсына алмайтын азаматтарға арналған қызмет Beeline ұялы байланыс операторының қызмет көрсету орталықтарында қолжетімді. Бұл үшін клиенттің смартфонында электронды үкіметтің eGov mobile мобильді қосымшасы болуы керек. Аталған қосымшаны ашқаннан кейін «Цифрлы құжаттар» бөлімін таңдап, авторизациялаудан өту керек. Қосымшаға биометрия немесе бір реттік SMS құпия сөзі арқылы қосылуға болады. Авторизациядан кейін ашылған терезеде жеке куәлікті таңдап, «рұқсатты ашу» батырмасын басу қажет.
Процедураны орындау үшін Beeline ұялы байланыс операторының менеджері QR кодын сканерлейді және биометриялық деректер арқылы клиенттің жеке басын куәландырады.
– Мемлекеттік қызметтерді көрсетудегі ыңғайлылық, қауіпсіздік және тиімділік бүгінде басымдыққа айналды. Бұған дейін кейбір қалалардың банктері мен әуежайлары цифрлы құжаттарды қабылдай бастады, бүгінде бұл функция бір ұялы байланыс операторында қолжетімді, алайда министрлік барлық қауіпсіздік параметрлеріне сәйкес келетін ірі компаниялар мен ұялы байланыс операторлары үшін ашық, – дейді Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин.
Қазіргі уақытта цифрлы құжаттар қызметінде 18 құжат тіркелген. Олардың ішінде ең танымалдары – жеке куәлік, жүргізуші куәлігі, екпе төлқұжаты, ПТР сынағы және туу туралы куәлік. Бұған дейін қазақстандықтар цифрлы құжаттарды әуежайларда, темір жол вокзалындағы вагондарда, банктер мен нотариус қызметтеріне жүгінген кезінде пайдалануға мүмкіндік алған еді. Жүйенің интеграциялануы министрлік, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ және Beeline Қазақстан көмегімен жүргізілген.