«Мемлекеттік қызметтің дамуы және ынтымақтастық». Дәл осындай тақырыппен елордада 27-29 қазан аралығында Астана мемлекеттік қызмет хабының конференциясы өтті. Хабтың жылдық басқосуының ашылуына әлемнің 40-тан астам елінен мемлекеттік қызмет уәкілетті органдары басшылары, сарапшылар, ғалымдар, сондай-ақ халықаралық ұйымдар өкілдері қатысып, пандемия кезіндегі мемлекеттік басқару мәселелерін талқылады.
Конференцияны кіріспе сөзімен ашқан Астана мемлекеттік қызмет хабы Басқарушы комитетінің төрағасы Әлихан Байменов бүкіл әлемді әбігерге салған пандемияның соңғы екі жылында мемлекеттік қызмет органдарының біраз тың тәжірибе жинақтағанын атап өтті. Дағдарыс жағдайында тез шешім қабылдау үкіметтердің есеп беруі мен ашықтығына тежеу болмауы керектігін айтқан төраға: «Пандемия жеделдеткен мемлекеттік басқаруды цифрлы трансформациялау азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтірмеуі тиіс. Сондай-ақ интернет пен әлеуметтік желілерге қолжетімділік халықаралық құқықпен қорғалып, адамның ажырамас құқықтары ретінде танылуы қажет», деді. Қазіргі таңда үздіксіз білім мен тәжірибе алмасудың маңызы артып келе жатқанын атап өткен Ә.Байменов ойын: «Мұның бәрі «жылдам жеңістер» мен стратегиялық мақсаттар арасында теңгерімнің болу маңыздылығын көрсетеді», деп түйіндеді.
Алқалы жиында сөз алған Мемлекеттік қызмет агенттігінің төрағасы Анар Жайылғанова биылғы конференцияның тақырыбы байланыстар мен коммуникацияларды нығайтуға сеп болатынын мәлімдеп: «Мұндай басқосу мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі трансформациялау мақсатында жаңа идея, тың тәсіл мен шешімдер тудыратын алаңға айнала алады. Сонымен қатар неғұрлым тығыз өзара іс-қимылға деген қажеттілікті барынша жақсы көрсетеді», деді.
Ал алғы сөзінде «Мемлекеттік қызметтің беделі қашанда жоғары болуы керек» деген ойын білдірген ЭЫДҰ-ның Мемлекеттік басқару директоратының басшысы Эльза Пиличовски ұйым мен хаб арасындағы серіктестік туралы айта келе: «Коронавирус пандемиясы кезінде мемлекеттік қызметтің дамуы адам айтқысыз өзгерістерге тап болды. Көптеген елдерге бұл бағытта төтенше заңнамалар шығаруға тура келді. Сондай-ақ ғаламдық жылыну, киберқауіпсіздік, миграция, жалған ақпараттың тез таралуы секілді жаһандық деңгейдегі өзекті мәселелер күрделене түсті. Рас, мұқтаждық болған жерде міндетті түрде шешімдер пайда болады. Алайда жаһандық деңгейдегі осындай проблемалар халықаралық шешімді қажет ететінін естен шығармағанымыз жөн», деді. Сонымен қатар Э.Пиличовски баяндамасында ЭЫДҰ-ға мүше елдерде, өкінішке қарай, мемлекеттік қызметте әйелдер мен жастар санының әлі де аз екеніне баса назар аударды.
Жиында «Мемлекеттік қызметті жетілдіру үшін не істеуіміз қажет?» деген сұрақ төңірегінде БҰҰ ДБ-ның Қазақстандағы Тұрақты өкілі Якуп Бериш, Еуропалық одақтың Қазақстандағы өкілдігі Ынтымақтастық бөлімінің басшысы Йоханнес Стейнбек Мадсен, Дүниежүзілік банктің Қазақстандағы өңірлік менеджері Жан-Франсуа Марто, Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің департамент директоры Дидар Теменов ой-пікірлерін ортаға салды.
«Кәсіби идеялар мен тұжырымдар» атты арнайы сессияда халықаралық сарапшылар мен практиктер пандемиядан кейінгі кезеңдегі мемлекеттік басқарудың болашағын талқылады. Сессия спикерлері – БҰҰ Халықаралық мемлекеттік қызмет жөніндегі комиссия төрағасы Ларби Джакта, Грузияның бұрынғы вице-премьер-министрі Майя Цкитишвили, ЭЫДҰ-ның Парақорлықпен күрес жөніндегі жұмыс тобының жетекшісі Драго Кош және басқалар.
Конференция аясында қатысушыларға Астана хабының мұрындық болуымен жүзеге асырылып келе жатқан бірқатар жаңа жоба таныстырылды. «Мемлекеттік басқарудағы және мемлекеттік қызметтерді көрсетуді цифрландырудағы инновациялар үшін әлеуетті нығайту» өңірлік жобасын таныстырған Корея Республикасы Ішкі істер және қауіпсіздік министрлігінің өкілі Наоми Ким бұл тұжырымдаманың Ішкі істер және қауіпсіздік, Экономика, Қаржы және Сыртқы істер министрліктерінің басын біріктіру арқылы 2020 жылдан бері жүзеге асырылып келе жатқанын айтты. Айта кетерлік бір жайт, бұл жоба Корея Республикасы Ішкі істер және қауіпсіздік министрлігі және Ұлттық ақпараттық қоғам агенттігімен бірлесіп әзірленген.
«Жалпы жоба азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға, олардың мемлекет институттарына деген сенімін арттыруға, сондай-ақ мемлекеттік сектордағы сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендетуге бағытталған. Жоба шеңберінде жетекші корей сарапшыларын тарта отырып, мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыру бойынша талдамалық зерттеулер, семинарлар өткізу, Корея Республикасының мемлекеттік мекемелеріне таныстыру сапарларын ұйымдастыру көзделген. Нәтижесінде, мемлекеттік қызметкерлер мемлекеттік басқарудағы барынша қолайлы инновациялық тәсілдерді және мемлекеттік қызмет көрсетудің түрлі әдістерін анықтау және енгізу үшін қажетті білім мен дағдыға ие болады деп күтілуде», деген Наоми Ким хабтың бұл жобаға 2019 жылғы қарашада Әлихан Байменовтің Корея Республикасына сапары барысында бастамашы болғанын да айтып өтті. Сол кезде MOIS және NIA басшылығымен бірқатар маңызды кездесу де өткізілген.
Конференцияның екінші күні БҰҰ-ның Экономикалық және әлеуметтік мәселелер жөніндегі департаменті (UN DESA) және Қазақстандағы Мемлекеттік басқару академиясының бірлескен семинары өтті. Семинар барысында Тұрақты Даму Мақсаттарына (ТДМ) қол жеткізу үшін мемлекеттік басқаруды реформалаудағы өзгерістер кеңінен талқыланды. Сонымен қатар Қазақстанның Мемлекеттік қызмет агенттігі және HR менеджерлер қауымдастығымен бірлескен сессия ұйымдастырылып, жиында ішкі коммуникациялардың рөлі мен мемлекеттік қызметтің жұмыс беруші ретіндегі бренді жан-жақты сөз болды.
Ауқымды іс-шараның соңғы күні мемлекеттік қызметттерді цифрландыру мен инновациялар мәселелері қарастырылды. Іс-шара шеңберінде «Мемлекеттік қызметтерді ұсынудағы цифрландыру» тақырыбында Қазақстанның Мемлекеттік қызмет агенттігі, Корея Республикасының Ішкі істер және қауіпсіздік министрлігі және «Зерде» АҚ-мен бірлескен панельдік сессия өтті. Сессия аясында «бенчмарк» және өңірдің көптеген елдері үшін ерекше құнды болып табылатын цифрлы электронды үкімет саласындағы көшбасшы елдердің – Оңтүстік Корея, Эстония, Қытай, Әзербайжан, Бангладештің тәжірибесі кеңінен таныстырылды. Мәселен, сессия кезінде Корея Республикасының Ішкі істер және қауіпсіздік министрлігі, жаһандық электронды үкімет бөлімінің директоры Сонгджу Сон өз еліндегі цифрлы үкіметтің ерекшелігі мен басымдықтары жөнінде айтса, Эстония электронды басқару академиясының зияткерлік басқару бойынша аға сарапшысы Пирет Саарти Covid-19 пандемиясындағы электронды үкіметтің жұмыс істеу барысына Эстонияның жағдайын зерттеу арқылы шолу жасады.
Конференция аясында атқарылған іс-шараларға ризашылығын білдірген Әзербайжан Мемлекеттік экзаменациялық орталық төрағасының орынбасары Бахрам Халилов өз елінің Астана мемлекеттік қызмет хабының қатысушылары мен құрылтайшыларының бірі екенін атап өтті. «Астана хабы ауқымында 40-тан астам ел өкілдерінің басқосуы осы тұғырнаманың мемлекеттік қызмет саласындағы маңыздылығын айқын көрсетеді. Үш күн ішінде орасан зор жұмыс атқарылды. Біз хабпен 8 жылдан астам уақыт бойы ынтымақтастықта жұмыс істеп келеміз. Өзара тәжірибемізбен бөлісеміз, үздік әлемдік тәжірибені зерттейміз. Халықаралық деңгейде өткен басқосу мемлекеттік қызметті реформалау саласында атқарылған ауқымды жұмыстарды көрсете алды», дейді.
«Хабтың қазіргі таңда 80-нен астам институционалдық әріптесі бар, сондықтан үш күнге жоспарланған конференция кезінде әріптестермен бірлескен панельдік сессиялар өткізілді. Жалпы, соңғы 8 жылдың ішінде біз 140-тан астам іс-шара өткіздік, оған 125 елден 8 мың мемлекеттік қызметші мен ғалым қатысты. Үкіметтерге олардың жүктемесін ескере отырып көмектесу, мемлекеттік басқаруды дамытудың заманауи трендтері мен өзге мемлекеттердің тәжірибесін жақсырақ білу үшін жыл сайын осындай ауқымды әрі конференциялар өткізу жоспарымызда бар», деген Әлихан Байменов пандемия кезінде мемлекеттік басқару саласындағы тәжірибе жинақтаудан бөлек жаңа шынайылықтың қажет екенін де алға тартты.
Конференция соңында қатысушылар басқосу барысында жасалған баяндамалар мен пікірталастардың жоғары деңгейін атап өтті. Covid-19 пандемиясы және өзге де жаһандық өзгерістер туындатқан жаңа шындыққа қалай жауап беру керек? Осындай өзекті сұрақты талқылай келе конференцияға қатысушылардың барлығы мемлекеттік басқару мұндай сын-қатерлерге төтеп беруге икемді болуы қажет деген қорытындыға келді.