73 жасында ҚР туризм және спорт экс-министрі, Астананың экс-әкімі, ҚР Ұлттық Олимпиада комитетінің экс-президенті Темірхан Мыңайдарұлы Досмұхамбетов қайтыс болды. Қайғылы хабарды Аккредиттеу және рейтингтің тәуелсіз агенттігі (АРТА) жариялады, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Аккредиттеу және рейтингтің тәуелсіз агенттігі ұжымы Аккредиттеу және рейтингтің тәуелсіз агенттігінің бақылау кеңесінің төрағасы Темірхан Мыңайдарұлы Досмұхамбетовтің мезгілсіз қайтыс болуына байланысты қайғырып көңіл айтады», делінген агенттіктің Facebook-тегі хабарламасында.
Темірхан Мыңайдарұлы Досмұхамбетов 1949 жылы 8 наурызда Қостанай облысында туған. 1972 жылы Қазақ мемлекеттік дене шынықтыру институтын, ал 1995 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетін бітірген.
Педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор.
Ол туризм және спорт министрі, Астана қаласының әкімі, мәжіліс депутаты, Президенттің іс басқарушысы, Ұлттық Олимпиада комитетінің басшысы қызметтерін атқарды.
ІІ дәрежелі «Барыс» орденінің, «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағының, мерейтойлық медальдардың, Халықтар достығы орденінің иегері.