Қазақстанның көптеген азық-түлік өнімдері мен жеміс-жидекті сырт елдерден импорттайтыны белгілі. Алайда ағылып келетін өнімнің арасында мерзімі өткен, жеуге жарамсызы да жетерлік. Әрі оны дер уақытында анықтай білу маңызды. Осы ретте агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің аумақтық бөлімшелерінің қырағылығын атап өту маңызды.
Аталған бөлімшелер карантиндік фитосанитарлық бақылауды жүзеге асыру кезінде карантинге жатқызылған 1,6 мың тоннадан астам импорттық өнімді ұстаған. Карантинге жатқызылған өнім Ресей, Қырғызстан, Қытай, Польша, Литва және Түркиядан әкелініпті.
«Фитосанитарлық қаупі жоғары, карантинге жатқызылған өнімді Қазақстан Республикасының аумағына заңсыз әкелудің 76 фактісі белгілі болды. 55 жағдайда фитосанитарлық тәуекелі жоғары карантинге жатқызылған өнімді әкелу кезінде фитосанитарлық сертификаттардың жоқтығы анықталды. Оның ішінде, Ресей Федерациясынан 0,9 мың тонна қызанақ, сәбіз, қырыққабат, бұрыш, қызылша, алма, алмұрт, қара өрік, банан, сондай-ақ бидай мен арпа, Қырғызстаннан 3 тонна алма, пісте және күріш импорты кезінде, Қытай Халық Республикасынан 147 тонна бадам, асқабақ шемішкесі, жаңғақ және кептірілген манго және Польшадан әкелінген 5,2 тонна жемістің фитосанитарлық сертификаты болмай шықты», делінген Ауыл шаруашылығы министрлігінің хабарламасында.
Сондай-ақ Қырғызстаннан 24 тонна алма мен кептірілген жемістер және Ресей Федерациясынан 0,5 тонна көгал шөп тұқымын әкелу кезінде де тауарлық белгісі жоқтығы анықталған. Ал Ресейден 422 тоннадан астам бидай, арпа, мақсары және кебек, Түркиядан 19,4 тонна інжір және Литвадан 0,2 тонна көкөніс импорты кезінде карантинге жатқызылған өнім қайталама тексеруге ұсынылмаған. Осыған орай өсімдіктер карантині саласындағы заңнаманың бұзылуына жол берген тұлғаларға қатысты ӘҚБтК-нің 400-бабы бойынша әкімшілік материалдар толтырылып, 4,2 млн теңгеден астам сомаға айыппұл салынған.
Бұл ретте ведомство жыл басынан бері өсімдіктер карантині саласында 5 мыңнан астам заң бұзушылық анықталып, 375 млн теңге сомасына әкімшілік айыппұл салынғанын хабарлайды.