Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Қарағанды облысында коронавирус инфекциясына қарсы ревакцинация қараша айының үшінші онкүндігінде басталатыны айтылды. Маман-дәрігерлер тұрғындарға кросс-ревакциналаудан өтуді ұсынып отыр.
Бұл іс-шараның артықшылығы неде және қандай себептермен қайта иммундау қажеттілігі туындайтыны жайлы инфекционист дәрігер, медицина ғылымдарының докторы Розалия Бегайдарова егжей-тегжейлі түсіндіріп берді.
– Кросс-вакциналаудың өзі адамға бұрын алмаған препаратты егу дегенді білдіреді. Егер адам алғашқыда Спутник V векторлық вакцинасын алса, онда белсенді емес – QazVac, Pfizer, Hayat-Vax және басқа да елімізде бар препараттарға жүгінуі керек. Яғни оларға қайта вакциналаудан өту ұсынылады.
Қазіргі таңда мамандар әлемде жаңа штаммдардың пайда болғанын айтып, дабыл қағуда. Міне, сол себепті қайта екпе алу ағзаны қорғау үшін антиденелердің жеткілікті деңгейінің қалыптасуына мүмкіндік беретінін мәлімдеуге мәжбүр.
Бірден айта кету керек, ревакцинациядан өту ерікті негізде және барлық егу тегін болады. Мамандар қайта иммундау мерзімі екі дозаны алғаннан кейін алты айдан тоғыз айға дейін созылатынын айтады. Оның ұзақтығы алғашқы алынған вакцинаға байланысты. Мәселен, Спутник V екпесінен кейін тоғыз ай күту керек, ал басқа жағдайда алты айдан кейін вакцина ала беруге болады.
Қайталап екпе алудан ең алдымен дәрігерлер, педагогтер, құқық қорғау құрылымдарының қызметкерлері және қызмет көрсету саласында жұмыс істейтіндер өтеді. Бұлар коронавирус инфекциясын жұқтыру қаупі жоғары адамдар санатына жатады.
Қарағанды облысы