Шетелдік сарапшылардың пікірінше, ұлттық валюта бағамына түзету енгізу кең тараған халықаралық тәжірибе болып табылады. Тәжірибе көрсеткендей, бұл шара елдің валюта рыногындағы жағдайды тұрақтандыруға жағдай жасайды.
Экономика саласындағы мамандар атап өткендей, өткен жылы Ресей рублі мен Беларусь рублінің америкалық долларға қатысты тиісінше 7,5% және 11,1% арзандағаны байқалды. Бұл үдеріс үстіміздегі жылдың басында да жалғасты.
Сөз жоқ, мұндай үрдістер ірі тауар айналымымен өзара байланысты барлық елдердің, атап айтқанда, Кеден одағына қатысушы елдердің валюта рыноктарына ықпал етеді. Шикізат ресурстарына әлемдік бағалар өзгерісінің баяулығын да тағы бір ықпалды факторға қосуға болады.
Сондықтан көптеген шетелдік сарапшылар қазақстандық теңге бағамына долларға қатысты түзету енгізуді заңды және ел экономикасының дамуына оң әсер етеді деп бағалайды.
Атап айтқанда, италиялық UniCredit және даниялық Saxo Bank сияқты Еуропаның ірі банктерінің сарапшылары мұндай шара мемлекет тұрғысынан неғұрлым тиімді және қисынды деп атап көрсетеді. Ол, ең алдымен, отандық тауар өндірушілердің жағдайларын жақсартуға мүмкіндік береді.
Сарапшылардың пікірінше, ұлттық валюта бағамына түзету енгізу бірінші кезекте ауыл шаруашылығы саласына, сондай-ақ, акциялары халықаралық биржаларға шығарылған қазақстандық компанияларға оң әсер етеді.
Бүтіндей алғанда, ол ішкі сұранысты ұлғайтуға жағдай жасайды, ал, ол экономиканың одан әрі қарқынды дамуы үшін аса маңызды, өйткені, бүгінде экспортқа бағдарланған экономикалық модельдің әлсіздігі мен тұрақсыздығын шетелдік тәжірибе көрсетіп отыр.
«Егемен-ақпарат».