6 күнде 121 құқық бұзушы, 500 жайсыз отбасы мен балалар есепке алынды
Облыста қолға алынған “Отбасы және мектеп” іс-шарасының негізгі мақсаты – қоғамға зиянды бағыттағы жасөспірімдер тобын анықтау. Өйткені, бүгінде кәмелетке толмағандардың құқық бұзушылығы, есірткіге тәуелділігі белең алып отырғаны жалған емес. Балалардың қараусыз қалуы мен оларға ата-аналары мен ересектер тарапынан қатыгездік таныту, қылмысты істерге тарту деректері де бар.
Іс-шараға жергілікті атқарушы органдар, прокуратура, білім беру, денсаулық сақтау мекемелері, “Нұр Отан” ХДП жастар қанатының филиалдары және кәмелетке жасы толмағандар ісі жөніндегі комиссия қатысты.
Операцияның алты күні ішінде полиция бөлімшелеріне әртүрлі құқық бұзған 918 кәмелетке толмағандар жеткізілді. Олардың сабақтан жалтарғандары – 134, компьютерлік клубтарда жүргендері – 55, қараусыз қалғандары – 137. Сондай-ақ, әкімшілік жауапкершілікке 175 ересек тұлға тартылды. Олардың ішінде ұл-қыздарына тәрбие беру парыздарына немқұрайды қараған – 120 ата-ана бар. Түнгі уақытта жасөспірімдердің көңіл көтеру орындарында жүруіне жол берген кафе, клубтардың 13 қызметкерлері де құқық қорғаушылар назарынан тыс қалған жоқ.
Кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі қызметкерлер жасөспірімдерге темекі өнімдерін сатқан 22 сатушы, түнгі уақытта балалардың көңіл көтеру орындарында жүруіне жол берген 19 ата-ана мен Жамбыл ауданының Аса ауылында жасөспірімдерді спирттік ішімдікті қолдануға итермелеген 1 деректі анықтады. Жалпы, операция барысында 337 кәмелетке толмаған мен 146 жайсыз отбасы есепке қойылды, құқықтық тақырыпта 1500-ден астам іс-шаралар мен лекциялар өткізілді.
Қалалық №1 полиция бөлімінің кәмелетке жасы толмағандар ісі жөніндегі инспекциясының қызметкері, полиция капитаны С. Ташланова Тараз қаласының 4-шағын ауданындағы үйлердің бірінен тастанды балаға тап болған. Анықтай келе, бейтаныс әйел сол үйдегі егде апайға бірер минөттен кейін келіп алып кетемін деп 1,5 жасар қызды ұстатып, ізін жасырыпты.
Тараз қаласындағы №41 мектеп-гимназияның инспекторы, полиция аға лейтенанты М.Байғұбекова “Болашаққа есірткісіз және зиянды әдетсіз!” іс-шарасына қатысқан оқушылардың тағылымы зор ғибрат алғанына қуанады. Сол күні мектеп-гимназияның ауласында оқушылар, ата-аналар, ұстаздар мен қала қонақтары жиналған. Атты әскер мен кинолог полицейлер жан-жануарларды үйретудегі өз шеберліктерін көрсеткен. Есірткімен күрес және қоғамдық тәртіпті сақтауда қызметтік иттер мен аттарды пайдалану ерекшеліктері де оқушылардың қызығушылығын оятқан.
– Жыл басынан бері 30 ата-ана құқығынан айырылды. Алдын алу жұмысы нәтижесінде жасөспірімдер қылмысы 14 пайызға азайды, – дейді полиция қызметкерлері.
Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ.
Жамбыл облысы.