Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің ерлік дәстүрін ұлықтау бүгінгі ұрпақтың асыл парызы деп білеміз. Бүгінгі таңда еліміздің түкпір-түкпірінде Ұлы Жеңістің 65 жылдығына арналған игі шаралар өтіп жатыр.
Осындай шырайлы шараның бірі елордалық “Астана ақшамы” газетінің ұйымдастыруымен өткен “МЕНІҢ АТАМ – МАЙДАНГЕР” атты мектеп оқушылары арасындағы шығармашылық байқау болды. Жақында осы байқаудың қорытындысы жарияланды. Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен өткен аталмыш байқауға елордалық оқушылармен қатар, еліміздің басқа аймақтарындағы мектеп оқушыларынан 100-ге жуық шығармалар келіп түскен. Қазылар алқасының талқысынан өткен 65 шығарма газет бетінде жарық көрді. Олардың ішінен 10 шығарма үздік деп танылды.
Бірінші орынды Астанадағы академик Ә.Марғұлан атындағы №40 мектептің 11 сынып оқушысы Нұрбек Бөрінемересі жеңіп алды. Екінші орынға елордалық оқушылар Әнел Ахматуллина мен Қазбек Мұхарбек ие болды. Үшінші орынды үш оқушы иеленді. Байқау жеңімпаздарын Сталинград шайқасының қаһарманы Көшкентай Рақышев пен Украина майданының жауынгері Сейілбек Усин, Астана қаласы білім басқармасының бастығы Әсима Бимендина, “Жауынгер-интернационалист Қ.Абдрахманов атындағы спорттық-патриоттық қордың” атқарушы директоры Сансызбай Жұманбаев салтанатты жағдайда дипломдар мен бағалы сыйлықтар тапсырды.
“Менің атам – майдангер” байқауына келіп түскен үздік шығармалар жеке кітап болып шықты. Қатысушылардың бәріне кәдесый ретінде тарту етілген бұл кітапты Астанадағы “Зерде” тілдерді дамыту жөніндегі инновациялық орталық басып шығарды.
– “Менің атам – майдангер” байқауы секілді шаралар жас ұрпақты отандық патриотизмге тәрбиелейтін игілікті шараның бірі деп ойлаймыз. Осындай байқауды ұйымдастырған астаналық газетке алғыс айтамыз. Соғыстағы көрген бейнетіміз бен ерлігімізді немерелеріміз бен шөберелеріміздің білгені біз үшін шынымен де жүрек толқытатын жағдай. Рахмет, баршаңызға, – деді байқау жүлдегерлерін құттықтаған қарт майдангер Көшкентай Рақышев.
“Менің атам – майдангер” байқауының қорытындысына арналған салтанатқа жиналған ардагерлер мен оқушылар осы шарадан кейін Кеңес Одағының Батыры Ақан Құрманов атындағы №17 мектеп-гимназияның “Даңқ” музейін тамашалап, ел мен жердің қасиеті, ерліктің өнегесі туралы пікір алысты.
Әлия ҚАСЕНОВА, №22 мектеп-гимназияның 11 сынып оқушысы.
АСТАНА.