• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Білім 02 Қараша, 2021

Аймағамбетов оқытушылардың кезекшілік етуін сынға алды

596 рет
көрсетілді

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов елімізде оқытушыларды жатақханада кезекшілікке жегіп қоятын оқу орны басшыларын сынға алды, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Біз мониторинг жүргіздік. Байқағанымыздай, әлі де болса кейбір жоғары оқу орындарында оқытушыларды жатақханада кезекші етіп қою тыйылмаған. Жүкті оқытушылардың мойнына арта салған. Оқытушылар негізгі жұмысынан бөлек, кезекшілік міндетін атқарады. Егер жатақханада қандай да бір шара өтіп, оған оқытушылар тартылса жөні бөлек. Жатақханадағы кезекшілікті ұстаздарға жүктеу дұрыс емес. Бұл өткен уақыттың әдісі және ол тиімсіз. Егер жатақханадағы студенттердің қауіпсіздігін ойласаңыздар, штаттан арнайы орын бөліп, бөлек қызметкер алыңыздар. Сөйтіп жұмысты жүйелі атқарыңыздар», деді Асхат Аймағамбетов министрлікте өткен аппарат кеңесінің жиынында.

Сондай-ақ, министр студенттердің өзін-өзі басқару қызметіне қатысты пікір білдірді.

«Кейбіреулер айтып жатыр, өзін-өзі басқарудың ЖОО-на қатысы қанша деп. Университеттің үздік білім беруі ғана емес оның жұмысының ілгерілеуіне студенттердің тікелей қатысы бар. Осы орайда олармен бірлесіп жұмыс істеп, студенттердің үніне құлақ асып, мүмкіндік беру керек. Өзін-өзі басқару студенттердің ұйымдастырушылық қабілетін арттырып, қоғамдық шараларға белсене араласуына септігін тигізеді.

Осыған орай еліміздің әр жоғары оқу орны бойынша студенттердің өзін-өзі басқару қызметіне талдау жүргізуді тапсырамын. Және жалпылама керек емес, әр университет пен колледждің жұмысына жеке-жеке талдау жасалсын», дейді ол.

Бұған дейін Асхат Аймағамбетов елімізде мектеп оқушыларының қауіпсіздігін қамту мәселесінің толық шешімін таппағанын алға тартты.