Қазақстанда автожолдардың жеті учаскесі ақылы болмақ. Жоба «Инфрақұрылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы» аясында жүзеге асырылмақ.
«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ-тың хабарлауынша, 7 жаңа ақылы учаскені пайдалануға енгізу туралы бұйрық жобаларына қол қойылған және Әділет министрлігінде тіркеліп жатыр. Олар: Нұр-Сұлтан – Павлодар, Шымкент – Өзбекстан шекарасы (Ташкентке), Щучинск – Көкшетау, Қапшағай – Талдықорған; Шымкент – Тараз, Тараз – Қайнар, Шымкент – Қызылорда. Аталған учаскелер ақы алу жүйесінің барлық қажетті жабдығымен жабдықталған.
«Бірінші техникалық санаттағы учаскелердегі ақылы жүйені 2021 жылғы 15 қарашадан бастап енгізу жоспарланып отыр. Бұл ретте осы учаскелер биыл 1 қазаннан бастап тестілік пайдалануға берілген болатын. Тестілік пайдалану нақты жағдайларда алгоритмдердің жұмысын, жөндеу бағдарламаларын және деректерді өңдеудің технологиялық процесін тексеру үшін оны коммерциялық пайдалануға беру алдында ақы алу жүйесінің инфрақұрылымын кешенді тексеруді қамтиды», делінген компания хабарламасында.
Жүйе бойынша учаскелерде шлаг-баумдар болмайды. Автомобильдердің өтуі арнайы камералар мен жабдықтардың көмегімен бақылау аркаларына бекітіледі. Ashaq жүйенің басты артықшылығы – жолдарда кептелістер мен кезектердің болмауына байланысты автомобильдердің жылдамдық режімін сақтау.
Осындай жолдармен жүруге ақы төлеу үшін автокөліктің мемлекеттік нөміріне шотты толтырудың 20-дан астам нұсқасы қарастырылған: QAJ mobile (мобильді қосымша), Kaspi.kz, Kiwi-әмиян, Forte Bank және тағы басқа. Сондай-ақ сигнал бақылау аркаларында оқылатын және жол жүру төлемі есебіне теңгерім есептен шығарылатын арнайы белгілерді (RFID белгілер) желімдеу көзделеді.
2013 жылдан бастап I санаттағы ақылы учаскелер бойынша жол жүру мөлшерлемелері өзгерген жоқ (Нұр-Cұлтан – Щучинск алғашқы ақылы учаскесі енгізілген сәттен бастап) және ол өзгеріссіз сол күйінде қалады деп хабарлайды компания. Сонымен қатар «ҚазжолҒЗИ» АҚ қолданыстағы тарифтерден едәуір төмен болатын II және III санаттағы жолдар үшін тарифті айқындау әдістемесін әзірлеген.