• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Аймақтар 03 Қараша, 2021

«Еңбек – бәрін жеңбек» - Қарағанды жастарының ұстанымы осындай

192 рет
көрсетілді

Кеншілер астанасында өткен «Төртінші онжылдықтағы Тәуелсіз Қазақстан» өңірлік жастар форумында еліміздің егемендік алған 30 жыл ішіндегі жетістіктері әңгімеге өзек болды. Сонымен қатар алқалы жиында жастар өздерінің мүмкіндіктерін жүзеге асырудың жолдарын да талқыға салды.

Форумға қонақ ретінде арнайы ша­қы­рылған Абай ауданындағы Қара­ғанды ауылдық округінің 26 жастағы әкімі Владислав Кирей қазір жастардың дамуы мен мансаптық өсуі үшін бар­лық мүмкіндіктердің бар екенін өзінің өмірін мысалға келтіре отырып, әсерлі әңгімелеп берді.

– Мен қарапайым отбасында туып өстім. Бала кезімнен қоғамдық іс-ша­ра­ларға белсенді қатысып жүр­дім. Қаз­тұтынуодағы Қарағанды экон­оми­калық университетін «Мемлекеттік және жер­гілікті басқару» біліктілігі бо­йын­­ша тәмамдаған соң, білім алуды магистратурада жалғастырдым. Мәскеуде оқу өтілімінен өттім. Абай ауданының жастар ресурстық орталығында жұмыс істедім, ол ұйымды басқардым. Міне, биыл Nur Otan партиясы атынан ауыл әкімдерінің сайлауына өз кандидатурамды ұсынып, жеңіп шықтым. Қазір әкім лауазымында қызмет етіп жүр­геніме үш ай болды, – деген ол елімізде талпынған жасқа еш кедергі жоқтығын баса айтты.

Ал «Болашақ» президенттік бағдар­ла­масының түлегі, PhD докторы Лаура Жолдасова өмірде белгілі бір мақсатқа жету үшін көп оқып, ерінбей еңбек етудің қажет екеніне жастардың назарын аударды.

– Мен Ұлыбританияның Бристоль университетінің түлегімін. Оны тәмам­дағаннан кейін М.Нәрікбаев атындағы ҚазГЗУ Жоғары құқық мектебінде декан­ның орынбасары болып еңбек еттім. Қазір Е.Бөкетов атындағы Қара­ғанды университетінде заң факуль­тетінің кафедрасын басқарамын. Сон­дық­тан мақсатқа жету үшін ең бірін­ші кезекте білімге, еңбекке сүйену керек­тігін айтқым келеді, – деп атап өтті ол.

Сонымен қатар форум қонағы – те­ле­­журналист және Тәуелсіздіктің құр­да­сы Жанбота Рахметоллаұлы ерін­бей еңбек ету мен талмай ізденудің қан­дай ты­ғырықтан болса да алып шыға­тын әле­уетті күш екенін айта келіп, жастарды алдыға мақсат қойып, соған жету жолында табандылық танытуға шақырды.

Сондай-ақ форумда сөз алған басқа да спикерлер таңдаған кәсібін қан­дай жолмен тапқандарын, мансап пен жеке дамуда белгілі бір биіктерге қалай жет­­кендерін айтып берді. Олардың әр­қайсысы өздерінің мысалында адам өмі­ріндегі сәттіліктің еңбекқорлық пен та­бандылықтың арқасында ғана мүмкін болатынын айтты.

Жоғары оқу орындарының студент­тері, еріктілер, кәсіпкерлер, жұмысшы жастар және тәуелсіздіктің құрдаста­ры қатысқан форумда Тәуелсіздігіміз­дің төртінші онжылдығына қадам басқан Қазақстанның бүгінге дейін қол жет­кізген табыстары туралы айтылды. Бо­ла­шаққа деген жоспар құрылды.

Жиын соңында Қарағанды облы­сының жастар саясаты мәселелері жөнін­дегі басқарма басшысы Біржан Әлім­жанов бастаған ұйымдастыру­шылар бизнес-идеялар байқауының жеңімпаз он студентін марапаттады. Көзге түсіп, назар аудартқан жобалардың қатарында тісті ағарту студиясы, шиналық сервис, инновациялық технологияларды пайдалана отырып, пицца шығаратын цех, аккумуляторлық батареяларды сымсыз зарядтауға арналған құрылғыларды, пластикалық бұйымдарды, ағаштан ұлттық стильдегі тұрмыстық заттарды шығаратын автоматтандырылған шағын цех сияқты озық идеялар болды.

 

Қарағанды облысы