Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев Қазақстанда төрт жаңа колония салуды жоспарлап отырғанын айтты, деп жазады Egemen.kz.
«Біз мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жаңа колониялар салу бойынша үлкен жоба дайындап жатырмыз. Үш жыл ішінде біз үш облыста бір жарым мың орындық жаңа типтегі төрт колония салуды жоспарлап отырмыз», деді министр Мәжілістегі журналистердің сұрақтарына жауап бере отырып.
Оның айтуынша, жаңа колонияларда жұртшылық пен халықаралық ұйымдар талап ететін барлық нормалар сақталатын болады.
Бұған дейін министр Қазақстанда 64 мекеме мен 16 тергеу изоляторында 34 мыңнан астам адам қамауда отырғанын, оның ішінде 30 мың сотталушыға үкім шығарылғанын, 4 мыңы қамауға алынып, тергеу жүріп жатқанын айтқан. Оның 93 пайызы ауыр және аса ауыр қылмыс жасаған, 45 пайызға жуығы бұрын қылмыстық жауапкершілікке тартылған.