• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қазақстан 03 Қараша, 2021

Алматыда De Montfort University ресми түрде ашылды

271 рет
көрсетілді

Жаңа жоғары оқу орны бизнес, экономика және құқық, АТ, креативті индустрия салаларында британдық дипломы бар мамандарды даярлайтын болады, деп хабарлайды Egemen.kz primeminister.kz-ке сілтеме жасап.

De Montfort University Kazakhstan-ның ресми ашылу салтанатына ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов, Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев, ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, ҚР білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова, Ұлыбританияның халықаралық сауда министрі Ранил Джаяварден, Ұлыбританияның Қазақстандағы елшісі Кэти Лич қатысты.

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Е. Тоғжанов құттықтау сөзінде De Montfort University Kazakhstan еліміздегі ғана емес, Орталық Азиядағы озық жоғары оқу орындарының бірі болатынына сенім білдірді.

«Университеттің негізгі артықшылықтарының бірі – түлектердің бәсекеге қабілеттілігі. Бас жоғары оқу орнын бітірген жастардың 97%-ы оқу бітіргеннен кейін жарты жыл ішінде жұмыс табады және IBM, Microsoft, BMW сияқты компанияларда жұмыс істейді», деді Е. Тоғжанов.

Премьер-Министр орынбасарының айтуынша, ЖОО жыл сайын жалпы қабылдау санының кемінде 7% көлемінде Қазақстан азаматтарына гранттар мен стипендиялар бөледі деген уағдаластыққа қол жеткізілген.

«Біз қазақстандық филиалдың түлектері Англиядағы кампус түлектері сияқты бәсекеге қабілетті болады деп үміттенеміз», деді Е. Тоғжанов.

Өз кезегінде Алматы әкімі Б. Сағынтаев Алматы қаласының креативті индустриялар саясатын жүзеге асыруда университеттің ерекше рөл атқаратынын атап өтті.

«Біз үшін бұл расында да өте маңызды. Қаланың одан әрі өсуі, еңбек өнімділігі, өмір сапасы мен бизнес мүмкіндіктері бойынша әлемнің 100 үздік қаласының қатарына ену жөніндегі мақсатымызға жету үшін бізге экономиканы әртараптандыру бойынша жұмысты жалғастыру қажет», деді қала әкімі.

Б. Сағынтаевтың айтуынша, осы мақсатта қала экономикасында құрылымдық маневр жүргізілуде. Бұл – жаңа экономикалық өсудің драйверлеріне айналатын цифрландыруды, туризмді және креативті индустрияларды дамыту.

ЖОО ректоры Дж. Паундер Алматы әкімі Б. Сағынтаевқа университеттің ашылуына қолдау көрсеткені және жағдай жасағаны үшін алғыс айтты. Бұл Қазақстанда оқуға лицензия алған және үздік білім беру стандарттарын енгізу үшін құрылған алғашқы шетелдік университет. Түлектерге Ұлыбританияның DMU Лестер Университеті дәрежесі берілетін болады.

Бакалавриатқа түскен алғашқы 145 студент қабылдаудан ойдағыдай өтті. «Бухгалтерлік есеп және қаржы», «Бизнес және маркетинг», «Экономика және халықаралық қатынастар», «Бизнес-құқық», «Қаржы және инвестициялар» бағыттары бойынша білім беру бағдарламалары қарастырылған. Бұдан басқа, оқыту бағдарламасында ақпаратты технология, креативті индустрия мамандықтары интеграцияланатын болады. Ал аталған бағыттарға Алматының 2050 жылға дейінгі даму стратегиясында ерекше көңіл бөлінеді.

«Дөңгелек үстел» барысында қазақстандық және британдық тараптар Қазақстанның креативті экономика секторын дамыту және ынтымақтастық мүмкіндіктерін талқылады.