• RUB:
    5.47
  • USD:
    473.29
  • EUR:
    512.81
Басты сайтқа өту
Аймақтар 03 Қараша, 2021

Сирек кездесетін дертке душар болған балалар тегін емделеді

414 рет
көрсетілді

Қостанай облысында Дюшен миодистрофиясы дертіне шалдыққан үш сәби тегін ем ала бастады. Балғындардың сауығып кетуіне қажетті қымбат дәрілер мемлекеттің қаржысына сатып алынып отыр. 

Дәрігерлердің айтуынша, Дюшен мио­дис­трофиясы – сирек кездесетін ге­не­­тикалық ауру. Тұқым қуалайтын қа­уіп­ті дерт балаға көбіне анасының қаны арқылы өтеді екен. Мұндай ауруға ұшы­раған сәбидің бұлшық еттері біртін­деп жансыздана береді.

Таяуда ғана облыстық денсаулық сақтау басқармасы Жұмағұл Дастан, Бақдәулет Қазыбай, Аспантай Әлімбай есімді науқас балалар үшін арнайы «Этеплирсен» дәрісінің 91 құтысын сатып алды. Басқарманың мәліметінше, үш балақайдың еміне жететін дәрі-дәрмекке 235,7 млн теңге кеткен. Ата-аналар сарылып күткен бағалы дәрі Қостанайға қарашаның ортасына таман жеткізілуі тиіс еді, алайда белгіленген мерзімнен едәуір ерте келді.

Мәселен, қымбат дәрінің бірінші флаконы Аспантайдың анасы Мақпал Нығметжанованың қолына қазанның 27-сі күні тиген. Дәрі келісімен үш бала ата-аналарымен бірге Нұр-Сұлтан қаласындағы Ана мен бала орталығына барып, алғашқы системасын алуға кірісті. Мөп-мөлдір қарашығындағы күлкінің орнын мұң басқан қаршадай баланың семіп бара жатқан өміріне тамыздық болатын тамыр тамшыларының қалғанын дәрігерлер Қостанайда тамызады. Ата-аналардың айтуынша, балақайлардың үшеуі де бірінші системаларын жеңіл еңсерген.

– Дәрігерлер дәрі бірден әсер етпейді дейді. Шипасы бірте-бірте біліне бастайды екен. Ең бастысы, дәрі қабылдағалы, балаларымыздың жағдайы жақсарып, көңіл күйі көтеріңкі. Бұлшық еттері де тез әлсіремейтін болды. Алайда бұл дәрі-дәрмектер үш-ақ айға жетеді. Мәслихат алдағы жылға да қаржы қа­растырып, қамқорлық танытады деп үміттенеміз, – деді М.Нығметжанова.

Облыстық денсаулық сақтау бас­қар­ма­сы, бұдан өзге арқа бұлшық еттері семіп бара жатқан тағы үш балаға 12 құты «Нусинерсен» дәрісін сатып алу үшін 506,9 млн теңге бөлінгенін мәлімдеді.

Арқа бұлшық еттері артрофиясымен ауыратын кішкентай Михаилдың әкесі Александр Горпенко баласының емі 22 қарашадан басталатынын айтты.

– Ұлымды емдеу үшін Нұр-Сұлтан қаласынан арнайы мамандар келеді. Емдеу шаралары Қостанайда өтеді. Дәрігерлерді тағатсыздана күтіп отырмыз, – деді А.Горпенко.

Сирек кездесетін дертке шалдыққан соңғы үш баланың біреуіне қажет дәрі-дәрмекті тауып беруді «Өмірге сен» қоры өз міндетіне алып отыр.