Сотталғандарды оқшау ұстағанмен, жалпы тіршіліктің тынысынан, қоғамнан біржолата аластап тастау қателік болар еді. Соттау – жасаған қылмысына сай жазасын өтеу және қоғамға қайта бейімдеу, тәрбиелеу деген сөз.
Осы орайда Маңғыстау облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесіне қарасты мекемелерде жазасын өтеушілердің өмірге деген құлшынысын арттыру мақсатында түрлі іс-шаралар, еңбекке тарту жұмыстары тұрақты жүргізіліп келеді.
Бұған Маңғыстау облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесіне қарасты ГМ-172/8 қауіпсіздігі барынша төмен мекемесінде жазасын өтеушілердің «Универсал Актау» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде жұмыс істеуі дәлел. Серіктестік 20 сотталғанды жұмыспен қамтып отыр.
– Жазасын өтеушілер пластик терезелер жасап уақтылы жалақыларын алып, мемлекет шығынына және жәбірленушіге келтірген шығындарына жалақыларының 50%-ын төлеп келеді. Жазасын өтеушілер мекеме аумағында ашылған «Универсал Актау» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі басшысына және ГМ-172/8 мекеме әкімшілігіне ризашылығын білдіреді. Жалпы мекемеде жазасын өтеушілерге тәлім-тәрбие беру, олардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған жұмыстар жан-жақты және тұрақты жүргізіліп келеді, дейді жасақ бастығы, әділет майоры Ербол Сәрсенбаев.
Ақтау – құрылыс жұмыстары қарқын алған қала. Сотталған азаматтардың шебер қолынан шыққан пластик терезелер Ақтаудың көрікті үйлеріне пайдаланылуда. Серіктестік үй құрылысын салушы компаниялармен өзара келісім жүргізіп, өз өнімдерін нарыққа шығарады. Жырақта жазасын өтеп жүрсе де ел дамуына қанатымен су сепкен қарылғаштай болып өз үлестерін қосқанына сотталушылар да риза.