Маңғыстау ауданының орталығы Шетпе ауылында түрік технологиясымен қызанақ өсіруге арналған жылыжай іске қосылды.
Ауданы 1 гектарды құрайтын жылыжай жылына 150-160 тонна көкөніс береді деп жоспарлануда. Инвестициялық жобаның құны – 400 млн теңге. Жылыжайды «ЭлектроСерис» ЖШС салып, қажетті қондырғыларды «Serasan» фирмасы орнатты. Жоба аясында жаңа жұмыс орындары ашылып, ауданның 20 тұрғыны тұрақты жұмысқа орналасты.
– 22 қыркүйекте Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстау облысына келген сапарында азық-түлік бағасының қымбаттауын тоқтату үшін ауыл шаруашылығы өнімдеріне қолжетімділікті қамтамасыз етуді тапсырған болатын. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес облыс әкімі бізге бірқатар міндет жүктеді. Алдағы уақытта жылыжайдағы өнім көлемін ұлғайту жоспарланып отыр. Осылайша, мамандар жылдың төрт мезгілінде облыс тұрғындарын толықтай қызанақпен қамтымақ, – деді аудан әкімі Тілек Көшмағамбетов.
Қызанақ өндіруге арналған жылыжай ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай аудан тұрғындарына берілген ерекше тарту болып отыр.