Ақтау қаласында ашылған мұнай-газ кенішіне арналған зауыт – еліміздегі диаметрі 530 мм дейінгі кіші болат құбырларын сыртқы және ішкі коррозияға қарсы қоспамен қаптап құбыр әзірлейтін алғашқы зауыт.
Кәсіпорын жылына мұнай және газ өнеркәсібіне қажетті 700 шақырымға жуық құбыр өндірмек. Мұнда соңғы үлгідегі технологиялардың көмегімен құбырларға ішкі және сыртқы қаптама жұмыстары жүргізіледі.
«Жаңа құбыр технологиялары» ЖШС директоры Мырзабай Оңдағанның айтуынша, инвестициялық жобаның құны – 5 млрд теңге. 200 жаңа жұмыс орны құрылып, жұмысшылар арнайы даярлықтан өткен.
Зауыттың ашылу салтанатында өңір басшысы Нұрлан Ноғаев мұндай зауыттардың ашылуы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін беретінін атап өтті.
– Елбасы бағдарламалық құжаттарда жергілікті қамтуды дамытудың қажеттілігін бірнеше рет көрсетті. Ел Президенті де бізге осындай міндет қойып отыр. Біз өңірдің мұнай-газ саласындағы жергілікті қамтудың үлесін ұлғайту үшін бар күш-жігерімізді жұмсаймыз, – деді облыс әкімі.
Отандық өнім мен отандық өдіріске қолдау көрсету маңызды мәселе десек, Ақтауда ашылған зауыт үшін қуануға болады.