Тау-кен металлургия өнеркәсібі мен құрылыс, химия саласында жұмыс істеп тұрған 18 кәсіпорын елдегі ең 50 ірі ластаушы кәсіпорын тізімінде. ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі Қайырбек Өскенбаев Үкімет отырысында осы компаниялардың экологиялық міндеттемелерді қалай орындап жатқаны туралы мәлімет берді, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Ластаушы заттардың едәуір бөлігі өнеркәсіпке, атап айтқанда, тау-кен металлургия кешені секторына тиесілі. Министрлік 122 ірі және орта кәсіпорынмен бірлесіп атмосфераға тасталатын экологиялық шығарынды көлемін азайту бойынша шаралар қабылдауда.
Атап айтқанда, тау-кен металлургия өнеркәсібінің, құрылыс және химия саласының жұмыс істеп тұрған 18 кәсіпорны елдің бірінші санаттағы 50 ірі ластаушылар тізіміне кіреді. Осы кәсіпорындармен нақты индикаторларды қамтитын шығарындыларды азайту туралы тиісті меморандумдарға қол қойылды және іске асырыла бастады», деген вице-министр өндіріс алпауыттарының әрқайсысына жекелей тоқталды.
«Казцинк» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде күкiрт қышқылы зауытында газ-ауа қоспасын залалсыздандыру және сүзгі жүйесі жабдықтарын жаңарту арқылы шығарындылар көлемі 53,3 тоннаға төмендетілді. «Алюминий Қазақстан» кәсіпорны шығарындыларды азайту стратегиясы қабылданып, эмиссияларды 10 мың тоннаға төмендету үшін 34 млрд теңге инвестициялау жоспарлауда», деді Қайырбек Өскенбаев.
Вице-министр «АрселорМиттал Теміртау» кәсіпорнының да экологияны жақсартуға бағытталған жоспары бар екенін атады.
«Мұнда мазут, сұйытылған газ бен қатты отынды табиғи газға ауыстыру, шаң тазалау жабдықтары мен тазартатын құрылыстарды жаңарту, сондай-ақ электр сүзгілерін салу жұмыстары басталды. Жалпы «АрселорМиттал Теміртау» алдағы 10 жылда экологиялық ахуалды жақсарту шараларына 830 млн доллардан астам қаржы инвестициялауды жоспарлап отыр», деді ведомство өкілі.